«Жастар» спорт кешенінде ерекше күтімге мұқтаж балаларға арналған «Бочча» және «Адаптивті жүзу» спорт түрлерінен секциялар ашылып, ашық мастер-класс өткізілді. Секциялар «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы, «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобалары аясында ашылды.
Ашылу салтанатына «Тең мүмкіндіктер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің директоры Нұргүл Ұлжекова, облыстық Спорт және дене шынықтыру басқарма басшысының орынбасары Алмат Үшкемпіров, облыстық мүгедек балаларға арналған спорт мектебі директоры Ерлан Бақтыбаев пен «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева қатысты. Бочча – мүгедектерге физикалық қабілеттерін дамытуға, ептілікке, дәлдікке, төзімділікке, қозғалыстарды үйлестіруге және қоғамда әлеуметтенуге көмектесетін паралимпиадалық доп ойыны. Адаптивті жүзу секциясының ерекшелігі – түрлі типтегі мүгедектігі бар балалар тобының, сондай -ақ нормотипті балалардың құрамын құрудағы интеграцияланған тәсіл. «Nur Otan» партиясының «Жол картасында» инклюзивті білім беру, бұқаралық спортты дамыту мәселесі қолға алынды. Партияның бастамасымен инфрақұрылымдардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 5 жылға 1 294 нысанға бейімделу жұмыстары жүргізілмек. Осы жылы 258 нысанға бейімделу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 145 нысанға 141,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Талдықорған балалардың бейімделетін спорттың дамуына қолдау көрсеткен он үшінші қала болды. Алдағы уақытта ашылған секцияларда ерекше күтімге мұқтаж 20 бала тегін спортпен айналысатын болады. Оларға қоғамдық қордың ұйымдастыруымен 2 жаттықтырушы арнайы оқыту әдістемесі негізінде, демеушілердің көмегімен алынған спорттық құралдармен жаттығуға жәрдемдеседі. Ресми ашылуы аяқталған соң партия басшылығы, қоғамдық бірлестік пен облыстық Спорт басқармасы арасында өзара келісім жөнінде меморандумға қол қойылды. Салтанатты ашылу «ерекше» бүлдіршіндердің алғашқы бочча сайысымен және партия тарапынан естелік сыйлықтарымен жалғасты. Қуанышты жас спортшылар естелікке суретке түсті.Әбілмансұр ЖАСАН