Шымкент қаласында соңғы күндері үлкен-үлкен нысандарда жойқын өрт шығып, көпшіліктің назарын аударды. Әсіресе, 26 тамыз бен 5 қыркүйек аралығындағы, яғни бар-жоғы 10 күннің ішінде бірінен соң бірі болған өрттен кейін ел едәуір үрейленіп-ақ қалды.
Алдымен биыл ғана ашылған цитадель аумағындағы «Шымқала» этноауылын өрт шарпыса, одан соң дәл әкімдіктің жанындағы 9 қабатты үй жалынға оранды. Тілсіз жау мегаполистегі ең үлкен сауда, ойын-сауық орталықтарының бірі – «Фиркан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасына да ауыздық салды. Артынша өңірдегі көне болса да, маңызын жоймай келе жатқан көтерме және бөлшек-сауда орталығы «Қырғы базардан» өрт шықты. Үшеуі де қоғамдық орын. Көп ұзамай демалыс күндерінің біріндегі түскі уақытта Еңбекші ауданы аумағынан шыққан қою қара түтіннің Желтоқсан көшесіндегі жеке үйдің қорасынан шыққанын естідік. Қорадағы 16 қой да сол жалынның ішінде қалып кеткен. Ал маусым айының ортасында теміржолдың бойындағы жүк вагоны өртеніп, өртсөндірушілерді біраз әбігерге салған болатын. Кешкі сағат 19 шамасында теміржолдың бойында өрт шығып жатыр деген хабарды естіп, жедел жеткен төтеншеліктер Көксай-3 көшесі маңындағы 23-теміржолда жөндеу жұмыстары үшін бөлек тұрған жүк вагонының көк түтінге оранып жатқанын көреді. Тез арада оқшауланған нысан 10 минутта оттан арашаланады. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Шымқала» этноауылы аумағынан өрт шыққаны туралы хабарлама 26 тамыз күні түнгі 1-ге таяу түскен. Өртсөндірушілер жалын шарпыған аймақпен жарты сағаттай арпалысып, отты толығымен сөндіреді. Кейін белгілі болғандай, мұнда этноауыл аумағында орналасқан көлемі 80 шаршы метр бастырма мен көлемі 8 шаршы метр қораның қамыс төбе жаппасы жанғаны анықталған. ТЖД бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаевтың айтуынша, бұл нысан әкімдіктің меншігі және мұнда әлі құрылыс жұмыстары бітпеген. Сондықтан төтеншеліктер осынау аумақты әлі қабылдап алмапты. Шығындары есептеліп жатқанын айтады. Осы тұста айта кетейік, кейбір әлеуметттік желі белсенділері этноауылды өртеу қолдан ұйымдастырылуы мүмкін деген жорамал айтады. Себебі дәл қазір осы кешенге кеткен қыруар қаржыға байланысты кейбір лауазымды тұлғаларға тексеру жүргізіліп жатыр екен. Жұмсалған ақшаның артын жабудың әлегі деп баға бергендер де бар. Кім білсін, әйтеуір өңірде соңғы кездері мәдениет саласына қатысты дау бітпей қойды. Сондықтан жел сөз болса да, жаны бар ма деп қаласыз... 27 тамыз күні екі бірдей үлкен өрт болды. Кешкі сағат 18-дер шамасында қалалық әкімдік маңындағы 9 қабатты жаңа үйлердің бірінен будақтап шыққан от осынау үйге жапсарлас салынған бірнеше үй тұрғындарын әп-сәтте әбігерге салып қойды. Өртсөндірушілер 55 шаршы метр алаңдағы сыртқы қаптама мен 18 шаршы метр пәтердегі асхана жанып жатқанын анықтаған. 