28 жастағы ер адам алғаш рет туу туралы куәлік алды
28 жастағы ер адам алғаш рет туу туралы куәлік алды
Фото: polisia.kz
288
оқылды

Polisia.kz-тің мәліметінше, Төлеби аудандық пробация қызметкерлері Көші-қон полициясы, АХАЖ бөлімі, Халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлесіп, 28 жылдан бері құжатсыз жүрген тұрғынға туу туралы куәлік алуға көмектесті.

Ер адам жауапқа тартылғанға дейін туу туралы анықтаманың көшірмесімен жүрген. Михаилдың ата-анасы туу туралы куәлік алудың мерзімі өтіп кеткеннен кейін, құжат алмаған. Михаилдың әкесі қайтыс болғаннан кейін, жалғызбасты ана баласының құжатын жасатуға мүлдем уақыты болмаған екен. Михаил бұрын көлік жуу орнында жұмыс істеген. Көлігін жуғызуға берген клиенттің машинасын жуып болған соң үйіне мініп, барып келмек болады. Жолда көлікті соғып алып, сол жерге тастап қашып кетеді. Төлеби аудандық сотының шешімімен 200-баптың 1-бөлігі бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жүз сағаттық мәжбүрлі еңбек етуге міндеттелді.

Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Асқар Қамбарбаев: «Біз пробация қызметіне тіркелуге келген әрбір адамның құжатына назар аударамыз. Михаилдың қолында туу туралы анықтаманың көшірмесі ғана болды. Дүниеге келгелі бері туу туралы куәлік алмаған азаматты көріп, өзім де таңқалдым. Туу туралы куәлік алып беруге бірден кірістік. Учаскелік инспектор Михаилдың көршілерін аралап, «Тану» парағын толтырды. Сол қағазбен АХАЖ бөліміне барып қажетті құжаттарды тапсырып, рәсімдеуге төленетін қаражатын төледік. Оның құжаты екі күннің ішінде дайын болды. Қазіргі таңда, ол Түлкібас ауданына қоныс аударғандықтан, сол ауданның пробация қызметіне ауысты. Енді жеке куәлігін Түлкібас ауданында алады», – деді.

Михаил мамандарға алғыс айтты.

Бұған дейін өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін құжат жинаған зейнеткер туралы жазған болатынбыз.