Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған жаңа сенатор, Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Серікбай Трұмов ант берді. Ол палатаның Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитеттің мүшесі болды.
Депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын І оқылымда қарады. Ол мүгедек азаматтардың және оларға күтім жасайтын адамдардың құқығын қорғауды күшейтуге, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасына назар аударылады. I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамға жәрдемақы алғаш рет енгізілді. Сондай-ақ қамқоршылардың еңбек өтілінде ескерілетін мерзімді ұзарту ұсынылды. «Бүгінде «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт есепке алынады. Заң жобасында еңбек өтілін есептеу уақытын 18 жасқа дейін ұзарту көзделген. Бұл шара зейнеткерлік жасқа келген адамдарға мемлекеттік базалық зейнетақысын және жасына байланысты зейнетақы төлемін алу кезінде еңбек өтілін толық ескеруге мүмкіндік береді», – деді сенатор Н.Төреғалиев. Сенаторлар мақұлдаған және екінші оқылымда қарауға жіберілген бұл заң жобасы елдегі 400 мыңға жуық азаматтың құқығын қорғауды жақсартуға мүмкіндік береді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің түсіндіруінше, бұл заң жобасында мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған. «Қазір I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтылмаған. Заң жобасын қабылдау арқасында өзгенің қамқорлығына мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады», – деді министр. Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды ересектер секілді әртүрлі мүгедектік топтарына бөлу көзделеді. Бұған дейін бір ғана топқа жатқызылатын. Бұл шара оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам балаға қатысты болады.Елдос СЕНБАЙ