Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейромен кездесті. Кездесу барысында Сенат Спикері Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік, оның ішінде сөз бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі негізгі бағыттарын ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.
«ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясы қабылданғалы бері 10 жыл уақыт өтті. Бұл құжатта Еуроатлантикалық және Еуразиялық қоғамдастық елдері үшін қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі туралы негізгі тезис жазылған. Қазақстан ЕҚЫҰ қабылдаған қауіпсіздіктің негізгі үш бағыты: әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салалардың маңыздылығын үнемі басты назарда ұстап келеді. Сондықтан біз сөз бостандығын қамтамасыз ету және БАҚ мәселелеріне ерекше мән береміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
«Президентіміздің елімізді жаңғырту бағдары аясында саяси реформалардың үш топтамасы ұсынылды. Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қоғам алдындағы есептілігін арттыруға арналған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Адам құқықтарын қорғау саласын күшейтуге баса мән берілуде. Сондай-ақ азаптауларға қарсы және адам саудасымен күрес, азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамаларды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикерінің айтуынша, әлем бойынша цифрлық медиа-ортаны дамыту азаматтардың сөз бостандығын қамтамасыз етудің шешуші факторына айналды. Заманауи медиа технологиялар және олардың дамуы бір жағынан жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, екінші жағынан түрлі сын-қатерлерді де тудырғаны сөзсіз. Мәулен Әшімбаев бұл мәселелерді тиімді шешу үшін халықаралық қоғамдастық белсенділік танытуға тиіс екенін тілге тиек етті.
Кездесу соңында Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ өкілі Тереза Рибейроның елімізге сапары Қазақстан мен Ұйымның ынтымақтастығын одан әрі арттырып, екіжақты байланысқа тың серпін беретініне сенім білдірді.