30 жыл көп мерзім бе, аз мерзім бе? Тарих үшін, әрине қас қағым сәт. Ал елдің дамуы тұрғысынан алғанда, бұл ұзақ уақыт. Осы жылдарда еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай, қарыштай даму кезеңінен өтті. Тіпті, еліміз трансплантология ғылымында үздік аталып қана қоймай, өз бетінше вакцина ойлап таба алатын дәрежеге жетті. Осы ретте медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жақсылық Досқалиевпен сұхбаттасқан едік.
– Жақсылық Ақмырзаұлы, еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің медицина саласы көп ілгеріледі. Ендеше осы ретте қандай бағыттарды баса атап өтіп, қандай баға берер едіңіз? Тәуелсіздік және медицина дегенде есіңізге ең бірінші не түседі? – Біз тәуелсіздік алғанда елдің жағдайы нашар болды. Мен басқа салаларды айтпай-ақ қояйын, өзім ұзақ жылдар еңбек еткен медицина саласында 91-жылдары адамды емдейтін жағдай болмады. Дәрі жетіспейтін, көптеген құрал-жабдықтар жоқ еді, ең азы хирургтердің тігетін жібіне дейін болмады. Қаржыландыру өз алдына, болған жоқ. Енді біз осы жағдайлардан қалай шықтық? Өзіңізге мәлім, Елбасының «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» деген бағдарламасы болды. Ол 1997 жылы қабылданды. Міне, біздің экономиканың, соның ішінде медицина саласының дамығаны осы стратегиямен тікелей байланысты. Егерде бүгінде сол стратегияны алып оқып, жасалған шаруаларды қарасаңыз, онда осы уақытқа дейінгі көрсетілген жоспарлардың барлығы да орындалғанын көрер едіңіз. Ол стратегия болмағанда, бүгінгідей дамуымыз екіталай шығар деп ойлаймын. Стратегияны қабылдағанда, әрине ол кезде қаражат жоқ, жағдай қиын, экономика дағдарыста, соны біреулер түсінді, біреулер түсінбеді, ал енді біреулер оған тіптен сенбеді. Бірақ уақыт өте келе Стратегияда жазылған құжаттар, жоспарлар, барлығы да іске асты. Қаражат та сол құжатқа сәйкес жұмсалды. Тіпті, ел астанасының осында көшіп келуі, оның одан ары қарай дамуы, тіпті басқа облыстарға локомотив болуы осы Стратегияның арқасы, оны жасап шығарған, жүзеге асуын ұйымдастырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы деп білемін. Осы «Қазақстан – 2030» Стратегия аясында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Медицина саласында осы 30 жылда бес жылдық алты бағдарлама қабылданды. Ең бірінші 1997 жылы «Халық денсаулығы» деген бес жылға арналған бағдарлама болды. Соның ішінде ең бірінші мақсат медицина саласын бір жүйеге түсіру еді. Одан кейінгі тағы да бес жылға арналған бағдарлама қабылданды. Оның мақсаты ары қарай дамыту, реформалау болды. Үшінші қабылданған бағдарлама «Саламатты Қазақстан» деп аталды. Мінеки, мемлекет уақытылы қабылдаған 6 бағдарламаның арқасында, біз осындай жетістікке жеттік. – Бір сұхбатыңызда: «Қазақстанда 2012 жылдан бастап трансплантация саласы өте жақсы дамып келе жатыр. Атап кетсек, елімізде 7 орталықта трансплантация жасалады. Қуантарлық жағдай, соңғы 2-3 жылдың ішінде кішкентай балалардың ағзасын ауыстыруға қазақстандық дәрігерлердің қолы жетті» деген екенсіз. Ендеше бүгінде трансплантология саласының жетістіктері