Түркістан қаласы әсем ғимараттармен толығып, көріктене түсуде. Атап айтқанда, қаладағы өзге құрылыс нысандарын айтпағанда, қасиетті кесенеге жақын маңнан және ел аузында «жаңа қала» атанып кеткен Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында жеке ірі кәсіпкерлер сәулеті көз сүріндірер әдемі тұрғын үйлер мен коттедждерді көптеп салып жатыр. Әрине, бұл бір жағынан рухани астана тұрғындарының жағдайын жақсартып, қуанышына айналса, екіншіден, алыс-жақын елдерден сынап немесе қызығушылық танытып келіп-кететін қала қонақтарына көрсететін көрнекті ғимарат болады.
Рухани қалада жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі – Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа нысандардың жұмысын қадағалап, көзбен көріп қайтуды мақсат тұтқан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында белгілі болғандай, Түркістан қаласының шығыс бағытында орналасқан жаңа Әкімшілік-іскерлік орталығында жеке кәсіпкерлер есебінен бірнеше тұрғын үй кешені мен коттеджді қалашық, заманауи қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жаңа ғимараттар мен кеңселер бой көтеріп, сауда, ойын-сауық орталығы салынады. Облыс әкімі 12 гектар жерде бой көтерген 12 қабатты «Нұр-Сұлтан сити» тұрғын үй кешенінде болды. Түрік компаниясы салған зәулім үйлердегі пәтерлердің жалпы аумағы 160 мың шаршы метрден асады. Мұнда 2 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлайды. Жаңа үйлердің алдын абаттандыру жұмыстары қатар жүруде. Қазірдің өзінде құрылысы аяқталған бес үйдегі баспаналардың 90 пайызы сатылған. Айта кетейік, Әкімшілік-іскерлік орталық 1 500 гектарға жуық аумақты қамтиды. Бой көтерген жаңа ғимараттардың барлығы дерлік заманауи үлгіде. Онда Түркістан облыстық адвокаттар коллегиясы мен облыстық нотариалды палата ғимараттары орналасады. Сонымен қатар инвестициялық жобалар арасында бірнеше бизнес орталықтар, «Шахмат орталығы», мейрамханалар желісі, медициналық орталық, стоматология орталығы, коммерциялық ғимараттар мен ағаш көшеттерін өсіретін кешеннің құрылысы жоспарланған. Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастырылған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 13 мың гектарды құрайды.Тельман БЕЙСЕН