Көкшетаудың бірнеше шағынауданы үш күннен бері сусыз отыр. Мәселе осыдан үш күн бұрын қаланы сумен қамтамасыз ететін Сергеев су қоймасында болған апаттан туындапты. Қаланың Жайлау, Сарыарқа аудандары мүлдем сусыз қалса, қалған аудандарда судың қысымы төмендеп, үйлердің жоғары қабатына су жетпей қалған. Тамақ жібітетін су таппай қалған тұрғындар жергілікті билікке наразылығын білдіріп жатыр. Өйткені су болмайтыны туралы халыққа уақытында ескертілмеген. Тіршілік нәрінсіз қалып, тасымалданып жеткізіле бастаған суға ыдыстарын сүйреткен жұрт оның да уақытында берілмей қалғанын айтады.
Көкшетау қаласына ауызсу Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және қаланың іргесіндегі Шағалалы су қоймаларынан беріледі. Бірақ су құбырларының басым бөлігі осыдан 50-60 жыл бұрын салынғандықтан, әбден тозған. Сондықтан судың сапасы да аса төмен. Қала жұрты краннан аққан суды ішуге мүлдем пайдалана алмайды. Сондықтан қолы жеткені сүзгі орнатып барып ішуге қолданады. Ал көпшілігі су сүзгілері орнатылған ақылы автоматтардан, көлігі бары Бармашино бұлағынан тасымалдап амалдайды. Дегенмен тұрғындар осы сарғыш тартқан судың өзіне де зар болатын кездер аз емес. Су құбырлары жарылып, тұрғындардың сусыз қалатын кезі соңғы жылдары тым жиілей бастаған.Су қоймасында апат осыдан 5 жыл бұрын да болған
Осыдан бес жыл бұрын Сергеев су қоймасында болған апаттан кейін су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда араға бес жыл салмай су қоймасында тағы да күрделі апат болды. Салдарынан Шағалалы су қоймасынан берілетін су қоры қаланы қамтамасыз етуге жетпей қалған. Қазір қаланың бірнеше шағынауданында суды коммуналдық кәсіпорындар су тасығыш көліктермен жеткізуге көшкен. Ал тұрғындар жергілікті билік пен су таратушы ұйымнан судың берілмейтіні туралы дер кезінде хабарланбағанына қапалы.Су таситын көліктер уақытында келмей жатыр...
«Міне, бірнеше күннен бері сусыз қалдық. Бұл біздің Сарыарқа шағынауданында бірінші рет болған жағдай емес. Біресе су жоқ, біресе жарық болмай қалады. Халыққа алдын ала ескерту жасалған жоқ. Мұндай жағдай болатынын білгенде алдын ала қамданып, суды ыдыстарға құйып алатын едік қой. Бүгін таңертең суды көлікпен әкелді. Тұрғындар суық желде, далада тұрып кезекпен су алуға мәжбүр. Кешкісін тағы алып келді. Бірақ көлікті көп күтуге тура келеді. Жергілікті биліктен суды таситын қосымша көліктер қосуын сұраймыз», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нияз Есмағұлов.Қала әлі бірнеше күн сусыз қалмақ...
Қаланы сумен қамтамасыз ететін «Көкшетау Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорнының директоры Ермек Хайдарұлының айтуынша, қала әлі бірнеше күн сусыз қалмақ. «Сарыарқа шағынауданына бүгін су жібердік. Бірақ әзірге уақытпен беріледі. Қазір Жайлау шағынауданы ғана сусыз отыр. Сергеев су қоймасында болған апаттан кейін су қоры жетіспей жатыр. Сондықтан халықты сусыз қалдырмау үшін Солтүстік және Шығыс өнеркәсіп аймақтарына берілетін суды уақытша тоқтатып, халыққа су бере бастадық. Қазір Сергеев су қоймасында жөндеу жүргізіліп жатыр. Халықты сумен қамтамасыз ету үшін таңғы 9.00-ден 11.00-ге дейін және кешкісін 17.00-ден 19.00-ге дейін «Тазалық» және «Зерен плюс 2006» коммуналдық кәсіпорындарының 4 су тасығыш көлігімен Жайлау және Сарыарқа шағынауданына су тасымалданып жатыр. Әлі бірнеше күн жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Тұрғындардан сабырлық танытып, түсіністікпен қарауын сұраймыз», – дейді «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ермек Өмірғалиев. Коммуналдық кәсіпорынның мәліметінше, Сергеев су қоймасынан су беретін «Нұра топтық су құбыры» РМК-ның «Есіл» филиалы апатқа байланысты Көкшетау қаласына берілетін суды жөндеу жұмыстарына байланысты шектеген. Ал оның салдарынан қаланы сумен қамтамасыз етуге жалғыз Шағалалы су қоймасының су қоры жетпей қалған. «Жалпы, сумен қамтамасыз етуде әлі толықтай халықтың талабын қанағаттандыра алмай жатырмыз. Қаланың барлық аумағында су беру жүргізіліп жатыр. Бірақ судың ағу қысымы төмен болғандықтан, жоғары қабаттарға су жетпей жатыр. Шамамен аптаның ортасына таман су беру жүйесін қалпына келтіруге тырысамыз», – деп толықтырды Ермек Өмірғалиев. Аталған мәселе жөнінде қала әкімдігіне де хабарласып, су беру жүйесіндегі жұмыстардың қашан қалпына келтірілетінін білмек болдық. «Сергеев су қоймасындағы апат салдарын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сумен қамтамасыз ету мәселесі әкімдіктің бақылауына алынған. Әкімдік «Нұра топтық су құбыры» РМК-нің Есіл филиалына өз өкілін жіберді. «Көкшетау Су Арнасы» резервуарларда судың жиналуына қарай Сарыарқа шағынауданына суды таңғы уақыттарда жібере бастады. Су тасымалы тек қала тұрғындарына ғана емес, балабақшалар, мектептер мен медициналық мекемелерге де жеткізіледі. «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК өкілдерінің мәліметінше, аптаның ортасында жұмыстар аяқталады», – делінген Көкшетау қаласы әкімдігінің ресми хабарламасында.P.S. Сонымен, әзірге Көкшетауды сумен қамтитын негізгі су көзі Сергеев су жүйесіндегі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік су жүйесінің жақын арада қалпына келтірілуі тиіс екенін мәлімдеді. Бірақ жөндеуге миллиондар жұмсалғанымен, арада бес жыл өтпей жатып тағы апат болған су қоймасының тағы қанша уақытқа шыдас беретінін ешкім тап басып айта алмайды... Ал қаладағы су сапасының төмендігі өз алдына бөлек әңгіме...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы