Шымкентте өрт көп
Шымкентте өрт көп
475
оқылды

Шымкент қаласында соңғы күндері үлкен-үлкен нысандарда жойқын өрт шығып, көпшіліктің наза­рын аударды. Әсіресе, 26 тамыз бен 5 қыркүйек аралығын­дағы, яғни бар-жоғы 10 күннің ішінде бі­рінен соң бірі болған өрт­тен кейін ел едәуір үрей­леніп-ақ қалды.

Алдымен биыл ғана ашылған цитадель аумағындағы «Шым­қала» этноауылын өрт шарпыса, одан соң дәл әкімдіктің жанын­дағы 9 қабатты үй жалынға оран­ды. Тілсіз жау мегаполистегі ең үлкен сауда, ойын-сауық орталық­тарының бірі – «Фиркан» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасына да ауыздық салды. Артынша өңірдегі көне болса да, маңызын жоймай келе жатқан көтерме және бөлшек-сауда орталығы «Қырғы базардан» өрт шықты. Үшеуі де қоғамдық орын. Көп ұзамай демалыс күндерінің біріндегі түскі уақытта Еңбекші ауданы аумағынан шыққан қою қара түтіннің Желтоқсан кө­шесіндегі жеке үйдің қорасынан шыққанын естідік. Қорадағы 16 қой да сол жалынның ішінде қалып кеткен. Ал маусым айының ортасында теміржолдың бойындағы жүк вагоны өртеніп, өртсөндірушілерді біраз әбігерге салған болатын. Кешкі сағат 19 шамасында темір­жолдың бойында өрт шығып жа­тыр деген хабарды естіп, жедел жеткен төтеншеліктер Көксай-3 көшесі маңындағы 23-теміржолда жөндеу жұмыстары үшін бөлек тұрған жүк вагонының көк түтінге оранып жатқанын көреді. Тез арада оқшауланған нысан 10 минутта оттан арашаланады. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мә­ліметінше, «Шымқала» этно­ауылы аумағынан өрт шыққаны туралы хабарлама 26 тамыз күні түнгі 1-ге таяу түскен. Өртсөн­дірушілер жалын шарпыған ай­мақпен жарты сағаттай арпа­лысып, отты толығымен сөндіреді. Кейін белгілі болғандай, мұнда этноауыл аумағында орналасқан көлемі 80 шаршы метр бастырма мен көлемі 8 шаршы метр қора­ның қамыс төбе жаппасы жанғаны анықталған. ТЖД бастығының орынбасары Аманбек Бей­сем­баевтың айтуынша, бұл нысан әкімдіктің меншігі және мұнда әлі құрылыс жұмыстары бітпеген. Сондықтан төтеншеліктер осынау аумақты әлі қабылдап алмапты. Шығындары есептеліп жатқанын айтады. Осы тұста айта кетейік, кейбір әлеуметттік желі белсенділері этноауылды өртеу қолдан ұйым­дастырылуы мүмкін деген жо­рамал айтады. Себебі дәл қазір осы кешенге кеткен қыруар қар­жыға байланысты кейбір лауа­зымды тұлғаларға тексеру жүргі­зіліп жатыр екен. Жұмсалған ақшаның артын жабудың әлегі деп баға бергендер де бар. Кім білсін, әйтеуір өңірде соңғы кездері мәдениет саласына қа­тысты дау бітпей қойды. Сон­дықтан жел сөз болса да, жаны бар ма деп қаласыз... 27 тамыз күні екі бірдей үлкен өрт болды. Кешкі сағат 18-дер шамасында қалалық әкімдік ма­ңындағы 9 қабатты жаңа үй­лердің бірінен будақтап шыққан от осы­нау үйге жапсарлас салынған бірнеше үй тұрғындарын әп-сәтте әбігерге салып қойды. Өртсөн­ді­рушілер 55 шаршы метр алаңдағы сыртқы қаптама мен 18 шаршы метр пәтердегі асхана жанып жатқанын анықтаған. 