Жақында елордада мүмкіндігі шектеулі бір топ Үкімет үйінің алдына арызданып барды. Олар мемлекет тағайындаған жәрдемақының күнкөрістеріне жетпейтінін айтып шағымданды. Ашуға булыққан кейбіреулері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің отставкаға кетуін талап етті.
Жәрдемақы қай жыртыққа жамау болады?
Бүгінде Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедек бар: 430 мыңы – еңбекке қабілетті, 181 мыңы – зейнет жасында, 94 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар. Соңғы бес жылда мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 7,5 пайызға артқан. Министрліктің дерегіне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтар-тамыз айларын республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 206,6 млрд теңге бөлінген. Бір қарағанда көп қаржы сияқты, бірақ бұл соманы мүгедек адамдардың жан басына шаққанда 49 375 теңгеден айналады. Қазіргідей қымбатшылық заманда мүгедек адамның бұл ақшаға өмір сүруі мүмкін бе? Кейінгі үш жылда республикада ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдарға берілетін мемлекеттік көмек әр жыл сайын 5 пайызға өсіп отырған. Яғни, І топтағы мүгедектің жәрдемақысына жылына – 3 400 теңге, ІІ топтағы мүгедектің жәрдемақысына – 2 600 теңге, ІІІ топтағы мүгедектің жәрдемақысына 1 700 теңге үстеме қосылып келген. Сонда қазір І топтағы мүгедектер – 65 860 теңге, II топтағы мүгедектер – 52 483 теңге, III топтағы мүгедектер 35 675 теңге алады. Ал ас-су мен көпшілік күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызметтердің құны ай сайын қымбаттап жатыр. Тек азық-түліктің өзі бір жылда 30 пайызға өскен. Сонда Үкіметтің мүгедектердің жәрдемақысына қосқан 2-3 мың теңге үстеме ақшасы қай жыртыққа жамау бола алады?! Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, мемлекет мұндай санаттағы азаматтарын қамқорлыққа алуға міндетті. Алайда Үкімет мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті жағдай жасап бере алмай отыр. «Қазіргідей инфляция кезінде халықтың әлеуметтік әл-ахуалы көп төмендеп кетті. Жаппай қымбатшылық, әсіресе мүгедек жандарға ауыр тиді. Сол себепті олардың жәрдемақысын 30 пайызға дейін көтеру керек», – дейді ол. «Мүгедектігім үшін 52 мың теңге жәрдемақы аламын. Жәрдемақыны не тамағыма, не коммуналдық төлемге, не дәріме жеткізе алмаймын. Әйтеуір, өлместің күнін көріп келеміз, Үкіметтен еш қайыр жоқ», – деп күйінеді Мәлік Сабырханов.Мемлекеттік көмектің сапасы қандай?
Сондай-ақ мұқтаж жандарға мемлекеттен берілетін мүгедектер арбаларына қатысты айтылар сын көп. Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған Әлия Сәбитованың да мемлекет көмегінің сапасы нашар, қолдануға қолапайсыз екенін айтты. Ол былтыр өздеріне берілген арбаның қолапайсыздығы өз алдына, оның өлшемі баласы түгілі өзіне үлкен екенін айтып шағымданды. Сөйте тұра, оның шарт бойынша енді 5 жыл бойы мүгедектерге арналған басқа арбаны сұратуға кақысы жоқ көрінеді. «Мен қолданысқа ыңғайлы әрі өзіне шақ етіп қоюға болатын сапалы арбаны көп іздедім. Олардың бағасы 500 мың теңгеден кем түспейді. Мұндай арбаны Ottobock фирмасынан таптым. Бірақ мұндай ақшаға арба сатып алуға әркімнің жағдайы жете бермейді. Сондықтан достар, сіздер әлеуметтік желіде мүгедектер көмек сұрап жатса, өтінемін, көмектесіңіздер. Өйткені мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіп отырған көмегі мардымсыз. Тек алаяқтарға ұрынып қалмаңыздар! Қазір қасында ондайлар көбейіп кетті»,– деп қынжылды ашынған ана. Ал мемлекет мұндай қымбат арбаларды сатып алмайды. Мүгедектердің жағдайына жауапты шенеуніктер арбаның арзанына жүгіреді, соған қарағанда олар үшін арбалардың сапасы емес, саны маңызды сияқты. Құдай бетін аулақ қылсын, адам дәл мұндай ахуал өз бастырына туғанда ғана олар мүгедектердің мұқтаждығын шын сезінер еді. Қазақта «Басы ауырмастың қасында жаны ашымас» деген бар. Өйткені біздегі шенді-шекпен шетелде емделеді, шетелдің сапалы медицинасына жүгінеді. Бұған олардың жағдайы бар, жиған-тергені жетеді, ал қалтасы тесік қарапайым халық қайтпек?! Ол ол ма, мүгедектер тіпті коронавирус індетіне байланысты елімізде карантин жарияланған кезде де мемлекеттің қолдауын сезіне алмаған. Мәселен, Ресейде пандемия уақытында мүгедектерге мемлекет тарапынан белгілеген жәрдемақыға қосымша федералдық бюджеттен 12 900 рубль, облыстық бюджеттен 28 600 рубль, аудандық бюджеттен 2 821 рубль көлемінде үстемеақы төлеп тұрды. Ал Қазақстанда пандемияға байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға 10 600 теңге ғана берілді. Онда да республикалық бюджеттен емес, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бойынша жергілікті бюджеттен төленген. Басқа облыстар бұл төлемді төлей алмаған.Мұқтаж жандар өз мүддесін қорғауға неге дәрменсіз?
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасын айтып, талай есікті тоздырдым, мәселені шешудің жолын айтып, ұсыныс жасадым, бірақ көпшілігі аяқсыз қалады. Әлбетте, жоғары биліктің кең кабинеттерінде мүгедектер мәселесі көтерілмейді емес, көтеріледі, бірақ олар іс жүзінде шешілмей, тек қағазда көрсетілген. Шенеуніктер мүгедектер проблемасын жабық есіктердің ішінде, біздің қатысуымызсыз өздері талқылайды. Бірақ одан шыққан дұрыс нәтижелерді көріп отырғанымыз жоқ. Мені шенеунік азаматтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселесіне бейжай қарайтыны қатты алаңдатады,– деді «ELAMAN» әлеуметтік инновациялық жобалар қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Алмас Ержан. Қоғамдық қордың мүмкіндігі шектеулі жандардың тіршілік-тұрмысына қатысты көтеріп отырған мәселелері шаш етектен. Ол әлеуметтік кәсіпкерлікке, тұрғын үй мәселесіне, инватаксиге, мемлекеттік органдар қызметтерінің қолжетімділігіне, тағы басқа жан-жақты жайтты қамтиды. Ал айта берсең, мүгедек жандардың мұқтаждығы көп. Алмас мырза мәселенің екінші жағы бар екенін де айтады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар үйде отырып күңкілдей бермей, Үкіметке батыл талап қоюы тиіс. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жергілікті мәслихаттарға, Парламент Мәжілісіне сайлануларына квота бөлінді. «Осы заң бойынша берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, Үкіметтің құлағына мүгедектердің мұқтаждығын жеткізу керек, сондай-ақ атқарушы биліктің әр тармақтарында біздің өз өкілдеріміз отыруы қажет. Сонда ғана мүгедектер проблемасы оң шешіле бастайтын болады. Біз өз құқымыз үшін күресуіміз керек»,– деді қоғамдық белсенді. Мынау қасаң қоғамда мүгедектерге өз мүдделері үшін күресудің жеңіл болмайтынын түсінетінін жеткізді.Еңбекпен қамтуда не ескерілуі керек?
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту ісінде де кілтипан көп. Тағы да сол Еңбек министрлігінің дерегіне жүгінсек, қазір елімізде 85,5 мың мүгедек жұмыс істейді, олар негізінен ІІІ топтағылар. Әлбетте, мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға көңіл бөліп отырғаны қуантады. Дегенмен бұл еңбекке жарамды мүгедектердің бестен бір бөлігі екенін еске сала кеткен артық емес. Сөйте тұра, олардың физиологиялық ерекшеліктерін де ескерген жөн. Республиканың зейнетақыға байланысты заңнамасында адамның денсаулығына байланысты әлдебір арнайы жеңілдіктер қарастырылмаған. Мүгедектер тұрмақ, денсаулығында ақауы жоқ қатардағы адамдардың өзінің жасы ұлғайған сайын жұмыс істеуі қиындай беретіні белгілі. Ал созылмалы кеселі, кінәраты бар жандардың осы шақта жұмыс істеуі әлденеше есе ауыр. Тіпті, зейнетақы жасына жете алмай о дүниелік болып арманда кетіп жатқандары қаншама?! Алайда мүгедек жандар жанын азаптап жүріп, 63 жасқа дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Олардың бұдан басқа амалы жоқ, өйткені Үкіметтің мүгедектерге беретін жәрдемақысына жан бағу мүмкін емес екенін көріп отырсыздар. Мүгедектер 63 жасқа жеткенше жұмыс істемейтін болса, ең төменгі зейнетақымен ғана қалады. Сәуір айының соңына таман бір топ мәжілісмендермүмкіндігі шектеулі жандар үшін зейнетақы жасын төмендету туралы мәселе көтерген болатын. Депутаттар бұл санаттағы адамдардың мәселесін кешенді түрде шешу қажет екенін және бұл олардың зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыс істеу құқынан айырмау керегін айтады. Өйткені кейбір мүгедектер, әсіресе ауылдық жерлерде зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыс істей береді. Осы жағы да назардан тыс қалмауы тиіс. Сондықтан «артық қыламын деп тыртық қылып алмаудың» жайын ескеру қажет. Депутаттар мүмкіндігі шектеулі жандарды ерте жастан зейнетке шығаруға арналған заң жобасын әзірлегенде олардың диагнозын, денсаулық жағдайын, еңбек түрі мен басқа да жайттарды егжей-тегжейлі сараптау керегін айтып, Үкіметке сауал жолдады. Сөз соңында айтарым, Еуропа мен АҚШ-та мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлық ерекше. Оларға кез келген мемлекеттік органдардың қызметі қолжетімді. Өркениетті елдер мен Қазақстандағы мүгедектерге деген көзқарасты мүлдем салыстыруға келмейді. Еуропаның кез келген мемлекетінде мүгедектерге берілетін жәрдемақының көлемі біздің елмен салыстырғанда 10-20 есе көп. Оны айтасыз, Германияда көшеде жүрген маскүнем қаңғыбас адамдардың өмір сүруіне мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны біздің ақшаға айналдырғанда 80 мың теңгеден асып түседі екен. Бұдан кейін не деуге болады?!Дәулет АСАУ