қандай? – Біздің әлі дамып келе жатқан ел ретінде кейбір нәрселерде дамыған елмен тереземіз тең. Мәселен, кардиохирургия бізде өте жақсы дамыған. Шетелдің жетекші институттарының өзі бізбен санасады. Қазақстанда кардиохирургиялық күрделі операциядан бастап жүректі ауыстыруға дейін жағдай жасалған. Елімізде жүрек трансплантациясы жасалатынын мақтанышпен айту керек. Одан соң жұқпалы ауруларды жеңу жағынан үлкен жетістікке жеттік. Соның ішінде туберкулез – өте қауіпті инфекциялық ауру. Біз оны емдеудің ең тиімді әдістемесін қалыптастыра алдық. Келесі айта кететін нәрсе, инсульттерді, кейбір қатерлі ісіктерді емдеу жағынан біз кейбір дамыған елдермен бірдей қызмет атқарып жатырмыз. Енді ағза ауыстыру, яғни трансплантация мәселесіне келер болсақ, мысалы биыл Қазақстанда жүрек ауыстырып, салынды. Одан бөлек, өкпені ауыстырамыз, бауырды ауыстырамыз, бүйректі ауыстырамыз. Бұл – үлкен біліктілікті, қажыр-қайратты, білімді, шеберлікті қажет ететін операциялар. Одан бөлек, буындардың трансплантациясын жасаймыз. Буынды алып тастап орнына металл буын немесе жасанды буын салатын қабілетіміз бар. Ол былай тұрсын, жасуша өсіруде Қазақстан қазіргі дамыған Америкамен теңбе-тең тұр. Соның ішінде біз жасушаны адамның аборттық материалынан алып жасап жатырмыз. Соның арқасында бүгінде 20 000-нан астам адамның дертінің емі табылды. Соның ішінде қант диабеті, бауыр циррозы, бүйрек қабынған кезде, буындар, сосын жүйке жүйесінің жасушалары. Мінеки, Қазақстанда осындай алты түрлі жасуша бойынша орган өзінің функциясын жоғалтқанда, соны қалпына келтіретін жағдай бар. Бұл – 30 жылда жасалған үлкен жетістік. – Әрине, бұл – үлкен жетістік. Қазақстандағы медицина саласының, соның ішінде хирургия саласының болашағынан не күтесіз? Халықаралық қауымдастық алдында Қазақстанның медицина саласындағы беделі қаншалықты жоғары болады деп ойлайсыз? – Тәуелсіздікті бізге өмірдің берген үлкен байлығы деуге болады. Біз осы тәуелсіздігімізге, бүгінгі әл-ауқатымызға шүкіршілік ете білуіміз керек. Қазір қараңызшы, осы астанада болсын, әлде басқа облыстарда болсын адамдардың мініп жүрген көліктері шетінен соңғы модельдегі су жаңа көліктер. Әлемдік брендті маркалардың неше түрі бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын маған жапондық хирургтер тәжірибе алмасуға келді, бірге операция жасадық. Сонда олар менен «Мына көшеде неге бір көлікте бір адам кетіп бара жатыр?» деп сұрайды. Мен бастапқыда түсінбей қалдым. Сосын «кейбіреулері балаларын балабақшаға апарады, кейбіреулері мектепке апарады, кейбіреулері жұмысқа барады» деп түсіндірдім. Сөйтсем, оларда үнемге қатты қарайды екен. Көп шығынға батпау үшін бір көлікке бір адам отырмайды. Содан менің жиенім сол жақта трансплантолог болып қызмет атқарады. Сонда әлгі делегация Жапонияға барғанда барлығын жинап алып: «Қазақстанда бізден шығатын көліктің барлық маркасы мен модулі бар. Олар оны велосипед сияқты айдап жүр» деп таңғалып айтыпты. Оны жиенім айтып келді. Ол қазір де сол жақта қызмет етіп жүр. Ендеше, қараңызшы Жапония қайда, Қазақстан қайда? Бұл біздің