Талқылау қорытындысы бойынша осы саладағы кемшіліктер мен олқылықтарды жою жөнінде кешенді ұсыныстар әзірленіп, уәкілетті органдарға жолданды.
Қазақстандықтар қарызы қанша теңгеден асса шетелге шыға алмайды?
Коллаж: zanmedia.kz
5,043
оқылды

Сот әкімшілігінде борышкерлердің елден тыс жерлерге шығуына байланысты түйткілді мәселелер талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Бас прокуратураның, Әділет және Денсаулық сақтау министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілдері, облыстық және оған теңестірілген соттардың азаматтық істер жөніндегі сот алқаларының төрағалары, Сот әкімшілігі аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.

Жиынды өткізуге атқарушылық құжаттар бойынша борышкерлердің Қазақстаннан тысқары жерлерге шығуына уақытша шектеулерді тоқтата тұру туралы сот орындаушыларының қаулыларына соттардың санкция беру практикасын талдау нәтижелері арқау болды.

– Әдетте, 147 мың теңгеден (40 АЕК) 3 айдан астам өтелмеген қарызы барларға жол жүруге тыйым салынады. Шетелге шығуға шектеулердің тоқтатылуының жалғыз себебі – шетелде емделу қажеттілігі.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, биылғы 10 ай ішінде сотқа жіберілген 1768 қаулының 867-сі немесе әрбір екіншісіне санкция беруден бас тартылған, – делінген ақпаратта.

Рұқсат беруден бас тарту шетелде емделу қажеттілігі туралы дәлелдердің болмауына және өз елінде емделу мүмкіндігінің болмауына байланысты.

Мысалы, тізе жарақатын емдеуге шетелдік емхананың шақыруынан басқа ауруды шетелде емдеу қажеттілігі туралы медициналық құжаттар ұсынылмағандықтан, сот орындаушысының борышкердің жүріп-тұруына уақытша шектеуді тоқтату туралы қаулысына санкция беруден бас тартқан.

Сот орындаушылары заңда көзделмеген себептер бойынша (қызметтік іссапарлар, жарыстарға қатысу, жақын туыстарын жерлеу және т.б.) жол жүруге уақытша шектеулерді тоқтату туралы қаулы шығаруға жол берген.

Борышкерлер емделу үшін елден тыс жерлерге шығуға негіз ретінде Қазақстанда емдеуге болатын және жиі кездесетін ауруларды (остеохондроз, гастрит, артрит, пульпит және т.б.) көрсеткен. Бұл жағдайға Қазақстанда емдеуге арналған тиісті технологиялар мен жабдықтар жоқ аурулар тізімінің жоқтығы ықпал етіп отыр. Тоқтату мерзімі де реттелмеген.

Соның салдарынан борышкерлер, оның ішінде мемлекет бюджеті мен алименттерді қоса алғанда, өтелмеген миллиондаған берешегі бар азаматтар өзіне қатысты шектеулер мен тыйымдарды «айналып өтеді».

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың борышкерлерге қатысты ақпарат алмасу жүйелері бір-бірімен жеткілікті түрде біріктірілмеген. Бұл мәселе де сот орындаушыларына берілген құжаттардың орындалуын бақылауға кедергі келтіреді.

Талқылау қорытындысы бойынша осы саладағы кемшіліктер мен олқылықтарды жою жөнінде кешенді ұсыныстар әзірленіп, уәкілетті органдарға жолданды.