Ана әлдиі – бауырмалдылыққа баулитын әуен
Ана әлдиі – бауырмалдылыққа баулитын әуен
539
оқылды

Биыл маусым айында Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Аналар ке­ңесінің жиынында ресми жарияланып, бірнеше ай бойы еліміздің әр өңірінде жалғасын тапқан респуб­ликалық «АНА ӘЛДИІ» байқауы елордада «Отбасы күні» мерекесі қар­саңында өз мәресіне жетті. Бұл – осы көк­темде ғана құрылып, қызметінің басты бағыты ретінде ұлттық, отба­сылық құндылықтарды сақтап, дамытуды ұстанып отырған «Қара­шаңы­рақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің алғашқы ауқымды іс-шарасы.

Байқауға жіберілген бейнероликтерді қарай отырып, қазылар алқасының мү­шелері, ұйымдастырушылар бейне бір ертегілердегі кері, өміріңнің өткен кезең­деріне апаратын кемеге мініп, балалық шаққа саяхаттап қайтқандай болдық. Мына дүрбелең дүниеден алып шығып, кө­ңіл­дегі бар алаңдаушылықты, тіпті әлем­ді жайлап кеткен індетті де бір сәт ұмыт­ты­рып, ғажайып әлемге сүңгіткен ғажап­тың аты бесік тербеткен ананың әлдиі еді. Ана әлдиі – адамның дүниеге келгенде алғаш еститін және біраз жылдар бойы: нәресте күнінен сәби шағына дейін, кейде тіпті одан кейін де жастыққа басы тигенде елегізи күтетін, күні бойғы жақсылы-жа­ман­ды әсерлерден арылтып, тыныштандыратын, ұйқы шақыратын әуен. Бұл әуен адамға өмір бойы ілесе жүріп, ересек ке­зең­нің сан қилы соқпағында кездесетін сын сәттерде де құлағына жетсе, есіне түс­се, жанын жайландырып, сабырлы­лық­қа ша­қыратын сиқырлы күш сияқты. Ана әлдиі жер бетіндегі барша халықта бар. Оның ана мен сәби арасындағы өзара қарым-қатынасты бейнелейтін ең табиғи, эстетикалық құны аса жоғары, мақсаты тұнық амал екені мойындалғаны қашан?! Әр халық өз бесік жырларының шығу тарихын, әуен, мәтін түрлерін, бұл жанрдың танымдық-тәрбиелік әсерін, басқа да ерекшеліктерін талдап, іргелі еңбектер жазған. Солардың ішінде Вавилонда біздің заманымызға дейінгі 2000-жылдары әйелдердің сәбилеріне ұйықтар алдында айтқан әндердің мәтіні саздан жасалған тақтайшаларға жазылып, бүгінге жетуі тарихи мәні зор оқиғалардың бірі деп көрсетіледі. Ол артефактілер бүгінде бесік жыры пайда болуының ежелгі тарихының дәлелі болып отыр. Біздің дәстүрлі мәдениетімізде ана әлдиіне халықтық педагогиканың мәйегі, ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп қарау, сонымен бірге бесік жырлары сиқырлы қорғаныс функциясын орындай алады деген ұғым қалыптасқан. Ана баласын әл­дилей отырып, ең алдымен оның ты­ныш­тығын қорғап, ешнәрседен шошымай алаңсыз ұйықтауын ойлайды, дені сау, үл­кен, ақылды адам, тұлғалы азамат болуын тілейді. Бесік жырларымыздағы: «Болат сауыт киісіп,/ Ақырып жауға тиі­сіп,/ Батыр болар ма екенсің?!/ Бармақтары майы­сып,/ Ою-өрнек ойысып,/ Шебер болар ма екен­сің?!» – деген жолдар да сол армандардың әлдиден көрініс табуы емей немене?! Өткен ғасырдың 20-жылдарында испан драматургі Федерико Гарсиа Лорка Ис­панияның түкпір-түкпірінде айтылатын та­ны­мал бесік жырлары сипатталған қы­зықты зерттеу жұмысын жариялайды. Онда ақын мұндай шығармалардың көме­гі­мен аналар өз ойын, қорқынышын білдіруге, мазасыздық пен толқуын жеткізуге тырысатынына, тіпті басындағы психи­ка­лық жағдайды жеңілдету үшін айтатынына назар аударады. Сөйтіп, бұл зерттеуші бі­рінші болып бесік жырлары ба­ла­ның ғана емес, сонымен бірге анасы­ның пси­хо­логиялық жай-күйіне оң әсерін көр­сетеді. Ана әлдиін зерттеген басқа ғалымдар да мұндай жырлардың көп жағдайда бесік тербеткен ананың көкірегіндегі сезімін, өз ата-анасына, туған жеріне деген сағы­ны­шын білдіретінін айтады. Бұл пікірге дәлел біздің бесік жырларымыздан да табылады («Әй-әй бөпем, кейін қалған елімді көрер ме екем?!»; «Ақ киізді басамын түңлік қы­лып, бөпем-ай,/ Қызды Тәңірі жаратқан мұң­­лық қылып, бөпем-ай...»; тағы бас­қалар) Дегенмен бізде бесік жыры – ананың балаға деген шексіз махаббатының әуен­мен өрілген көрінісі деген ұғым басымырақ. Бесігін тербетіп отырып айтылатын ана әлдиіндегі ізгі тілекті тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі деген сенім бар. Сондықтан да болар, әрбір ана өз баласын әсерлі әуен, сырлы сөзді бесік жырымен әлдилеп өсіруі керек деген пікір жиі айтылады. Ұлттық, отбасылық құндылықта­ры­мызды насихаттау, жас ұрпақтың бойында халықтың салт-дәстүріне деген құрметті ұлғайту бағытындағы жұмысын «Ана әлдиі» республикалық байқауын өткізуден бастап отырған «Қарашаңырақ» бірлестігін құрушылар да бұл ұстанымды жөн көреді. Ұл-қызымыздың жүрегіне анасының даусымен мейірім ұялатып, санасына ізгілік, адамгершілік сезімдерін, халықтың да­налық тағылымдарын кұюға осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы үлес қосуды мақсат етті. Көңіл түкпірінде бұл іс-шара мектепке дейінгі тәрбие мәселелерімен айналысып жүрген ғалымдардың бесік жырының баланы дамытудағы заманауи мүмкіндіктерін тереңдей зерделеуіне түрткі болса деген тілек те болды. Жаһандануды сылтау етіп, ұлттық мұрамыздың орынсыз ұмыт болып бара жатқан озық салт-дәстүрлерін дә­ріптеп, жаңғырту қажет екенін еске салуды да жөн көрдік. Сондай-ақ перзент сүю кім-кімді де шаттандырып, қанаттандыра­ты­нын ескере отырып, осы кездерде ата-ана атанып отырған жас ақындар мен саз­герлердің қиялына қанат бітіріп, ұлттық на­қыш­тағы жаңа бесік жырлары туындатса деген ізгі ниетімізді ішке түйгеніміз де рас. Байқау әуелі өңірлерде өтіп, үздік деп танылғандары республикалық кезеңге жолдама алды. Оларды бағалау критерийлері бұрыннан, жария етілген кезден белгілі болатын. Келіп түскен бесік жыры мә­­тінінің мағыналы және жеңіл қабыл­дануы, тәрбиелік, дамытушылық мәні жоғары болуы, әуезі баланың бойына тыныштық ұялатып, ұйықтауына қолайлы жағдай туғызуы, ана мейірімін, жан жылуын жеткізетін әсері жоғары болуы, әннің орындалу шеберлігі, эмоционалдық қабылдануы тұрғысынан сараптау үшін Бағдат Сәмединова, Қымбат Досжан, Алтын Махамбетова, Баян Ахатай және осы жолдардың авторынан қазылар алқасы құрылды. Байқаудың ережеге сай өтуіне ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Ша­наидың және облыстық аналар кеңестері басшыларының еңбегі зор екенін айту парыз. Осылайша, өңірлік байқаулардан өтіп, финалға жолдама алған 22 ән сарапқа салынып, жүлделі орындар айқындалды. Осы жерде халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт» деген ұлағатты сөзі ойға оралып отыр. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған іске «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов­тың демеушілік етуі жеңімпаздарға дип­ломмен қоса қаржылай жүлде беруге мүмкіндік жасап, бұл жай байқаудың мәртебесін асыра түсті. Онлайн форматта өткен байқау қоры­тындысы бойынша І орын Ақтөбе облысынан Ойыл аудандық мәдениет үйінің «Ойыл ауданы келіндері» тобына, ІІ орын Қарағанды облысынан Башай Меруеш Башайқызына және Қызылорда облысынан Бақыткүл Болысбекқызына, ІІІ орын Шығыс Қазақстан облысынан Мәриям Мүбаракқызы Мұрсалиноваға және Павлодар облысынан Марина Вагинаға берілді. Сонымен қатар «Әнді орындау шеберлігі үшін» арнайы аталымы бойынша Света Жаңабайқызы, «Қойылымның тәрбиелік мәні үшін» аталымы бойынша Ләйлә Байқожаева және Салтанат Исабай, «Мазмұнды мәтін үшін» аталымы бойынша Ақмарал Биназарова марапатталды. Байқауға қатысқан барлық қатысушыға сертификат берілді және байқауды ұйым­дастыруға белсене атсалысқан «Қара­шаңырақ» бірлестігінің Ақтөбе және Қы­зылорда облыстық филиалының төра­ғаларына алғысхат тапсырылды. Сонымен, рухани кеңістігімізде бір игі іс атқарылды. Көңіліміз жайланып, бір жақсы іс тындырғанымызға қанағаттану­шы­лық сезім пайда болғандай. Уақыт өткен сайын бұл бастаманың қанаты кеңге жайылып, үлкен деңгейге көтеріледі деген үміт те бар. Өйткені бұл – ұрпақ тәр­бие­сіндегі бала бойына ізгі қасиеттер сіңірі­летін ұзақ тізбектің аса маңызды буыны. Қоғамда мұның қажеттілігі әлдеқашан белгілі болатын және соны жоғалтып алмау үшін бірқатар талпыныс жасалып келеді: бесік жырлары жинақ болып шығып, белгілі әншілер бесік жырларын жиі орындай бастады. Өңірлерде ата-бала-немере тізбегін тақырып еткен жобалар жүзеге асырылып, бесік жырларына тиісті мән беріліп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің мақтанышы, опера әншісі Майра Мұхамед­қызының «Әлем бесік жырлары» атты жи­нағының тұсаукесерін өткізуі осы бағыт­тағы елең еткізер оқиғалардың бірі болды. Ол іс-шарада әлемнің бірнеше бесік жыры алғаш рет қазақ тілінде шыр­қалды. Майраға жинақты құру идеясы қызы Аида дүниеге келгеннен кейін пайда болыпты. «Қызыма деген аналық махаббатымды ән арқылы білдіру үшін бесік жырларын жинай бастадым», – дейді ол. Тыңдарманды кейбір бесік жырын Майра Мұхамедқызы 80 жастағы анасымен бірге орындағаны қызықтырғаны есімізде. Қай-қайсымыз үшін де әжелеріміз басымыздан сипай, арқамыздан қаға отырып айтатын қоңырқай үнді бесік жыры жүрек шымырлатар әсерімен қымбат емес пе? Сондықтан біз байқауға әжелердің қа­ты­суына әу бастан мән бердік. Өйткені ұлт­тық құндылықтарды жастарға жеткізетін де солар – алдыңғы буын ғой. Және ақ жау­лықты апаларға артқан үмітіміз ақталды да. «Жұмыс істемеген адам ғана қателес­пейді» деген сөз бар. Біздің байқауда да кемшін тұстары болды. Бірақ оның бәрі іс-шара мақсатына қайшы келмейтін, ұйым­дастырушылық, техникалық сипат­тағы және жұмыс барысында түзетуге болатын кемшіліктер. Олар онлайн іс-шара барысында айтылды. Енді бір үлкен шаруаны қорытындылайтын мақалада тоқталып жатудың қажеті жоқ деген ойдамыз. Біз бұл байқауға бірреттік іс-шара деп қарамаймыз. Оның болашағы зор, қоғам сапасын жақсартуға, «адамның адам болып қалуына» қосар үлесі мол екеніне сенеміз. Өйткені бәріміз де бесік тербеткен ананың әлдиімен өскенбіз. Ол – біздің адами қа­сиеттерімізді қалыптастыратын, жақсы­лыққа үндейтін, түзу жолға бағыттайтын әуен. Ана құшағынан шығып, үлкен азамат болсақ та, қанша жыл өмір сүрсек те жаңғырып, ұмытылмайтын әуен. Жылдар өте әуеннің сөзі еске түспесе де, бесіктің тербетілуімен сәйкестендіре айтылатын қарапайым ырғақ адамның жадында жібек жіпке тізілген маржан моншақтай қымбат естеліктерді жадымызда жаңғыртып, ата-анаңды, олардың шексіз мейірімін еске салары анық. Сон­дықтан ана әлдиін әр адамның бойында әке-шешеге деген сүйіспеншілік дәнін егіп, туған босағасына жіпсіз байлайтын, өскен ортасын ұмыттырмайтын, аға­йын­дар арасында мейірімді, қамқор қатынас­тардың берік орнығуына әсер ететін қуат­ты құралдардың бірі деуге болады. Ендеше мұндай зор әлеуетті неге пайдаланбасқа? Тағы бір жайды айналып өтуге болмас: кейде қазіргі жас аналардың бесік жырын айтпайтыны туралы пікірлер естіліп қалады. Әділеттілік үшін бұған тек жастар кінәлі емес екенін мойындауымыз керек. Өзіміздің әжелерімізден, аналарымыздан естіген бесік жырларын келіндеріміз бен қыз­дарымызға үйретпеген орта буын өкіл­дері, біз­де де кінә бар. Байқауға қатысып, бесік жырын айтқан бірлі-жарым әжелерді көр­ген­де қатты қуанғанымыз да сондықтан болар. Ендеше бұл үрдіс жалғасын табуы керек: біз ұрпақ бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, ынтымаққа, бірлікке, татулыққа тәрбиелейтін «Ана әлдиі» байқауын жылма-жыл өткізіп тұру ниетіндеміз. Егер бұл идеяны басқа қоғамдық бірлестіктер, іскер жастар, шығармашыл қауым қолдаса, байқаудың ауқымы ұлғайып, халықаралық фестивальға айналып кетуі де бек мүмкін. Осындай сәби шағымызды сағынта еске алғызып, болашаққа жарқын көзқарас пен қандай қиыншылықты болсын жеңетін сенімді қалыптастыратын ізгі бастамаларда иықтасып, бірге болайық!

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі