Спорттық нысандар тек кәсіби спортшылардың жарысы мен жаттығуы өтетін орын ғана емес, сонымен қатар балалар спортпен шұғылданатын мекеме болуы тиіс. Мұндай мекемелер Нұр-Сұлтан қаласында көбейетін болады.
«Спорт нысандарын балалар мен жастар үшін қолжетімді етіп жатырмыз. Бұл жаттығу сапасына, дамуға серпін береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спорт, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін дамытуға басымдық берілмек. Спорттық инфрақұрылымды кәсіби клубтарға емес, бұқаралық спорт түрлеріне баса назар аудара отырып дамытамыз», – дейді қала әкімі Алтай Көлгінов. Бұған мысал ретінде әкім 2020 жылы ашылған жеңіл атлетика спорт кешенін де айтып өтті. Онда жеңіл атлетиканың 7 түрінен тек кәсіби спортшылар ғана айналыса алатын. «Енді қала тұрғындарын көбірек қамту үшін қыркүйек айынан бастап балалар да бара алады. Ол үшін жеңіл атлетикадан Nur-Sultan спорт клубы құрылды. Ол жаттықтырушыларды жалдауға және олардың еңбегіне жалақы төлеуге, сондай-ақ спортпен айналысатын балалар санын арттыруға мүмкіндік береді. Клубтың ерекшелігі – жеңіл атлетикамен ниет білдірген өзге оқушылар да айналыса алады. Яғни, бұған дейін БЖСМ-де болудың қажеті жоқ, дайындықсыз келіп те жаттыға аласыз. Ол үшін қалалық федерацияға жүгіну немесе №9 БЖСМ арқылы тіркелу қажет», – деді Алтай Көлгінов. Сонымен қатар қала басшысы балалар мен жасөспірімдер спортының өзге де түрлеріне қолдау көрсетілетінін атап өтті. Қазір қалада 8 мыңнан астам баланы қамтитын 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Әкімнің айтуынша, қосымша қаржыландыру есебінен балалар саны 50%-дан астам ұлғайтылады. Сондай-ақ аула клубтарының саны көбейеді. Бірінші кезеңде олардың санын 30-дан 50-ге дейін артады. Бұл түрлі спорт түрімен айналысатын балалар санын екі есе көп қамтуға мүмкіндік береді. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында соңғы екі жылда 400 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) салынды, төрт елді мекенде денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын жүргізіп жатырмыз, сондай-ақ үстел теннисі орталығын салып жатырмыз. Бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеміз», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.Ж.НҰРЛАН