сонда дамығанымыз ба, дамымағанымыз ба? Әрине, Қазақстанның медицина саласында халықаралық қауымдастық алдында беделі жоғары. Еліміз үшін хирургия саласының болашағы зор. Бізге одан әрі даму керек. Елбасымыз, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев векторды көрсетті. «Жігіттер, біз дамыған елдердің қатарына ұмтылуымыз керек!» деп міндет қойды. Менің осы ретте тағы да айта кететін нәрсем, ең қиын жағдайда, тәуелсіздікті жаңа алған кезде Елбасы үлкен бағдарлама жасады. Оның аты – «Болашақ» бағдарламасы. Жыл сайын тіпті қаражат жоқ, жағдай қиын кездің өзінде жыл сайын 350 бала шетелде оқытылды. Сол балалардың көбісі қазір келіп қызмет атқарып жатыр. Соның ішінде менің де балам бар. Осында бір орталықта қызмет атқарады. Ол адамның миына операцияны оны ұйықтатпай, сөйлетіп отырып жасайды. Жапонияда оқып келді – 6 жыл. Тағы бір мысал, бір баланы жапондықтар өздері шақырып алды. Трансплантологиялық операциялар жасату үшін. Тарихта сонау Жапониядан аттай қалап, қазақ баласын қызметке шақыртып, өздері барлық шығынын көтеріп, алдыруы өте сирек кездесетін оқиға. Негізінен Америкадан, Израильден, Еуропадан шақырады. Бұл демек біздің қызмет атқару қабілетіміз, былай айтқанда интеллектуалды потенциалымыз зор екенін білдіреді. Мінеки, биыл 4 жыл болды, контракт бойынша сол жақта жапондықтардың бауырын ауыстырып жүр. Осыдан кейін-ақ өзіңіз түсіне беріңіз. – Әлемді шарпыған пандемияны Қазақстан қалай еңсере алды деп ойлайсыз? Бұл да біздің медицина саласы үшін үлкен сынақ болды ғой. – Ия, коронавирус елді қатты қинап кетті. Сонда байқағаным, бізге ауызбірлік жетіспей қалып жатқан сияқты. Өйткені Президент, Үкімет қолынан келгенше күндіз-түні жатпай қызмет етіп, алдын алу және салдарын жою жұмыстарын атқарып жатыр. Жедел түрде қаншама емхана салынды. Жедел түрде дәрі-дәрмектер алдырылды. Біз осы елде тұрғаннан кейін, осы елдің азаматы болғаннан соң оны қолдауымыз керек қой. Себебі мемлекеттің сұрап отырғаны – кішкентай ғана нәрсе. «Халық қырылып жатыр, тойларыңызды жасамай қоя тұрыңыздаршы» деп. Соны енді көбісі былай айтқанда естімей жатыр ғой. «Өзіңіздің денсаулығыңыз үшін вакцина салыңызшы, бұл тіптен тегін нәрсе, отбасыңыздың денсаулығын сақтап қалыңыздар» деп жатыр. Кейбіреулер оны естімейді. Ауруханаға түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанда бір-ақ түсініп, өкініп жатқандары қаншама. Сондықтан осы саланың кәсіби өкілі ретінде барша қазақстандықтарды ортақ қауіпке түсіністікпен қарап, вакцина салуға шақырамын. Пандемия дегенде, екі қуанышты жайтты айта кеткім келеді. Екі жылдан бері бүкіл әлемге қатер туып тұр. Біздің Қазақстанда вакцинаның бірнеше түрі қолданылып жатыр. Соның біреуі – Ресейдің «Спутник V» деген вакцинасы. Ресейде де, бізде де шығарылып жатыр. Ол деген су емес, алып құя салатын. Оны жасау үшін үлкен құрал-жабдық керек, білікті маман керек. Ендеше Қарағандыда ашылған зауыт біздің ондай деңгейіміз бар екенін айғақтап кетті. Бұл – бір. Екіншіден, өзіміздің шығарған вакцина, бұл – біздің ғалымдардың ойлап тапқан жаңалығы. Мұның