Амансың ба, сарбаз?
Амансың ба, сарбаз?
254
оқылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстың жаңғырығы «жара» болып, жанға батып тұр. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында ем қабылдап жатқан 1993 жылы туылған өрт сөндіруші Жәнібек Тұрманов та көз жұмды. Осылайша, апат салдарынан қаза тапқандардың саны он жетіге жетті. Бір әскери із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Ал ауруханада жатқандарға қатысты бүгінге дейін әртүрлі ақпарат айтылып жүр. Бірде олардың саны өсіп, бірде кеміп, талайдың ойын сан-саққа жүгіртіп отыр.

Қалалық ауруханада жатқан сарбаз жоқ

Әңгіменің әлқиссасын, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өт­кен жетіде Мемлекет басшысына телефон арқылы берген есебінен бастасақ, онда бүгінде 26 адам стационарда емделіп, 15 адам әс­ке­ри госпитальде жатқаны ай­тыл­ды. Алайда қаза тапқандар мен жаралыларды қақ жарып бөліп алған облыстық Төтенше жағдай­лар департаменті, «Оң­түстік» өңір­лік қолбасшылығы мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қанша адам қай ау­руханада жатқаны туралы нақты ақпарат бермеді. Егер олардың бұған дейін таратқан статисти­касына сенсек, Бердібек Маш­бек­ұлы Президентке баян еткен сан­дармен мүлде сай келмейді. Осы­ған орай жауапты мекемелерге өзіміз шығып, нақты ақпарат пен жаралылардың қазіргі жағдайын білуге тырыстық. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасының баспасөз қыз­метіне хабарласқанымызда, он­дағылар қалалық ауруханада жа­ралылардың бірде-біреуі жатпа­ғанын айтты. Зардап шеккен­дер­дің барлығы әскери госпитальге ауыстырылғандықтан, мұндағы дәрігерлер олардың қазіргі жағдайы туралы да еш ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.

Департамент госпиталінде 5 адам емделіп жатыр

Ал облыстық Төтенше жағдай­лар департаменті баспасөз қыз­метінің басшысы Сәуле Мұнатаев жарылыс кезінде 49 сала маманы жарақат алғанын айтады. Оның бесеуі бүгінде облыстық Полиция департаментінің госпиталінде жа­тыр екен. Жағдайлары қанағат­танарлық деңгейде. Десе де, де­партаменттің баспасөз қызметі 44 қызметкер үйіне шығарыл­ғаны­мен, әлі күнге госпитальға келіп, ем қабылдап жүргенін баян етті. Осы тұста егер жарылыстан зардап шеккендер облыстық По­лиция департаментінің госпи­та­лінде жатса, демек тәртіп сақ­шы­ларының арасында да зардап шек­­кендер болғаны ма деген ой келеді. Бұған қатысты Полиция депар­таменті бастығының орын­басары, арнайы құрылған штаб­тың мүшесі Фахритдин Шанка­ровқа қайы­рылғанымызда, ол жа­рылыстан бірде-бір полиция қыз­меткері жа­рақат алмағанын мәлімдеді. – Департаментке қарасты гос­питальда тек төтенше жағдайлар қызметі саласының мамандары ем қабылдап жатыр. Аталған құ­рылымның мамандары ішкі істер саласының құрамына кіретін­дік­тен, осында емделеді. Ал Байзақ­тағы жарылыс кезінде бірде-бір полиция қызметкері жарақат ал­ған жоқ. Департаменттің техника­сына да зақым келмеді, – дейді Ф.Шанкаров.

Әскери госпитальда  сарбаз қалды

Жаралыларға қатысты ақпа­ратты «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шылығынан да сұрадық. Баспасөз қызметінің басшысы Дина Муха­ринованың сөзіне сүйенсек, қазір әскери госпитальде екі сарбаз ғана қалған екен. – Жарылыс болған алғашқы күндері әскери госпитальға 22 сар­баз түскен болатын. Алайда қа­зір соның екеуі ғана бізде ем қа­былдап жатыр. Жағдайлары жақсы. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Екеуі де әскери про­ку­рату­раның қызметкерлері. Апат­тан ке­йін бір сарбаз жара-қатына бай­ланысты шұғыл түрде Алматы қаласындағы әскери ауруханаға ауыстырылған. Қазір ол сонда ем қабылдап жатыр. Біз­дің қатты алаң­дағанымыз капитан Ерлан Қырғызалиевтің жағдайы бола­тын. Оны жағдайының ауыр­лы­ғына байланысты медици­на­лық ұшақтың өзімен Алматы қа­ла­­сын­дағы ауруханаға ауыстыра алма­дық. Содан ол қаза тапқан 16 әс­кери ретінде Тараз қалалық №1 ауруханада көз жұмды. Ал із-түссіз жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Даут­баевқа қатысты әзірге еш ақпар болмай тұр. Күні кеше ғана сар­баздарымыз оқиға орнын бірнеше шақырымға тағы тексеріп шықты. Алайда бұл әрекетіміз нәтижесіз болды, – дейді Д.Мухаринова.

P.S. Жарылыстан жарақат алғандардың дені үйлеріне шыға­рылып, ауруханадағы сарбаздардың жағдайы қалыпты болғаны қуан­тады. Енді тек өзге өңірге алып кеткен әскериімізге де Құдайдың көзі түзу болсын деп тілейміз. Ең бастысы, барлық жаралылар ауру­ханадан аман-есен шығып, жа­қындарына тезірек оралғай!

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы