Кіші Талдыкөлдің тағдырына кім жауапты?
Кіші Талдыкөлдің тағдырына кім жауапты?
587
оқылды

Белсенділердің Кіші Талдыкөл мәселесі бойынша әкімдікпен күресіп жүргеніне 2 жылға жуық уақыт болды. Қазір бұған ел іші ғана емес, әлем назарын аударып отыр. Экологтер де осы мүмкіндікті пайдаланып, істің соңына дейін жетуге дайын. «Билік базынамызға на­зар аудармаса, халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінеміз» деп сақадай-сай жүргендері тағы бар. Ал жергілікті әкімдік неге белсенділермен «мысық-тышқан» ойынын ойнап жүр?

Картада көл бар ма, жоқ па?

Иә, экологтер мен белсенділер Кіші Талдыкөлге көмек акциясын 2020 жылдың ортасынан баста­ған. Бұған  «елорда әкімдігі Кіші Тал­дыкөлді құрғатайын деп жа­тыр» деген ақпараты себеп бол­ған.  Табиғат жанашырлары топ­та­сып, қарсылық акциялары бас­талған соң атқарушы орган по­зициясын өзгертіп шыға кел­ген. Осылайша, өткен жылдың жел­тоқсанында көлдің терри­то­рия­сын ұлғайту туралы шешім қа­былдаған. Сөйтіп, «көл орнына үй салу» ісі көзден бұлбұл ұшқан. Бел­сенділер енді жағдай қалыпқа түсті ме дегенде оларды бұдан да со­рақы факті күтіп тұрған екен. Әлем болып Кіші Талдыкөлдің ке­ле­шегіне алаңдап жатқанда көл­дің жер категориясын ауыс­ты­рып жіберген. Яғни, заң жүзін­де ол жерде Кіші Талдыкөл аты­мен жоқ.  Осыдан кейін экобел­сен­ділер Кіші Талдыкөл мәселесін трендке шығармаса, жабулы қа­зан жабулы күйінде қалатынын жете түсінген. Жалпы, Кіші Талдыкөлде құс­тың 28 түрі мекендеп, жыл құс­та­ры­ның 200-ге жуық түрі қона­ды. Одан бөлек, 90 шақты өсімдік түрі өседі. Сондықтан көлге жа­сал­ған қандай да бір құрылыс флора мен фаунаға залалын ти­гі­зеді. «Онсыз да олар көлді бөлік­тер­ге бөліп, жағдайды қиындатып отыр», – дейді белсенділер. Эколог Лаура Мәліктің айтуынша, Кіші Талдыкөл көліне кезінде жаңбыр суынан жиналатын суды тазартып төгетін болған. Содан кейін жеке тұрғын үйі бар кей адамдар заңсыз түрде құбырға әжет­хана мен ваннадан шығатын суды төгетін құрылғыны жалғаған. Содан жаңбыр суы мен лас су көлге құйылатын­дықтан, сол жерден жағымсыз иіс шыққан. Халықтың шағымынан кейін жергілікті атқаушы ор­ган өкілдері тексеру жүргізіп, заңсыз қо­сы­луларды анықтап, мәселені шешкен екен. Кейіннен әкімдік жаңбыр суын да тө­гуді доғарған. Нәтижесінде, Кіші Талды­көл­дің көлемі азайып жатыр. Бірақ бұл әкім­­дік алға тартқандай «Кіші Талдыкөл – жасанды көл» дегенді білдірмесе керек-ті. Өйткені белсенділер атал­ған көл бейнеленген 1913 жылғы картаны тапқан. Әрі әкімдіктің көл туралы мәлім­демесін Экология министрлігі жоққа шығарған.
«Сығанақ көшесі жағынан қарасаңыз, судың тартылып бара жатқаны көрінеді. Ал Е-22 көшесінен қарасаңыз, су ернеуінен асайын деп тұр. Яғни, олар экожүйені ескермей, жол салу арқылы көлді бөлік­терге бөліп тастаған. Нәтижесінде, Ұлы дала көшесін су шайып кетейін деп тұр. Сондықтан бұл тұрғындардың қауіпсіз­дігіне де қатер төндіреді. Сол үшін Кіші Талдыкөл көлін бұрынғы бүтін қалпына қайта келтіру керек. Қаланы жоспарлайтын орган мен шенеуніктер шешім қа­был­дарда бәрін саралап, байқап шешім қа­былдағаны жөн. Арғы бөліктегі су тасиын деп тұрған соң ерте ме, кеш пе екінші бө­лігіне су жібереді. Бұл көл маңындағы үй­лерге қауіпті болуы мүмкін. Екіншіден, бізде жерасты сулары жайлы зерттеулер жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан зерттемей жатып құрылыс жұмыстарын жүргізу дұрыс емес. Келешекте үйлердің астынан шу шықса, таңдан­баңыз. Мұны құрылысшылар да айтып отыр. Өйткені массаның сақталу заңына қарсы қау­қарымыз жоқ», – дейді эколог.

Әкімдік неге қашып жүр?

Байқағаныңыздай, желіде #SosTaldykol хэштегімен мәліметтер жиі жарияланады. Халық арасында дүмпу бар. Эколог Лаура Мәліктің айтуынша, әкімдік тарапы хат-хабар алмасуға аса құлықсыз. Осыған дейін олар бір рет кездесіп, сұрақтарына БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі арқылы жауап алған. Жақында ғана жергілікті орган «сулы-батпақты алқап құрғатылмайды, оның айналасы абаттандырылады, су тазаланады» деп ақпарат таратқанымен, архитекторлар мұның дұрыс емесін айтады.
«Әкімдік жағдайды барынша түсін­діретін мамандардың дауысын естімейді. Бір сөзбен айтқанда, қала шеңберіндегі экожүйелер – ең басты ресурс. Бұл туралы БҰҰ-ның ұсынысы бар. Бірақ әкімдік ешқандай ұсынысты назарға алмай, өз еркімен (мамандарды тартпай) сауатсыз шешім қабылдап отыр. Өкініштісі, бұл экология мен экономикаға залалын тигізеді. Мысалы, ЛРТ жобасы (тағы да сауатты мамандарды тартқан жоқ) шығынға ұшырағанындай, келешекте Кіші Талды­көл ісі одан да көп шығынға батыруы мүмкін. Қазір олар үлкен көл телімін көміп тас­таған. Ал абаттандыру мен суды тазалау ісіне келсек, миығыңнан күлмеске шараң жоқ. Өйткені олар ескірген тәжірибеге сүйеніп отыр. Заманауи ландшафты архитектурасы 100 жылға алға кетіп қалды», – дейді архитектор Аманжол Баймұханбетов.
Бұдан бөлек, архитектор-зерттеуші Теміртас Ысқақов та елордада жасанды ботаникалық бақ пен демалыс орындары барын, оны ұстауға жылына миллиондаған қаржы кететінін айтады. Оның пікірінше, жауапты органдар барды бағалаудың орнына жоқтан бар жасаймыз деп шығынның астында қалуды көздейтін сияқты. [caption id="attachment_161022" align="aligncenter" width="1197"]Талдыкөл © фото: Радмир Фахрутдинов[/caption] Ал жоғарыда жазылған Жер кодексіне келсек, әкімдік кодекстің 136-1-бабына («Су қорының жерін пайдалану тәртібі») сәйкес, Талдыкөлді су қорынан алып тастап, елді мекен қатарына кіргізген. Демек, құжат жүзінде ол жерде көл жоқ, есесіне елорданың жері бар.
«Сондықтан болашақта көл маңынан ғана емес, түгелдей құрылыс жұмыстарын жүргізіп тастауы мүмкін. Осы тұста Су ре­сурстары комитеті жергілікті атқарушы органның жер категориясын ауыстыру туралы шешіміне қарсы шығып, оны қайтадан су қорына қайтаруы керек. Яғни, Экология министрлігінің әрекет етуін күтеміз. Аталған бап – табиғатқа қарсы бап. Егер су объектілерінің жері тартылып, табиғи процестер мен тағы басқа процесс нәти­жесінде тартылатын болса, аталған жердің категориясын басқа категорияға әкімдіктер ауыстыра алады. Сол бапқа сүйеніп, бұлар жер категориясын өзгертіп отыр. Ал біз қор­шаған ортада болатын өзгерістерді ескерсек, 5-10 жыл жүруі мүмкін. 2-3 жыл су тапшылығы болып, қуаңшылық болса, кейінгі жылдары жауын-шашын көп болып, топан су шаюы мүмкін. Сол үшін 2-3 жыл болған қуаң­шылық пен судың тартылуына қарап жер категориясын ауыстыра беретін болса, біз өзен-көлсіз қаламыз. Сон­дықтан бапқа заңнамалық түрде өзгеріс енгізу керек»,– дейді экобелсенді Лаура Мәлік.

Қауқарсыз министрліктен қайыр бар ма?

Осы істің басы-қасында жүргендер жағдайдың ушыққанына экс-министр Мырзағалиевті кінәлап отыр. Себебі министрлік әкімдіктің дегеніне «көніп» жүр. Ол Twitter-де қарастырамыз дегеннен ары аса алмаған екен. Жоғарыдағы Жер кодексіне қарсы іске келгенде де, атқарушы орган мұндай шешімге қатысты міндетті түрде Экология министрлігінің, экология­лық қауымдастықтың пікірін сұрауы керек-ті. Оның үстіне, белсенділердің айтуынша, кейбір әкімдер экология сала­сын­дағы мемлекеттік органдардың қай­сысы қандай құзыретке ие екенін де білмейді. Сондықтан олардың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлерді оқытатын академия тарапынан да белсенді іс-шаралар керек. Мемлекет пен министрлік жағдайдың тереңіне бойламаса, белсенділер халық­аралық ұйымдарға хат жолдайды. Олардың айтуынша, билік өкілдері 4 халықаралық келісімге қарсы әрекет жасап отыр. Яғни, халықаралық келісімдер бойынша Қа­зақстанның су объектілерін сақтауға, құс­тар мекендейтін орынды сақтауға міндеттемелері бар. Мәселен, егер жауаптылар кіші Талдыкөлді құрғату ісін жалғастырса, Рамсар конвенциясын, климат бойынша Париж келісімін, Орхусс пен БҰҰ келісімін бұзады. Сондықтан Экология министрлігі, соның ішінде Су ресурстары комитеті қалғып отыра беретін болса, белсенділер басқаша әрекетке көшуге дайын.
Бұл жағдайға қала тұрғындары да алаңдаулы. 12 қыркүйек күні белсенділер мен елорда халқын қосқанда 500 адам қарсылық акциясын ұйымдастырды. Өткен аптада Кіші Талдыкөлге фламинго келіп қонған. Мұны белсенділер таби­ғаттың қарсылығына балап отыр. Тұрғын­дардың айтуынша, КамАЗ-бен топырақ тасып, айдынның бір шетін жайлап құрғатып жатыр. Мәселен, олар Мәскеуде қала ішінде осыған ұқсас көлдерді сақтап, жағалауын абаттандырып, көз тартар демалыс орындарын жасап қойғанын айтады. «Талдыкөлдің сасық иісі сол жағалау тұрғындарының мазасын алды» деп сылтауратып көміп жатыр. «Хан Шатырдың» артқы жағындағы қаншама көл жойылып, орнына көпқабатты үй салынды. «Кезінде сол жерде үйрек ататын едік» десем, ешкім сенбейді», – дейді елорда тұрғыны Нұржан Нұрханұлы.
Мәселе қалай өрбісе де, белсенділер күресті тоқтатпақ емес. Оның үстіне, әлеуметтік желі арқылы петицияға қол жинап жатыр. Олардың айтуынша, 10 мың қол жинауға сәл-ақ қалған. «Белгілі межеге жеткен кезде Президент назар аударар» деген болмашы үміт тағы бар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