нәтижесі өткенде «Лансет» деген журналға шықты, Қытайдың вакцинасымен теңбе-тең, кейбір жерінде, тіпті ұтымды да. Бұл үлкен қуаныш емес пе? Елдің дамығаны деген осы. Қазір көрші елдерді алыңыз. Түрікмен, өзбек, қырғыз, тәжігіңде өзінің вакцинасы жоқ. Қазақстан Қырғыз Республикасына өз вакцинасын апарып беріп, көмектесіп жатыр. ТМД елдерінде тек қана үш ел өз вакцинасын шығарып отыр. Олар – Ресей, Қазақстан, Беларусь. Осыдан-ақ біздің медицинаның деңгейін бағамдай беріңіз. Мен алпыс жылдан астам жыл ғұмырымда ешкімге жағымпазданған емеспін және ешкімге жағымпазданайық деп шақырып отырған жоқпын. Бірақ біз бір нәрсені білуіміз керек. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерінің барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таза еңбегі деп айта аламын. Әркім әр нәрсені айта берсін, оның бәрі де бос әңгіме. Бірақ біздің елді бүгінгідей даму деңгейіне жеткізген осы Елбасы. Біз мұны ұмытпауымыз керек! Жастарға, кейбір адасып жүрген адамдарға осыны түсіндіріп айтуымыз керек. Егер ел билігінде ерік-жігері мықты, сарабдал саясаткер тұрмағанда Қазақстан басқа жолмен дамуы да мүмкін бе еді... – Жақсылық аға, елімізде қазіргі трансплантациялық ахуал қалай? – Бүгінде трансплантация саласында 3 418 адам кезек күтіп отыр. Біздің тізімде осынша адамға ағза керек. Соның ішінде 3101 адам бөтекеге, 143 адам бауырға, 156 адам жүрекке тәуелді. Әсіресе, бауыр мен жүректі 1 жылдың ішінде салып болу керек. Олай болмаса, олар өліп кетеді. 16 адамға өкпе салу керек. Әсіресе, мына коронавирустан кейін көп адамдардың өкпесі жарамай жатыр. Бұлардың бәріне донор мәйіт болуы керек. Өйткені тірі адамның жүрегін ала алмайсың ғой, өлген адамның жүрегін, өкпесін алып салу керек. Ал бауыр мен бүйректі тірі адамнан да алып салуға болады. Енді мен сізге айтайын, жарты жылдың ішінде органға жете алмай 147 адам қайтыс болып кетті. Жылдың аяғына дейін ол сан өзгереді. Сонда 300 адам кетіп қалады деген сөз ғой. Енді бізге коронавирус деген кедергі болып отыр трансплантация жасауға. Мысалы, 2019 жылмен салыстырғанда, коронавирус болмай тұрғанда жарты жылда 118 трансплантологиялық операция жасағанбыз бүкіл Қазақстан бойынша. Былтырғы жарты жылда 47 операция. 3 есе төмендеп кетті. Биылғы жарты жылда – 75. Оны соншалықты көп деп санамаймын. Енді сіздердің газетті пайдаланып, халыққа осындай орган күтіп отырған мұқтаж адамдарға көмек қолын созу керегін жеткізгім келеді. Сондықтан да донор болуға, қайтқан туысымыздың ағзаларын алуға рұқсат беруге түсіністікпен қарауға шақырамын. Адам қайтқаннан кейін мәйітке оның ағзасы керек емес. Көп болса бір 5-6 жыл жердің астында жатқанда, дымда қалмай еріп кетеді. Бірақ бір мәйіт 5 адамның өмірін жалғастыруға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде орган 70-80% мәйіттен алынып, салынады. Ал Еуропа елдерінде соның ішінде Италия, Германияда органды 90% мәйіттен алады. Дамыған елдер қатарына қарай келе жатырмыз ғой дейміз ғой. Ендеше, санамызды да түзеуіміз керек. Донор болуға асығайық. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