Түрме азаптау орнына айналды ма?
Түрме азаптау орнына айналды ма?
© коллаж: Елдар Қаба

Жаза басып, сотталғандарды адам қатарынан сызып тастай алмаймыз. Жазасын өтеп жатыр демесеңіз, олардың да өз құқық­тары бар. Түрме – қылмыскерді ұрып-соғып жазалайтын емес, жаңылғандарды түзететін орын. Шыны керек, еліміздегі түрме­лерде жазасын өтеп жатқандар кей кезде өздерін полицейлер азаптайтынын айтып, шағымданып жатады. Оның көбі сол күйі жылы жабылып жататыны жасырын емес. Ал жәбір көргендердің құ­қы­ғын кім бұлдамақ? Әлде жаза­сын өтеушінің айқайы төрт қабырғадан әрі аспай ма?

Түрме күзетшісі жазалаушы ма?

Жақында Балқашта педофилді азап­таған 4 полицейге үкім шықты. Балқаш қалалық сотында жергілікті криминалдық полиция бастығы мен оның үш қызметкері сотталды. Оқиға былай, 2019 жылдың қазанында педофилия бойынша сотталған Балқаштың 44 жастағы тұрғынын поли­цейлер жабылып азаптаған. Енді қыл­мыскерді өз бетінше жазаламақ болған шенділер Қылмыстық кодекстің 146-ба­бы­ның 3-бөлігі «жәбірленушінің денсау­лы­ғына ауыр зиян келтірген азаптаулар» бо­йынша бас бостандығынан айырылды. Сот әрқайсысына 9 және 10 жылдан жаза кесті. Жалпы, биылдың өзінде түрмедегі қи­нау дерегі бойынша біраз шағымдар түсіп жатқанын аңғардық. Мәселен, жыл ба­сында Шымкентте бір топ жазасын өтеу­шінің туыстары шу шығарды. Олар Қыл­мыстық атқару жүйесіне қарасты 167/3 түзеу мекемесінің қызметкерлері жазасын өтеушілерді сан түрлі әдістермен қинап жатқанын айтқан. «Ішкі тәртіпке мойын­сұнбадың» деген желеумен, тәулік бойы суық бөлмеге заңсыз қамап, тіпті, жарығы жоқ казармада ұстаған көрінеді. Бұл жа­йында Қылмыстық атқару жүйесі коми­тетіне, бас прокуратураға бірнеше мәрте шағым жазыпты. Бірақ жауап болмай, есесіне шындықты айтып шырылда­ған­дарды одан әрі азаптап жатыр екен. Бұдан кейін сәуірде Ақтаудағы 172/6 түзету мекемесінде жазасын өтеушілердің туыс­тары абақтыда отырғандарға зорлық көр­сетіліп жатыр деп көмек сұрады. Тіпті, «жа­замызды өтеп жатқанда осындай заң­сыздыққа тап болдық» дегендер қасық жұтып наразылық көрсеткен. Біреуі өз-өзіне қол салып, ауруханадан бір-ақ шық­қан. Дегенмен сол кезде түрме басшылығы мұны жоққа шығарып баққан еді. «Ұстау режимін жеңілдету мақсатында, ахуалды тұрақсыздандыру мақсатында сондай заңсыз іс әрекеттерге барады. Сотталған Төлетаев та, Жақыпов та осындай қасық жұтып алды деп айтады. Оның біздің қыз­меткерлер жұтқызбайды. Ондай іс-әре­кеттер жоқ», – деген 172/6 түзету мекемесі басшысының орынбасары Азат Садуов. Алайда сотталушылардың туған-туыс­тары бір сәтте бекерден бекер дау шы­ғармайтын тәрізді. Егер түрмедегі ұрып-соғу расталса, зорлық көрсеткендер бас бос­тандығынан айырылуы мүмкін болған. Бірақ сол күйі бұл мәселе де басылғандай болды. Тексеру қорытындысы жайлы бір де бір ақпарат шыққан жоқ. Осылай түрме­дегілер мүлде «азап шекпеген» болып шы­ғады. Бұған құлақ үйренген. Мәселенің шы­найы жай-жапсары қалай болуы мүмкін?

