Алтын шыққан жерді қазып, пайдаға кенелмек болған 9 адам ұсталды
Алтын шыққан жерді қазып, пайдаға кенелмек болған 9 адам ұсталды
Фото: yandex.kz
285
оқылды

Тоғыз адам жасанды шахта жасап, сол жердің алтынға бай құм-тасын ұрлап келген. КТК арнасының хабарлауынша, кен қазғандар Мойынқұм ауданына қарасты Ақбақай ауылына жақын жер учаскесін кен орнына айналдырған. Олар сол жердегі бағалы тастардың бәрін қопарып алып, пайда көрмек болыпты.

Күдіктілердің осы кәсіппен қанша уақыттан бері айналысып келгені белгісіз. Бірақ олар өз жұмысына тыңғылықты дайындалғаны байқалады. Тіпті, киіз үй тігіп алған. Кесек тастарды Шу өзені маңындағы шаруа қожалығына жеткізіп отырған. Өйткені мұнда алтынды тастан ажырататын жасырын цех істеп тұр.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева: «Тінту кезінде құрамында алтыны бар кенді өңдейтін заңсыз орнатылған екі ұсақтағыш құрал мен құмды тазартуға арналған екі аппарат, сондай-ақ 10 тонна көлемінде кен табылып тәркіленді. Тергеу жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды», – деді.

Бұған дейін Қазақстанда алтын құйма сатып алатындар саны көбейгенін жазған болатынбыз.