Көрік беретін ғимараттар
Көрік беретін ғимараттар
389
оқылды

Түркістан қаласы әсем ғимараттармен толығып, көріктене түсуде. Атап айтқанда, қаладағы өзге құрылыс нысандарын айтпағанда, қасиетті кесенеге жақын маңнан және ел аузында «жаңа қала» атанып кеткен Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында жеке ірі кәсіпкерлер сәулеті көз сүріндірер әдемі тұрғын үйлер мен коттедждерді көптеп салып жатыр. Әрине, бұл бір жағынан рухани астана тұрғындарының жағдайын жақсартып, қуанышына айналса, екіншіден, алыс-жақын елдерден сынап немесе қызығушылық танытып келіп-кететін қала қонақтарына көрсететін көрнекті ғимарат болады.

Рухани қалада жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі – Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа нысандардың жұмысын қадағалап, көзбен көріп қайтуды мақсат тұтқан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев кәсіпкер­лермен кездесті. Кездесу барысында белгілі болғандай, Түркістан қаласының шығыс бағытында орналасқан жаңа Әкімшілік-іскерлік орталы­ғында жеке кәсіпкерлер есебінен бірнеше тұрғын үй кешені мен коттеджді қалашық, заманауи қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жаңа ғимараттар мен кеңселер бой көтеріп, сауда, ойын-сауық орталығы салынады. Облыс әкімі 12 гектар жерде бой көтерген 12 қабатты «Нұр-Сұлтан сити» тұрғын үй кешенінде болды. Түрік компаниясы сал­ған зәулім үйлердегі пәтерлер­дің жалпы аумағы 160 мың шаршы метрден асады. Мұнда 2 мың­нан аса отбасы қоныс тойын той­лайды. Жаңа үйлердің алдын абаттандыру жұмыстары қатар жүруде. Қазірдің өзінде құрылысы аяқталған бес үйдегі баспана­лар­дың 90 пайызы сатылған. Айта кетейік, Әкімшілік-іс­керлік орталық 1 500 гектарға жуық аумақты қамтиды. Бой кө­тер­ген жаңа ғимараттардың бар­лы­ғы дерлік заманауи үлгіде. Онда Түркістан облыстық адвокаттар коллегиясы мен облыстық нотариалды палата ғимараттары орналасады. Сонымен қатар инвести­ция­лық жобалар арасында бірнеше бизнес орталықтар, «Шахмат орталығы», мейрамханалар желісі, медициналық орталық, стоматология орталығы, коммерциялық ғимараттар мен ағаш көшеттерін өсіретін ке­шеннің құрылысы жос­парланған. Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгал­дан­дырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсім­діктер дүниесімен қосылуды қам­тамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастырылған. Көгалдан­ды­ру­дың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 13 мың гектарды құрайды.

Тельман БЕЙСЕН