Ақмолада аурухана неге жабылды?
Ақмолада аурухана неге жабылды?
501
оқылды

Індет күшейіп, коронавирус жаналқымнан алып жатқанда Ақмола облысының Степногорск қаласының ірі ауруханаларының бірінде болған жағдайдан өңір жұртшылығы жағасын ұстап отыр. Степ­ногорск қаласында туберкулез дертіне қарсы білдей өкпе-тера­пиялық бөлім толықтай жабылып тынбақ. Ал ауруханада жұмыс істейтін 39 медицина қызметкеріне жұмыссыз қалу қаупі төнген.

Медициналық мекеме қызметкер­леріне жұмыс берушінің бастамасы бо­йынша еңбек келісімшартының бұзы­латыны туралы хабарландыру берілген. Қайда барып жұмыс табарын білмей дағ­дарған дәрігерлер мен медицина қызмет­керлері облыс әкімдігіне дейін өздерінің шағымхаттарын жолдапты. Алайда мәселенің шешілер түрі көрінбейді. Степногорск өкпе-терапиялық бөлі­мі – Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығы құра­мын­дағы ірі медициналық ұйым. 30 ке­реуеттік туберкулез ауруларын емдейтін медицина мекемесі Көкшетау қаласындағы туберкулез ауруханасына коронавирус пандемиясымен науқастанғандар орналас­тырылғандықтан туберкулезбен ауырған­дар толықтай Степногорскке жіберілетін.

39 медицина қызметкері жұмыссыз қала ма?

Аурухананың жабылатыны туралы хабар аурухана ұжымына төбеден жай тү­сіргендей әсер етіпті. Бөлім дәрігерлерінің пікірінше, коронавирус пандемиясы күшейген жағдайда Степногорсктегі өкпе-терапия бөлімі жабылса, туберкулезбен ауыратын адамдарды орналастыратын жер табылмау қаупі төнеді. «Біз аурухананың жабылатыны туралы Ақмола облысы Денсаулық сақтау бас­қармасы мен облыстық фтизиопуль­мо­нология орталығы бұйрықтары бойынша жұмыс берушінің «Туберкулез орындарына оңтайландыру жүргізетіні туралы хабарды 10 қыркүйек күні алдық. Жұмыс берушінің бастамасымен еңбек келісімшарты 15 қыркүйектен бастап бұзылатынын білдік. Елімізде туберкулез аурулары асқынып тұрғанда бұлай еткендері жөн емес деп санаймыз. Егер коронавирустың төртінші толқыны болған жағдайда туберкулез ауруларын емдейтін орын қалмайтын жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Осы жылы біздің бөлім толық жүктемеде жұмыс іс­теді. Жоспардың орындалуы 123 пайызға, ал туберкулез ауруларын емдеу тиімділігі 95-96 пайызға жетті. Бұл біздегі емдеу мен медициналық қызмет сапасының жоғары екенін көрсетпей ме?!. Қаладағы өкпе-терапиялық бөлімнің жабылуы коро­на­вирус пандемиясының да, туберкулез ауруларының да деңгейі өсіп келе жат­қандықтан өте үлкен катастрофалық жағ­дайға әкеліп соғуы бек мүмкін», – дейді мекеме дәрігерлері. Мекеме ұжымының айтуынша, Степ­ногорск өкпе-терапиялық базасында ту­беркулезбен және COVID-19 науқаста­рымен ауырғандар үшін оңалту орындарын қойған тиімді болмақ. Алайда жоғары бас­шылық тарапынан бұйрықты танысты­руға да келмеген.

Бұйрықты таныстыруға басшылықтан ешкім келген жоқ...

«Емдеу мекемесін жаппаған жағдайда біз жоғары білікті кадр құрамы мен ма­териалдық-техникалық базаларымызды да сақтап қалатын едік. Егер өкпе-тера­пия­лық бөлімі қысқартылса, 39 жоғары білікті маман жұмыссыз қалмақ. Бір өкініштісі – ұжымды бұйрықпен таныстыруға Ден­саулық сақтау басқармасынан да, облыс­тық фтизиопульмонология орталығының директоры да, орынбасары да келген жоқ. Бізге тек бұйрыққа сәйкес жауапты тұлғалар болып табылмайтын заңгер, эко­номист пен кадр бөлімінің қызметкерлері ғана жол­данды. Олар тек қысқарту туралы бұй­рықты оқып берді. Жалғызбасты ана­ларға, көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар аналарға Көкшетау қаласына тұрғын үй мен белгілі бір жұмыс орнын ұсы­нусыз жұмысқа тұру ұсынылды. Ал қызмет­керлердің көпшілігі осында 20 жылдан артық жұмыс істеп келеді. Олар­дың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен, енді тіпті жағдайы мүшкіл болуы мүм­кін», – дейді аурухана ұжымының қызметкерлері. аурухана Аурухана қызметкерлерінің айтуын­ша, жұмыссыз қалуы мүмкін қызмет­кер­лерді Степногорск қаласында тұрғылықты жеріне қарай жұмысқа орналастыру бо­йынша облыстық орталықтың басшысы Махашев ешқандай бастама жасамаған. Дәрігерлер «мәселені қалалық әкімдік, «Nur Otan» партиясы мен Степногорск қа­ласы медициналық мекеме басшылары бірлесіп шешсе» дейді.

Мекеменің кереуеттік жұмыс қуаты толық орындалмады

Мекеме ұжымы толық жүктемеде жұ­мыс істедік дегенімен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мұнымен келіспейтінін бірден аңғартты. Басқарма басшысы мүлде кереғар пікір білдірді. «Степногорск өкпе-терапиялық бөлім базасында туберкулез науқастарын ем­деуге арналған 30 кереует стационар орналастырылған. Қазір бөлімде 30 науқас емделіп жатыр. Емделушілер 4 қабатты ғимараттың тек 1 қабатында ғана орна­ласқан. Қуаты 70 кереуеттік бөлім жұмысы 2018 жылы тек 69,1 пайызға, 2019 жылы 39,3 пайызға ғана орындалған. Кереуеттер жұмысы тиімсіз болуына байланысты бөлімнің кереуеттік қуаты 30 кереуетке дейін қысқартылған. Соның өзінде өткен жылдың қорытындылары бойынша кереуеттер жұмысы тек 83,1 пайызға ғана орындалды», – дейді Ақмо­ла облысының Денсаулық сақтау бас­қармасынан. Басқарманың мәліметінше, облыстық фтизиопульмонология орталығы базасын­да коронавирус науқастары үшін инфек­циялық стационар жұмыс істегендіктен, туберкулез аурулары Степногорскке ем­деуге жіберілген. Сондықтан осы жылдың 8 айындағы кереуеттердің орындалуы 126 пайыздан асқан.

Бөлім жабылса, 200 миллион теңгеге жуық ақша үнемделеді

Денсаулық сақтау басқармасының ­бер­ген жауабын облыстық фтизиопуль­­монология орталығының басшылығы да қуаттады. «Қазір 70 орындық Көкшетау қаласын­дағы өкпе-терапиялық бөлімде 26 адам ғана жатыр. Яғни, кереуеттер бос қалуы әбден мүмкін. Степногорсктегі барлық науқасты қабылдау мүмкіндігі бар. Бюджет қаражатының тиімсіз пайдалануын бол­дырмау мақсатында Степногорсктегі өкпе-терапия бөлімінің одан әрі жұмыс істеуі тиімсіз болып отыр. Өйткені бөлімді ұстауға жыл сайын 200 миллион теңгеге жуық ақша жұмсалады. Осыған байла­нысты емдеу мекемесін оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Қазір кәсіп­орын әкімшілігі Степногорск қаласындағы медициналық ұйымдар мен мекеме қыз­меткерлерін жұмысқа орналастыру мә­се­лесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жа­тыр. Мекеме қызметкерлеріне балама жұ­мыс орындары ұсынылмақ», – дейді Ақ­мола облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жұмабек Махашев. Біз мәселе жөнінде Степногорск қа­ласы әкімінің пікірін білуге ұйғардық. Алайда қала әкімі жаңалықты тек жақында ғана әлеуметтік желілерден естігенін, ал медициналық мекеменің жұмысына еш­қандай қатысы жоғын алға тартты. «Мен бұл туралы ештеңе білген жоқ­пын. Қаладағы өкпе-терапиялық бөлім­нің жабылатыны туралы интернет же­лілерден оқып қалдым. Бірден облыс­тық Денсаулық сақтау басқармасына, об­лыстық фтизио­пульмонологиялық орталық басшылығына хабарластым. Олар ертең келіп барлық жағдайды түсіндіретінін айтты. Емдеу ме­кемесінің жұмысына біздің еш қаты­сы­мыз жоқ. Барлық мәселені облыстық Ден­саулық сақтау басқармасы шешеді», – дейді Степногорск қаласының әкімі Ерке­бұлан Баяхметов.

P.S. Сонымен, әзірге Степногорск­тегі жұмыссыз қалу қаупі төнген 39 бір­дей медицина қызметкерінің қайда жұ­мысқа орналастырылатыны әзірге бел­гісіз. Ал туберкулез бен коронавирус пан­демиясына шалдыққан науқастары одан әрі көбейген жағдайда не болмақ? «Оңтайландырамыз деп жүріп, омақасып қалмаймыз ба?» деген сауал өңір тұрғын­дарын да мазалап тұр...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы