Кезегі келіп, қалалық әкімдіктен жер телімін алған жеті отбасы бүгінде сол баспанасын бұзуға мәжбүр. Өйткені бұларға жер жоғары қысымды газ құбырының үстінен үлестірілген екен. Тұрғындар үйді тұрғызған уақытта жердің заңды иесі «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» магистральді газ құбырлары басқармасы сотқа беріп, сот ондағы үйлерді бұзу туралы шешім шығарған.
Бір қызығы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ қала іргесіндегі Қызылжарма ауылынан газ құбыры тартылатыны жөнінде 2004 жылы жергілікті билік өкіліне мәлімдеген. Ал әкімдік осы аумақтағы жер телімдерін 2006 жылдан бастап жер кезегіндегілерге табыстай бастапты. Тұрғындар «жерді алған уақытта әкімдік тарапынан магистральді құбыр тартылатыны туралы әңгіме болған жоқ, сондықтан алаңсыз құрылысты бастап кеткен едік», – дейді. Енді жерді заңсыз үлестірген әкімдік емес, заңды түрде жер алып, үй салған біз сотқа сабылып жүрміз деп ашынады. – Осы аумақтан 2006 жылы жер телімін алдым. Бірақ дереу үй тұрғызуға қаражатым болмай, ол жер 10 жылдан аса бос жатты. Осы аралықта не жергілікті әкімдіктен, не «Интергаз Орталық Азия» АҚ тарапынан үй тұрғызуға болмайтыны жөнінде ескерту болған жоқ. Содан 2017 жылы үйді салып, Әділет департаментінен құжаттарды рәсімдедім. Тек 2019 жылы әкімдіктен адамдар келіп, «үйді бұзыңыз» дейді. Сонда олар сонша жыл ай қарап жүрді ме? Құбырдың бойында 50 метр қашықтыққа дейін қауіпті екені жөнінде ескерту белгісі бар. Алайда мекеме 150 метрге дейін құрылыс нысандарын салуға болмайтынын айтады. Мен салған үй құбырдан 151,9 метр қашықта болғанымен, жер телімінің 8 метрі осы аумаққа еніп тұр. Мекемеге «Жерімді алсаңдар, алыңдар. Тек үйді бұзбайық» деп өтіндім, олар келіспеді. Одан кейін Қызылжарма ауылдық округінің әкімі маған тұрғын үй салуға басқа жер ұсынды. Оны да зерттеп қарасам, су жүретін арнаның үсті екен. Алудан бас тарттым, – дейді қала тұрғыны Әбдінәби Жүсіп. Қала тұрғыны Гүлнәр Танабаева да осы маңнан жер алып, үй тұрғызған. Бірақ оның да баспанасын сот шешімімен бұзуға тура келіп тұр. Жиған-тергенінің барлығын осы үйдің құрылысына салған ол өзге жерден қайта үй салуға шамасы келмейтінін айтады. – Бұл жерді өзге біреуден 2011 жылы сатып алдым. Құжатын реттеген шақта бұл жердің өзге мекеменің меншігінде екенін ешкім айтқан жоқ. 2014 жылы іргетасын құйып, құрылысты бастап кеттім. Тапқанымды 5-6 жыл бойы осы үйге жұмсадым. Төбесін жабар кезде үйді бұзыңыз деп ескерту жасады. Күйеуім 2-топтағы мүгедек. Әзірге өзім ғана жұмыс істеп жүрмін. Көршілерімнен қала әкімдігінен беріліп жатқан өтемақының аз екенін естідім. Әзірге өзіме өтемақы да, жер телімі де берілген жоқ. Үйімді бұзып, өтемақы аз төлесе, келесі үйді салуға шамам жетпейді. Онда баспанасыз далада қалатын шығармын, – дейді қала тұрғыны Гүлнәр Танабаева. Көгілдір отын жеткізумен айналысатын мекеме мамандарының айтуынша, техникалық регламентке сай газ құбырынан радиусы 150 метрге дейін нысан салынуға болмайды. – Ақшабұлақ кенішінен Қызылордаға тартылған магистральді желінің жарты шақырымдай бөлігі Қызылжарма ауылымен өтеді. Сондықтан біз бұл шараларды азаматтардың қауіпсіздігі мен магистральді газ құбырының үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында жасап отырмыз, – дейді сала мамандары. – Диаметрі 325 миллиметрлік құбырмен 42 келі шаршы сантиметр қысыммен газ жіберіледі. Сондықтан желі осінің әрбір жағынан 50 метрде күзет шекарасы бекітілген. Күзет аймақтарындағы жерді пайдалану режиміне байланысты нысандар салынбайды. Ауыл шаруашылығы алқаптары да белгілі қашықтықта болуы тиіс, – дейді аймақтық магистральді газ құбыры филиалы бөлімінің жетекші инженері Нұрсұлтан Назаров. Өзгенің меншігіндегі жерді табыстаған Қызылжарма ауылының әкімдігі ол уақытта бірыңғай ақпараттық база болмауы салдарынан қателіктер болғанын айтып ақталады. Сот шешімімен келіскен тұрғындарға жер телімдері беріліп жатқанын да алға тартады. – Қазір 4 азаматқа бұзылатын үй үшін өтемақы ретінде 13 млн теңге шығып тұр. Осы жылдың наурыз айындағы сот шешімі «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қызылорда» магистральді газ құбырлары басқармасының пайдасына шешілді. Онда үйді тұрғындар өз тарапынан бұзуға тиіс екені туралы айтылған. Бірақ баспана иелері бұл шешіммен келіспегендіктен, сот процестері әлі де жалғасады, – дейді Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейілов. Баспанасы бұзылғалы отырған жеті үйдің иесі «әділ шешім шығарып беруді сұрап, бармаған жер, аттамаған табалдырық қалдырмадық», – дейді. Бірақ құзырлы орындар тұрғындардың тілегіне құлақ аспай отырғанға ұқсайды. Сонымен қатар баспана иелері сол кезде жер үлестіріп, заңсыздыққа жол берген қалалық әкімдік қызметкерлеріне де шара қолданылса, халықты сарсаңға салатындардың қатары да азаяр еді деген ұсынысын жасырмады.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы