Экологиялық ахуал – партия назарында
Экологиялық ахуал – партия назарында
234
оқылды

Облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісованың төрағалығымен өткен жиында Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында тазарту құрылыстары кешенін салу, өңірлік Жол картасының 2021 жылғы  іс-шараларының орындалу барысы жан-жақты қаралды.

Кеңес отырысында облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар  және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының міндетін атқарушы Жарылқасын Айтақов баяндама жасап, күн тәртібіндегі мәселеге егжей-тегжейлі тоқталды.

– Қазіргі  таңда облыста эмиссияға рұқсат құжаттары бар коммуналдық меншіктегі 158 қалдық полигоны  мен қоқыс үйінділері бар. Олардың 61-і санитариялық талаптарға сәйкес келмейді. Нақтырақ айтсақ, қалдықтар полигонына қоршаулар орнатылмаған. Сондықтан  48 полигонға қоршаулар орнатып, 13 полигонды жою қажет. Алайда  қала мен аудандық бюджеттен қаржы бөлінбеген жағдайда бұл тапсырманың орындалмай қалу қаупі бар. Сондай-ақ қазір елді мекендерде қоқысты бөлек жинау, құрамында сынабы бар қалдықтарды салатын контейнерлерді орнату  және «Жасыл желектер құру» жобасы бойынша көгеріштер отырғызу маңыздылығы туындап отыр, – деді Ж.Айтақов.

Бұдан кейін  сөз алған облыс әкімдігінің Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын баян етті. Жалпы, алдағы уақытта Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында кәріздік тазарту құрылыстары кешені салынуы ықтимал.  Сондай-ақ, 4 қаланың тозығы жеткен кәріз коллекторлары мен сарқынды суларын тазартатын ғимараттары жөндеуді қажет етіп отыр. Бұл мәселені біржақты ету үшін  жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп,  бірінші кезекте Жаңатас қаласының, екінші  Тараз, одан кейін Қаратау мен  Шу қалаларында құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.

Бұл ретте айта кетерлігі, биылғы  жылы кәріз суларын тазарту қондырғысын салу Үкімет деңгейінде бірнеше мәрте көтеріліп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің төрағалығымен мәжіліс өткен. Нәтижесінде төрт  қалада сарқынды суларды тазалау ғимараттарын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салу мақұлданып отыр.

Саятхан САТЫЛҒАН, 

Жамбыл облысы