Сотқа жеткен іс жоқ

Қазақстанда құқық қорғаушылар абақ­тыда отырғандардың жиі азапталатынын, бірақ жәбір көрсеткендердің жауапқа тартыла бермейтінін жиі айтып жүр. Бұған қоса «қасақана әрекеттерді түрме қызмет­керлері жазаға тартылмайтынын білген соң істейді» дейді. Бұл жерде ең әуелі қиындық тудырар бір жайы бар. Ол – жәбірлеу фактісін дәлелдеудің қиындығы. Мысалы, құқық қорғаушы Елена Семенова осы мәселені көтеріп жүр. «Тұтқынның азапталғаны белгілі болған кезде оның денесіндегі көгерген не басқа да соққы іздері жазылып үлгереді. Түрме ішіндегі медицина қызметкерлері жара­қатты тіркей бермейді, қылмысты жасы­рады. Тергеу де жүрмейді. Мұның бәрі қыл­мысты жасыруға бағытталған әре­кеттер», – дейді маман. Әлеуметтік желіде сотталушылардың таяқ жеп жатқан видеоларын көп ұшы­ратасыз. Ал ресми ақпар бойынша, 2021 жылдың алғашқы 5 айында азаптау фактісі бойынша 120 заңбұзушылық тіркелген. Бірақ мұның бір де біреуі сотқа жетпеген. Былтыр да 146-бап «Азаптау» бойынша 764 құқық бұзу фактісі тіркеліп, соның ең болмаса біреуі соңына дейін ашылмай, тоқтатылған екен. Яғни, ресми түрде 2020 жылы түрмеде ешкім азап көрмеді деп мәлімдеме жасалған. Халықаралық ұйым­дар да бұған назар аударып отыр. «Қа­зақстанда түрмедегі азаматтардың құқығы қорғалмаған» деп хабарлап жүр. Еліміздегі азаптауға қарсы коалициясының заңгері Анна Солодова жыл басында осыған бай­ланысты бірнеше деректер ұсынған бо­латын. Коалицияның 2019 жылғы есебіне сенсек, азаптауға қатысты қылмыстық іс­тердің көбі сотқа жетпей тоқтатылады не­месе жәбірленушілер сыбайлас жемқор­лықтың құрбаны болады. Себебі Қазақ­станда зорлық-зомбылықты зерттейтін тәуелсіз институттар жоқ, әлі елдегі сот жүйесі тәуелсіз емес. «Мұндай мәселе кө­біне тергелмейді, азаптау болғанның өзін­де, қылмыстық іс қозғалмайды, өйткені тиісті орган фактілерді жасыруға тырысады» деп баға берген. Сондай-ақ түрмеде азап көрген сотталушылардың көбі шағым­данудан бас тартатын көрінеді. Оған бір­неше себеп бар екен. Біріншіден, түрмеде жазасын өтеп жатқандардың шағым жа­зуына мүмкіндік қарастырылмаған, нақты механизм жоқ. Екіншіден, азапталғаны жөнінде шағымданған сотталушыға қауіп төнеді. Сол үшін де сотталушылар ғана емес, олармен сөйлесіп, шындықты жария­лаған адвокат, психолог немесе құқық қорғаушылардың өзі қудаланып кетуі мүмкін. Бұл тұста тәуелсіз институттардың жетіспейтіні байқалады. Бұдан бөлек, Amnesty International ұйы­мының зерттеуінше, құқық қорғау орган­дары мен түрмелердің қызметкерлері көбі­не адвокаттарға клиенттерімен кездесуге және жеке әңгімелесуге кедергі келтіреді екен. Адвокаттар, дәрігерлер және құқық қорғаушылар түрмедегі азаптау фактілерін айтқанда құқық қорғау органдарының қуғынына ұшырауы мүмкін екенін жа­сырмаған. Біз осының бәрін ресми дерек­терге сүйеніп, жоққа шығаруға талпыныс жасағымыз-ақ келеді. Әйткенмен, соңғы кездері түрмедегі жазасын өтеушілердің үндеуі көбейіп кетті. Бұл – бір. Екіншіден, әлеуметтік желіде азаптаудың сан түрлі видеолары тұр. Демек, түрмелерде ешкімді азаптамайды дегенге сену қиын. Мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде адам мен оның хақы саналса, бұл шекарадан асып, жәбір көрсеткендер сөзсіз жазалануы тиіс. Мұндай процестер үзілмей жалғаса берсе, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сеніміне селкеу түсері анық. Содан кейін «ет сасыса тұз себерсің, тұз сасыса не себерсіңнің» күйін кешіп отырмасақ абзал.

Мадияр ТӨЛЕУ