28 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Аманбек Алтынбекұлының айтуынша, аталған көпқабатты үйдің сыртқы қаптамасы тез жанатын құрылыс материалынан салыныпты. Сондықтан жалын көзді ашып-жұмғанша біраз аумақты жайпап үлгерген. Зардап шеккен үйдің сыртқы қаптамасы мен тұрғын үй заттары үшін келген шығын – 5 млн 720 мың теңге. Артынша кешкі сағат 20-лар шамасында «Орталық қырғы базар» аумағында 4 сауда дүңгіршегінің отқа оранғаны туралы хабарлама келген. Базар аумағында дәріхана, 2 азық-түлік және 1 тұрмыстық химия заттар дүңгіршегі жанған. Бүгінде өрттің себептері әлі анықталып жатыр. Ал шығын көлемі – 5 млн теңге мөлшерінде. Үш күннен кейін шымкенттіктерді шошытқан тағы бір өрт оқиғасы тіркелді. Қала шетіндегі аумағы бірталай жерді алып жатқан сауда және ойын-сауық орталығы «Фиркан» өртеніп жатыр» деген дақпырт талай жерге тарап үлгерді. Алайда абырой болғанда мұнда орталықтың өзі емес, сусындар мен минералды су қоймасында өрт шыққан екен. Дегенмен тигізген зардап аз емес. ТЖД бастығының орынбасары мұны биыл жыл басынан бері өңірде болған ірі өрттердің бірі санайды. Өртсөндірушілер тілсіз жаумен екі сағат бойы арпалысқан. 927 шаршы метр болатын минералды сусындар сақтайтын қоймада болған өрттің шығын көлемі 50 миллион теңге болып отыр. Ал төрт күннен соң Еңбекші ауданына қарасты Желтоқсан көшесіндегі тұрғын үйге жапсарлас салынған 100 шаршы метр болатын қора толығымен жанып кеткен. Өкінішке қарай, ондағы 400 орам шөп пен 16 уақ малдың күлі қалған. Ыстық жалын тұрғын үйдің де шатырын отқа орады. Біз өңірде болған осынау алапат өрттердің неге жиі-жиі шыққанын білмек болып, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласқан болатынбыз. Департамент басшысының орынбасары Аманбек Бейсембаев жыл басынан бері ірілі-ұсақты 116 өрт оқиғасы тіркелгенін айтты. Жалпы, келген шығын 420 миллион теңге. Қайтыс болғандар жоқ. «Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10 оқиға аз тіркеліп отыр. Дегенмен жыл басынан бері 8 ірі өрттің болғанын атап өтуге болады. Оның бірі – наурыз айында болған «Тұлпар» автокөлік қосалқы бөлшектер сататын дүңгіршегіндегі жалын. Шығыны 60 миллион теңге болған ең ірі өрт оқиғасы – осы. Одан бөлек, олардың қатарында «Сайдығани» сауда қатары, «Атамирас» бизнес орталығы, Crocus сауда орталығы, мақта қалдықтары жиналатын ғимарат та бар. Олардың барлығы бойынша істі полицияға өткізгенбіз. Қылмыстық құрамы бар-жоғы зерттеліп жатыр», – дейді Аманбек Алтынбекұлы. Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, өрттің шығу себебінің басым бөлігі, яғни 80 пайызы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан екен. «Қысқа тұйықталу кезінде электр энергиясының қажетсіз жұмсалуымен қатар ток көзі де істен шығып, бұл кезде пайда болатын күшті токтар сымдарды қатты қыздырып, өрт тудырады», – дейді ол. Жалпы, шымкенттік өртсөндірушілер барлық жағдайға сақадай сай екенін атап өтті департамент басшының орынбасары. Соңғы жылдары жергілікті билік тарапынан ерекше көңіл бөлініп, материалдық-техникалық жағдай едәуір жаңарып, жақсарғанын да жасырмады. Иә, тілсіз жаудың қашан, қай уақытта болатынын болжау мүмкін емес. Лайым болмасын! Дегенмен соңғы кездері сауда нысандарында көбейген от шарпу жағдайлары ел арасында әдейі, қасақана ұйымдастырылған деген түсінікті ұлғайтып келетіні де жасырын емес…Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы