"Сбер" деген кім немесе Қазақстанның eGov порталы кімдердің қолына өтпекші?
"Сбер" деген кім немесе Қазақстанның eGov порталы кімдердің қолына өтпекші?
Коллаж: Жұмабек Айқынұлы
379
оқылды

Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин мен РФ Сбербанкінің басшысы Герман Грефтің Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаны бәріне белгілі. Қазақстандықтарға тек екінші деңгейлі банк ретінде таныс Сбербанк компаниялар тобы басқа қандай қызметтер атқарады? Басқа қандай еншілес ұйымдары бар?

Сбербанктің 50%-дан астам акциясының иесі – Ресей үкіметі бақылайтын Ұлттық әл-ауқат қоры. Қалған акционерлері 8273-тен астам заңды және жеке тұлғалар. Ондағы жеке тұлғалардың үлесі шамамен 2,84%, ал шетелдік инвесторлардың үлесі 45%-дан асады.

"Сбер" немен айналысады?

"Сбер" ең әуелі – банк. Актив мөлшері бойынша әлемдегі ең ірі банктер арасында жетінші орында тұр. Қазақстанның қаржы нарығына 2006 жылы келген. Қазақстандағы "Сбербанк" АҚ еншілес банкінің 100% акциясы ресейлік Сбербанкке тиесілі. 2020 жылдың маусымында Сбербанк "Сбер" жаңа тауар белгісін тіркеп, логотипін өзгертті. Былтыр қыркүйекте Сбербанктің негізгі бренд атауы "Сбер" болып өзгерді. "Сбер" қазір түрлі бағыттағы онлайн-қызмет экожүйесін, оның ішінде банктік емес қызметтер бойынша жұмыс істеп жатыр. Болашақта банктік емес саласындағы кірісті 30%-ға дейін көбейтуді жоспарлаған. Қазірге дейін экожүйесіне 50-ден астам компания кіреді. Олардың ішінде Okko онлайн-кинотеатры, Delivery Club азық-түлік жеткізу қызметі, "Ситимобил" такси қызметі және басқалары бар. Сонымен бірге "Сбер" ЖОО-мен келісімге келіп, IT және қаржы факультеттерінің студенттері үшін ақылы тағылымдамалар өткізеді. Биыл 20 мамырда "Сбер" бағдарламалаушыларға, инженерлерге және технологиялық қоғамдастықтың басқа да өкілдеріне, сондай-ақ компанияның негізгі серіктестеріне арналған SmartDev алғашқы технологиялық конференциясын өткізді. Онда кез-келген ұйымға экожүйенің технологиялары мен құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін SmartMarket қосымшаларын құруға арналған платформаның жаңа нұсқасын ұсынды. Платформада PaaS қызметтері Рlatform V, SberCloud қызметтері, SberDevices технологиялары, машинада оқыту модельдері және басқалары бар. Онда әр қызметтің құжаты, деректері, құралдары бір жерде сақталады. SberCloud сонымен қатар SberCloud ML Space (жасанды интеллект платформасы) мүмкіндіктерін кеңейте отырып, Intel және Microsoft компанияларымен серіктестік туралы жариялады. Қазақстан үкіметі де енді GovTech-ті Сбердің көмегімен аталған платформа моделіне көшірмекші. Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Мусиннің айтуынша, «Электронды үкі­мет­тің» инфрақұрылымы Рlatform V көмегімен ауыстырылады. "Сбер" бұл бағдарламаны жасай­ты­нын былтыр 30 қарашада жария­ла­ды, әзірге тәжірибесі жоқ. Platform V негізгі функциясы ашық бағдарламалық коды бар Open Source — шешімдер базасында жасалған.

Сбер-дің еншілес ұйымдары

2020 жылдың аяғында 186 еншілес ұйымы болды, олардың 10-ы Кипрде, 3-еуі Австрия мен Нидерландыда, Беларусь, Босния және Герцеговина, Қазақстан, Люксембург, Сербия, Словения, Хорватияда екеуден, бір-бірден Ұлыбританияда, Венгрияда, Ирландияда, ҚХР, АҚШ, Украинада, Чехияда, Швейцарияда, қалғандары Ресейде тіркелген. Ресей Сбербанкінің еншілес ұйымдары арасында мына компаниялар бар:
  • 2GIS – халықаралық картографиялық компания. 2020 жылдың маусымында компания акциясының 72%-ін "Сбербанк" сатып алды, тағы 3%-ын "О2О Холдинг" ("Сбербанк" пен Mail.ru) алды.
  • Самокат – жеткізу қызметі.
  • Сбер Еаптека – интернет-дәріхана.
  • Сбербанк өмірді сақтандыру – сақтандыру компаниясы.
  • Сбербанк-АСТ – электрон сауда алаңы.
  • СберЗвук – музыка, подкаст және аудиокітап тыңдауға арналған қызмет.
  • СберЗвук Бизнес – қоғамдық орындарда музыка қосуға мүмкіндік беретін қызмет.
  • СберЗдоровье – дәрігерді, медициналық орталықтарды іздеу, дәрігерді үйге шақыру онлайн-қызмет.
  • СберМаркет – дүкен сөрелерінен өнімдер мен тауарларды жеткізетін онлайн-қызмет.
  • СберМегаМаркет – маркетплейс.
  • Ситимобил – такси, каршеринг қызметі.
  • Союзмультфильм – мультипликациялық фильмдер шығаратын киностудия.
  • Эвотор – IT компания.
  • ЮMoney – электронды төлемдер қызметі.
  • Cetelem – тұрмыстық электр техникасын сатып алуға арналған несие жүйесі.
  • Delivery Club – азық-түлік және тамақ жеткізуге арналған қызмет.
  • Derways – ресейлік автоөндіруші.
  • Lenta.ru – интернет-басылым.
  • Okko – онлайн-кинотеатр.
  • Rabota.ru – қызметкерлерді іріктеу және жұмыс іздеу қызметтерін ұсынатын қызмет.
  • Rambler&Co – медиа-компания.
  • Sberbank CIB – корпоративтік-инвестициялық бизнес.
  • Volksbank – бұрынғы австриялық банк тобы.
Айта кетейік, 2021 жылдың жазында Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Лев Хасис Сбербанк алдағы екі жылда "геосаяси жағдайға байланысты" Еуропадағы қызметін азайтуды жоспарлағанын мәлімдеді. Басқарма төрағасы – Герман Греф. Ол Қазақстанның тумасы, Павлодар облысы, Ертіс ауданында туған. 1981-1982 жылдары Павлодар облысы Ертіс аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының заң кеңесшісі қызметін атқарған.

Еске сала кетейік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік жазбасында eGov порталы тек Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейтінін жазды.

«Қазақстандықтардың барлық деректері Ресей Федерациясына қолжетімді болады» деген түсінік қисынсыз. Неліктен? Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер бар, десе де олардың бәрі біздің мәліметтерді ала алады деген сөз емес. eGov – бұл барлық мемлекеттік базалар қосылған «витрина» ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды. Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400 + ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін. Ендігі біздің міндетіміз – әртүрлі технологияларда жазылған, кейде бағдарламашы этикасы мен ескірген құжаттамасыз жүздеген жүйелердің орнына, барлық деректер бірыңғай платформада реттелген және түсінікті болатын ондаған жүйелерге өту", – деп түсіндірді министр.