Жуырда отбасы күнін атап өттік. Әйтсе де, осы құндылықтың маңызына толық үңілмегеніміз анық. Осы күні үйленіп, үй бола алмаған жұптардың қарасы көбейіп кетті. Бұл еліміздегі отбасы құндылықтарының әбден құлдырағанын аңғартқандай. Шыны сол, қазір ажырасқандар жайлы жиі еститін болдық. Ал оның себебі не? Біреу тұрмыстық жағдайды, келесісі отбасылық зорлық-зомбылықтың үдегенін алға тартады. Ажырасу жөнінен әлемде алдыңғы ондықтамыз. Бұған қарап, үйлену де, ажырасу да оңай болып кетті ме дерсіз.
«Үй бола алмағандар» әлегі
Отбасы институтын зерттеу орталығының деректеріне көз жүгіртсек, 2020 жылы, яғни былтыр Қазақстанда 128,8 мың неке қиылыпты. 48 мыңнан астам отбасы ажырасқан. Ал 2019 жылы 139 мыңнан астам неке қиылып, 60 мыңға жуық жұп бөлек кеткен екен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сәл азайған. Дегенмен жағдай еш оңалмағаны көрініп тұр. Биыл да жағдай мәз емес. Жыл басталмай-ақ жатып, бұрынғы «әдет» жалғасын тауыпты. Мәселен, алғашқы 3 айда 32 мыңнан аса жұп некеге тұрып, соның 4 600-ге жуығы ажырасып кеткен. Көрші елдермен салыстырғанда да біздегі ахуал күрделі. Өзбекстанда 2020 жылы 296 мыңнан астам неке тіркеліп, ажырасқандар 28 мыңның айналасында шектеліпті. Ал Ресейде 770 мың жұп қосылып, 564 мыңнан астамы ажырасып тынған. БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының қолдауымен (ЮНФПА) жүргізілген зерттеу қорытындысына сүйенсек, 2000-2018 жылдар аралығында Қазақстанда ажырасқандар саны орта есеппен екі есе көбейген. Елдің барлық өңірінде, тіпті қазақы тәрбиенің қаймағы бұзылмаған ауылдардың өзінде шайқалған шаңырақтар саны арта түскен. Мәселен, неке бұзу деректерінің саны Шығыс Қазақстан облысында 1,3 есе, Алматы облысында 2,8 есе көбейіпті. «Егер 2000 жылы елдегі ажырасулар саны барлық неке санының 30 пайызы болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін көтерілді. Егер мұндай динамика сақталса, алдағы уақытта әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады», – делінген зерттеуде. Бірақ қазір әрбір үшінші некенің бұзылып жатқанын байқап отырмыз. Яғни, болжам дөп келген.Себеп көп, шешім жоқ
Әуелі бір әңгімені тиек етсек. Дәстүрлі қазақ отбасында ажырасу деген мүлдем болмағанға ұқсайды. Этнографтардың сөзінше, бұл үрдістің бұзылуына түрлі тарихи оқиғалармен қатар әлеуметтік жағдай әсер еткен. Ата-ана мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінсін деген мақсатпен баласының құлағына «Он үште – отау иесі» деген сөзді құйып өсірген қазақ ұлын ерте үйлендірген. Алайда қалыңмал беріп, қыз айттыру дәстүрі 1925 жылы «Қалыңмал алуды жою туралы» декреттен соң сирей бастапты. Бұл үрдістің бұзылуына өткен ғасырдың 20-жылдарындағы ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін мен соғыстың ықпалы зор болғанға ұқсайды. Мысалы, 1950 жылдары әрбір жүзінші отбасы ажырасса, 1980 жылдары әрбір төртінші, 1990 жылдары әрбір үшінші отбасында ерлі-зайыптылардың жолдары екі айырылатын болған. 2000 жылдары тіркелген 90 873 некенің 27 391-і бұзылған. Ал он бір жыл араға салып қарасақ, 2011 жылы үйленген 160 517 жұптың 44 928-і ажырасқан. Бұл, әсіресе Қарағанды, Павлодар мен солтүстікте, шығыс және орталық аймақтарда қатты белең алған. «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасына сәйкес, қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнама барысында респонденттердің 43,2 пайызы ажырасудың негізгі себебі отбасылық зорлық-зомбылық екенін айтқан. Бұл себептің негізі бар. Пандемияға байланысты жарияланған карантин бүкіл әлемде, оның ішінде қазақ қоғамында да зорлық-зомбылықтың өршуіне әкеліп соқты. Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың алғашқы 8 айында елімізде 130 мыңнан аса отбасындағы зорлық-зомбылық фактісі тіркеліпті. 2019 жылы қазақстандық 2 480 қыз-келіншек зорлыққа ұшыраған, 742 нәзік жанды өзіне қол жұмсаған. Ал екінші себеп ретінде жұбайлардың бірінің ішімдікке немесе нашақорлыққа салынуы айтылған. Ел тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 39,7 пайызы осы фактор некенің бұзылуына әкеліп соғатынын жеткізген. Сауалнамаға қатысқандардың 35,9 пайызы отбасының ойрандалуына ерінің немесе әйелінің опасыздығы себеп болады десе, 19,3 пайызы құмар ойынға әуестік көп шаңырақты шаттықтан айырды деп есептейді. Респонденттердің келесі 12,1 пайызы ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауын еліміздегі ажырасулардың негізгі себебі деп біледі екен. Бұл да негізсіз пікір емес. Осыған дейін Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, академик Вячеслав Локшиннің айтуынша, еліміздегі әрбір оныншы некенің бұзылуына бедеулік себеп болған. Маман Қазақстанда бедеуліктің жиілігі шамамен 15 пайыз екенін айтыпты. Бір қызығы, дегенмен «жалған» деуге келмейтін жайт бар. Психолог Ержан Мырзабай ажырасуға көбіне ерлердің жауапсыздығы себеп екенін баяндады. – Бұрын отбасындағы қандай да бір ыңғайсыздық, ұнатпайтын жағдай, жағымсыз ситуацияда әйелдің айтуға батылы жетпейтін. Ал қазір әйел жұмыс істеп жатыр, тәуелсіз болды. Отбасындағы жағымсыз жағдайларға өз пікірін білдіре бастады. Бұны патриархалды, универсалды құндылықтарды қабылдамайтын санадағы ер кісілер бұдан конфликт туындатып, зорлық-зомбылыққа барып, ажырасуға итермелеп жатыр десек болады. Статистикаға қарап отырып, отбасы институтының құлдырау үстінде екенін көреміз. Және 27-30 жас шағында жалғыз өмір сүріп қалған адамдардың біреумен өмір сүруі қиын болып кетеді, – дейді маман. Ал мәселені қалай шешеміз? Әзірге нақты нәтиже береді дейтін амал байқамадық. Көбіне әр адамның өз ішкі шешіміне қалдырармыз. Әйтеуір Отбасы институтын зерттеу орталығы биыл «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ұлттық баяндаманы дайындаумен айналысып жатқанын хабарлады. Орталық қазір отбасыдағы әке рөлін арттыру үдерісі байқалғанын жеткізді. Бұл сияқты көптеген зерттеу жүргізілген. «Ажырасулар және олардың салдары», «Ата-ана болу модельдері және ата-ана әлеуеті», «Ауыл отбасының әлеуметтік портреті» жобалары бар. Осы зерттеу қорытындылары арқылы мәселемен күресу жағы солқылдап түрған тәрізді. Жалпы, мемлекеттің іргетасы отбасы десек, оның керегесі кең, босағасы берік болуы жұптардың күш-жігерінен бастап, мемлекеттік деңгейдегі қамқорлық пен қолдауға дейінгі аралықтағы түрлі факторлардың ықпалына тәуелді екені сөзсіз. Қазір тұрақсыздыққа материалдық жағдай себеп болып тұр. Бұл тізімді толықтыра беруге болар. Бірақ одан ажырасу деңгейі азайып кете қояр ма?Мадияр ТӨЛЕУ