Пандемия: қасіреттен дәулет жиғандар

Пандемия: қасіреттен дәулет жиғандар

Министр Цой биыл үшінші рет ахуалдың тұрақталғанын жа­­риялағанымен, панде­мия­­ның аяқталар түрі көрін­бей­ді. Қазақстан бұған дейін COVID-19 індетімен күреске 6 триллионнан астам теңге не­месе 14 миллиардтай дол­­лар шығындаған. Алайда Үкі­мет бәрібір дерттің тара­луын шектей алмады. Аста-төк қаражаттың үлкен бөлігі ұрланған, мақсатсыз жұм­сал­ған. Ауруханаларда дәрі же­тіспеу проблемасы дүр­кін-дүркін бой көрсетуде. Ал құ­зырлы органдар ковид-пре­параттарды қолдан жа­­сай­тын жасырын цехтарды тап­ты.

Дәрі нарығы контрафактіге толған ба?

Денсаулық сақтау ми­нистр­лі­гінің талдауы көрсеткендей, пан­­­де­мия басталғалы жалған дәрі-дәр­мек өндірісі алапат ауқымда артқан. Ресми статистикаға сен­сек, 2015 жылы дәріні фаль­си­фи­ка­циялағаны үшін 125 әкім­шілік іс және 2 қылмыстық іс қозғалған. 2018 жылы бұл қылмыстар саны 2017 жылмен салыстырғанда 56%-ға күрт өскен. Нәтижесінде, 287 әкімшілік іс тіркеліп, жалпы со­масы 52,6 миллион теңге айып­пұл салынды (сомасы жөнінен 2017 жылғыдан 51%-ға көп). Кейінгі екі жылда жағдай мүл­дем ушығып кеткен: бірден 1 421 бұзушылық әшкереленді, олар бойынша 1 443 әкімшілік іс қоз­ғалып, жалпы көлемі 260,8 мил­лион теңге айыппұл салынған. Әрине, бұл тек беті ашылған қыл­мыстар ғана. Су асты иірімдеріндей, жалған дәрі-дәрмектің қара ба­зарының саудасы жасырын қызуда. Контрафакт тауарлармен кү­ресетін бас орган – Экономикалық тергеулер қызметі, салық төлеуден жалтарушыларды іздейтін Мем­кірістер комитеті және ДСМ жүр­гізген рейдтер кезінде небір былық ашылды. Алматыда цефамед, цераксон, цефтазидин, физиотенс секілді коронавирус инфекциясын емдеуде қолданылатын дәрілерді қолдан жасайтын цех табылды. Тексерушілер сау ете қалғанда, қоймасында саудаға жеткізілмеген 60 мың дана дәрі жатқан. Күдік­тілер қамауға алынды. Өз кезегінде дәріханалар цеф­триаксон, азитромицин, параце­тамол секілді сырқаттар аса зәру дәрілерді сатпай, жасанды түрде тапшылық туғызу, сөйтіп бағасын еселеп қымбаттату фактісі кездесті. Заңсыз схемаға елдегі 650 дәріхана қатысқан. Елордалық дәріхана­лардың бірі сертификаты жоқ ковид-препараттарды құпия түрде, қосалқы бөлмеден тым жоғары бағаға сатып келген. Ол дәрі­ха­надан жалпы сомасы 1,7 миллион теңгені құрайтын 2 811 қорап пре­парат тәркіленді. Тек Алматы қа­ласы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті жалпы құны қара нарықта 252 миллион теңге тұратын 100 мың бірліктен астам фальсификацияланған дәріні анықтап, тәркіледі. Өткен жылғы тексеру іс-ша­ралары қорытындысында әкім­шілік жауапкершілікке 1 000-ға жуық адам тартылды. Заңсыз ай­налымнан жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуықтайтын жарты мил­лиондай қорап медпрепарат тәркіленді. Анықталмағаны қанша екені белгісіз. 2021 жылғы тамыздағы жағдай бойынша, елімізде сатуға рұқсат етілмеген дәрілік құралдарды сатудың әзірге тек 12 фактісі әшке­реленіп, 12 әкімшілік хаттама толтырылған, 8,1 млн теңге айып­пұл өндірілген.

Ауруханадағылар да дәріні өзі сатып алған

Денсаулық сақтау индустрия­сын дамытудың Корея институты (KHIDI CIS5) сарапшылық агент­тігінің мәліметінше, Қазақстанда дәрі-дәрмектің заңсыз айналымы 10-12%-ды құрайды. ДСМ дере­гінше, «2020 жылы отандық дәрілік құралдар нарығының жалпы кө­лемі 480 млрд теңгені құрады, демек заңсыз айналым 52,8 мил­лиард теңге деп болжанады». «Дәрілік препараттар мен ме­дициналық бұйымдардың айна­лымы саласындағы мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы тетігі тым оралымсыз. Себебі ол жалған немесе медициналық қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік құрал­дар­ды өткізу фактілерін тек халықтан, заңды тұлғалардан шағым түскенде немесе прокуратура мен құқық қорғау органдарының тексеруі кезінде анықтауға мүмкіндік береді», – деп түсініктеме берді Ден­саулық сақтау министрлігі. Сондықтан 2022 жылдан Қа­зақстанда дәрі-дәрмектің әрбір қорабын міндетті таңбалау енгі­зіледі. Яғни, бірегей Data Matrix жапсырмасы жапсырылмаған дәрі-дәрмектер жалған болып саналады. Негізі, ковид-препараттарға қа­тысты қалыптасқан жағдай ха­лықтың қабырғасына батып тұр. 13 қыркүйектегі жағдай бойынша, КВИ індетінен 78 512 адам емде­луде: 70 184-і – коронавируспен, ал 8 328-і коронавирус пневмо­ниясымен ауырған. Соның ішінде тек 16 345 пациент қана ауруханада ем алып жатыр. Ал 62 167 сырқат үйінде емделуге мәжбүр. Яғни, он­даған мың адамға ковид дәрмек­терді өз қаражатына алуға тура келуде. Себебі мобильді бригада келгеннің өзінде екі түрлі дәріні ғана тастап кетеді. Қалғанын нау­қас өзі сатып алуы керек. Шымкент тұрғыны Бақыт Үсен­қызы ата-анасы ауруханада жатса да, оларға аса қымбат дәріні өз қаражаттарына сатып алуға мәжбүр болғанын әңгімеледі. Оның 70 жастан асқан әкесі мен анасы биыл тамыз айында індетке душар болады. «Шымкенттегі Nazmed ме­ди­циналық орталығына жатқызылды. Өкпелерінің қабынуы 30%-ға дейін жетті. ПТР-тест оң нәтиже көрсетті. Ауруханаға түскенге дейін ата-анам өз бетінше жүріп-тұратын, тыныс алатын. Тек жөтел қысып, қызу түспей қойды. Алайда апта ішінде күн өткен сайын жай-күйі нашарлай берді. Ақырында оттегісіз демала алмайтын жағ­дайға жетті. Хабарласқанымызда, ата-анамыз медперсоналдың ша­қырғанда келмейтініне, өзі сұра­маса науқастардың қызуы мен қысымын өлшемейтініне шағым­данды. Аурухана іші лас, антиса­нитария. Емдеуші дәрігері ноли­пред және ремдесивир дәрілерін сатып алуымыз керегін айтты. Оны ұзақ іздеп, ремдесивирдің – 12 флаконын, солу-метилдің 3 фла­конын, жалпы сомасы 252 мың теңгеге сатып алдық», – дейді ол. Жалпы, цефтриаксон (цеф-3, цеф-4) секілді коронавирусты ем­деуге арналған бастапқы препа­раттар көмектеспесе, дәрігерлер тілімен айтқанда, науқастың ауруы меңдеп, «екінші толқын» басталса, ақ халаттылар ремдесивир секілді препараттарға жүгінеді. Дәрігер­лердің мойындауынша, бұл – экс­перименталды дәрі, оның нәти­желері мен тиімділігі әзірге толық­қанды зерттелмеген. Алайда сыр­қатты аман алып қалу үшін олар амалсыз соны қолдануға барады.

Қанша шенеунік жазаланды?

Коронавируспен күреске біраз қаражат бөлініп жатқанына қа­рамастан, Үкіметтің сырқаттарды ең құрығанда бірінші кезекте қа­жетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алмай отырғаны қынжылтады. Ал осы қаражаттың қолды болуы қоғамның ашуын туғызады. Есеп комитеті COVID-19 інде­тімен күреске бөлінген қаражаттың жұмсалуына аудит жүргізе келе, 355 миллиард теңгенің бұзушы­лығын анықтады. Бірақ ол панде­мияға қарсы төгіліп жатқан қаржы тасқынын толыққанды тексере алмаған. «6,9 триллион теңгенің 4,5 триллионы тексерілді. 355 млрд теңгенің бұзушылығы әшке­ре­ленді. Тағы 243 млрд теңге Үкі­метпен бірлескен жұмыс нәтиже­сінде басқа бағыттарға қайта бөлінді», – деді Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова. Дегенмен ол сонша ақшаның қалай талан-тараж болғанының егжей-тегжейін айтпады. Назар аударар жайт, осы қыл­мыстар үшін әзірге биік лауазымды тұлғалар сотталған жоқ. Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Бір­танов 14 қарашаға дейін ары қарай үй қамағында отырады, сыртқа шығуына, туысқандарымен кез­десуіне рұқсат. Рас, оның қамауға алынуына пандемияның қатысы жоқ: бұрынғы министр және оның орынбасары Олжас Әбішев «ми­нистрліктің жұмысқа жарамсыз ақпараттандыру тұғырнамасын қабылдап алған» деп айыпталуда. Сондай-ақ санавиация ұшақтарын жеке мақсаттарына пайдаланған деседі. «СҚ-Фармация» басшылығы да жеңіл құтылды: бірыңғай дис­трибьютордың экс-басшысы Берік Шәріп те 11 ай изоляторда отыр­ғанымен, сотталмай, бостандыққа шықты. Ол Қытайдан КВИ-ге қарсы қорғаныш костюмдерінің жеткізілімін жарға жықты деген күдікке ілікті. Салдарынан 2020 жылдың ортасына дейін көптеген медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Жалпы алғанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пандемия кезеңінде 100-ден аса қылмыстық іс қозғаған. Оның жартысы ақша ұрлаумен байланысты болған. 132 өкпені жасанды желдету аппаратын нарықтық бағасынан 2 миллиард теңгеге қымбат сатып алудың жолы кесілді. «Халық үміт артқан, билік өкі­леттіктерін жүктеген адамдар – жекелеген принципсіз шенеунік­тер мен топ-менеджерлер панде­мия кезінде не Құдайдан, не заң­нан қорықпай, өз лауазымдарын жоғары табысты төл бизнесін да­мытуға, бюджет қаржысын ұр­лауға, жүйелі түрде пара алуға пай­даланды. Халықтың қасіре­тінен байлық жию сатқындық пен кісі өлтіруге тең!» – деді анти­кордың биылғы алқа отырысында сол кездегі төрағасы Алик Шпек­баев. Әйткенмен, артынша өзі отставкаға жіберілді. Қолда бар дерекке жүгінсек, 2020 жылы әртүрлі деңгейдегі 210 басшы қылмысы үшін жазаға тар­тылған. 25 аса ауыр және 1 368 ауыр қылмыс, сондай-ақ жүйелі кор­рупцияның 112 фактісі әшкере­ленген. Сотта ұйымдасқан қыл­мыстық топ құру туралы 4 іс қаралып жатыр. Алайда оның көбі сотта шашылып қалды. Антикор Президенттің тапсырмасымен Әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру қорындағы ақша ұрлау фактісіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған-тын. Бірақ ар­тынша оның экс-басшысы Ай­батыр Жұмағұловқа ешқандай тағар айыбы жоғын жария етті. Осылайша, ұсақ лауазымдағылар жауапкершілікке тартылғанға ұқсайды. Кем дегенде, 481 шенеу­нік тәртіптік жазамен құтылған. Қорытынды және толымды ста­тистика әлі күнге жоқ. Қалай болғанда, пандемия аяқталғанда билік онымен күреске қанша ел қаржысы жұмсалғанын, оның қайсысы ел игілігіне айна­лып, қайтарым бергенін, ал қанша миллиарды ұрланып кеткенін ашып айтып, үлкен есеп берсе жөн. Бұл демократияға және «Ха­лықтың үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келсе керек.

Елдос СЕНБАЙ