Соңғы жылдары қазақ әйелдері үшін тұңғышын 30-дан кейін қолына алуы қалыпты дүниеге айналған. Бұл мәліметтерді Біріккен Ұлттар Ұйымы көрсетті.
Олардың анықтауынша, Қазақстандағы әйелдердің бірінші баласын дүниеге әкелуінің орташа жасы – 29-30 аралығы. Өйткені соңғы он жылда, яғни 2009-2019 жыл аралығында келіншектердің осы жас аралығында ана атануы көбірек кездеседі. Тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда қазір қыз-келіншектердің босану жасы әлдеқайда ұлғайған. Себебі 1990 жылдары қыз-келіншектеріміз 22-24 жасында ана атанып, сәбилі болған. Дәрігердің айтуынша, тіпті бүгінгі күнде 35-39 жас аралығындағы әйелдердің ана болуы жиілеген.Әйелдер арасындағы туудың ең үлкен үлесі – 25-29 жас аралығы, 31,4 пайыз. Ал 20-24 жас аралығындағы қыз-келіншектердің бала тууы 22,3 пайыз ғана. Отбасылық дәрігер Жанар Қарабаева болса, әйел адамның кеш босануы денсаулыққа зиян екенін сөз етті.– Бүгінде еліміздегі қыз-келіншектердің тұңғышын 30 жасында қолына алуы қалыпты жағдай. Тіпті, жас ұлғайып жатыр деуге болады. Өйткені 35-39 жас аралағындағы әйелдер жиі ана атанады. Керісінше, қазір 15-19 немесе 20-24 жас аралығында қыз-келіншектердің бала сүю жағдайы азайған, – дейді Ақмола облысы, Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді облыстық аурухананың акушерлік бөлімнің меңгерушісі Сандуғаш Есетова.
АҚШ-тың статистика орталығының зерттеуі бойынша, психологиялық тұрғыда әйел ана болуға 32 жасында дайын болады екен. Оған әсер ететін негізгі фактор – қыз-келіншектердің оқып-тоқуы. Соның салдарынан білім алып, оқыған қыз-келіншектер оқымағандардан отбасылық өмір жағынан 7 жыл қалыс қалып жатыр. Өйткені 2000-2018 жылдарда қыздардың оқуға ден қоюы 61 пайызға өскен. Ал 2019 жылдары еліміздегі жоғары оқу орындары түлектерінің 53 пайызы қыздардан құралған.– Негізі әйелдер тұңғышын 20-25 жаста туғаны жөн. Егер әйел осы аралықта көтермесе, одан кейін туа алмайды деген сөз емес. Жас ұлғайған сайын сүйек қатайып, әйелдің босануы қиындай түседі. Сондықтан 25 жасқа дейін бірінші баланы босанып алған дұрыс, – деді ол.