Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында орналасқан Обухов тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары аштық жариялағалы бүгін он сегізінші күн. Бірақ олардың наразылық шарасына көңіл аударған билік өкілдері жоқ.
Кәсіпорынның механигі Виктор Гусак, кадр бөлімінің инспекторы Екатерина Иванова, қауіпсіздік қызметінің қызметкері Абзал Ибрагимов және заңгер Булат Душкаевтың талабы – облыс әкімінің, прокурорының және бас полицейінің отставкаға кетуі, тұтқындалған тауардың қайтарылуы және алдағы уақытта шикізат тиелген көліктердің тоқтатылмауы. Сондай-ақ, кәсіпорын жарықтан ажыратылғандықтан, электр қуатын қайта қосуды талап еткен болатын. Бүгінде кен орнында жарық бар. Бірақ «Обуховский ГОК» ЖШС-і директоры Даниил Долгалевтың айтуынша, бұл қосымша тармақ құрылысының арқасында мүмкін болған. «Бірақ, басқа құрылтайшылар соның өзін ажыратуды өтініп отыр», – дейді директор. Электр қуаты қосылғалы кәсіпорынның 90 пайызы жұмыс орындарына қайта оралып, еңбекақыларын уақтылы төлеу мүмкін болған. Сонымен қатар, оның айтуынша, қазір шикізат тиелген көліктер тұтқындалып жатқан жоқ. 18-ші күн ашығып жатқан Екатерина Иванова: «Кәсіпорын жұмыс істеп тұрғаны маңызды», – дейді. Бірақ, наразылық акциясына қатысушы төрт адамның денсаулық жағдайы аса мәз емес. Екатерина күннен-күнге әлі құрып бара жатқанын айтады. Кейбіреуінің қан қысымы не көтеріліп, не түсіп кеткен. Анализдерінің көрсеткіштері нашар. Бойларынан әлсіздік байқалады. Абзал Ибрагимов бұлшық еттерінің ауыра бастағанын, түнде ұйқыдан айырылғанын айтады. Кәсіпорын директоры Даниил Долгалев болып жатқан жағдайға бей-жай қарай алмайтынын айтады: «Өзім де қорқып отырмын. Қарау қиын. Бірақ, бұл олардың азаматтық ұстанымы. Өкініштісі сол, наразылық білдірген азаматтар биліктің назарын аударта алмады», – деді ол.Роза ШӘКЕН.