28 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Аманбек Алтынбекұлының ай­туынша, аталған көпқабатты үйдің сыртқы қаптамасы тез жанатын құрылыс материалынан салыныпты. Сондықтан жалын көзді ашып-жұмғанша біраз аумақты жайпап үлгерген. Зардап шеккен үйдің сыртқы қаптамасы мен тұрғын үй заттары үшін келген шығын – 5 млн 720 мың теңге. Артынша кешкі сағат 20-лар шамасында «Орталық қырғы базар» аумағында 4 сауда дүң­гіршегінің отқа оранғаны тура­лы хабарлама келген. Базар аума­ғында дәріхана, 2 азық-түлік және 1 тұрмыстық химия заттар дүң­гіршегі жанған. Бүгінде өрттің себептері әлі анықталып жатыр. Ал шығын көлемі – 5 млн теңге мөлшерінде. Үш күннен кейін шымкент­тіктерді шошытқан тағы бір өрт оқиғасы тіркелді. Қала шетіндегі аумағы бірталай жерді алып жат­қан сауда және ойын-сауық ор­талығы «Фиркан» өртеніп жатыр» деген дақпырт талай жерге тарап үлгерді. Алайда абырой болғанда мұнда орталықтың өзі емес, су­сындар мен минералды су қой­масында өрт шыққан екен. Дегенмен тигізген зардап аз емес. ТЖД бастығының орынбасары мұны биыл жыл басынан бері өңірде болған ірі өрттердің бірі санайды. Өртсөндірушілер тілсіз жаумен екі сағат бойы арпалысқан. 927 шаршы метр болатын ми­не­ралды сусындар сақтайтын қой­мада болған өрттің шығын көлемі 50 миллион теңге болып отыр. Ал төрт күннен соң Еңбекші ауданына қарасты Желтоқсан көшесіндегі тұрғын үйге жап­сарлас салынған 100 шаршы метр болатын қора толығымен жанып кеткен. Өкінішке қарай, ондағы 400 орам шөп пен 16 уақ малдың күлі қалған. Ыстық жалын тұрғын үйдің де шатырын отқа орады. Біз өңірде болған осынау ала­пат өрттердің неге жиі-жиі шық­қанын білмек болып, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар де­партаментіне хабарласқан бола­тынбыз. Департамент басшы­сының орынбасары Аманбек Бейсембаев жыл басынан бері ірілі-ұсақты 116 өрт оқиғасы тір­келгенін айтты. Жалпы, келген шығын 420 миллион теңге. Қай­тыс болғандар жоқ. «Өткен жыл­дың осы уақытымен салыстыр­ғанда 10 оқиға аз тіркеліп отыр. Дегенмен жыл басынан бері 8 ірі өрттің болғанын атап өтуге бо­лады. Оның бірі – наурыз айында болған «Тұлпар» автокөлік қо­салқы бөлшектер сататын дүң­гіршегіндегі жалын. Шығыны 60 миллион теңге болған ең ірі өрт оқиғасы – осы. Одан бөлек, олар­дың қатарында «Сайдығани» сауда қатары, «Атамирас» бизнес орталығы, Crocus сауда орталығы, мақта қалдықтары жиналатын ғимарат та бар. Олардың барлығы бойынша істі полицияға өткіз­генбіз. Қылмыстық құрамы бар-жоғы зерттеліп жатыр», – дейді Аманбек Алтынбекұлы. Департамент басшысы орын­басарының айтуынша, өрттің шығу себебінің басым бөлігі, яғни 80 пайызы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан екен. «Қыс­қа тұйықталу кезінде электр энер­гиясының қажетсіз жұмса­луымен қатар ток көзі де істен шығып, бұл кезде пайда болатын күшті токтар сымдарды қатты қыздырып, өрт тудырады», – дейді ол. Жалпы, шымкенттік өртсөн­дірушілер барлық жағдайға са­қадай сай екенін атап өтті де­партамент басшының орын­басары. Соңғы жылдары жергі­лікті билік тарапынан ерекше көңіл бөлініп, материалдық-тех­никалық жағдай едәуір жаңарып, жақсарғанын да жасырмады. Иә, тілсіз жаудың қашан, қай уақытта болатынын болжау мүм­кін емес. Лайым болмасын! Деген­мен соңғы кездері сауда нысан­дарында көбейген от шарпу жағдайлары ел арасында әдейі, қасақана ұйымдастырылған деген түсінікті ұлғайтып келетіні де жасырын емес…

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы