Балаларды кибербуллингтен қорғау қажет
Балаларды кибербуллингтен қорғау қажет
273
оқылды

Қазақстанда бала құқық­тарын қорғау үшін әлеуметтік желі­лерге қосымша талаптар қойылады. Тиісті заң жобасы Мә­жіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығы­мен өткен жалпы отырыста па­лата бірінші оқылымда ма­құлдады. Жиында депутаттар мен меморган өкілдері бала­лардың құқықтарын қор­ғау­ға қатысты пікір алмасып, заң жо­басын жан-жақты талқы­лады.

Мәжіліс Төрағасы құжатта отбасында балалардың мүддесін қор­ғау, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қа­рас­тырылғанын атап өтті. Әсіресе, буллинг пен кибербуллинг қоғамда қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Балаларды осы қауіптен қорғайтын нақты нормалар қажет. Статистикаға жүгінсек, 18 жасқа дейінгі балалар мен жас­тар арасында 2020 жылы 143 суицид және 306 өз-өзіне қол жұмсауға әрекет ету оқиғасы тіркелген. Биыл жарты жылда 105 суицид пен 193 өзіне қол салу әрекеті болыпты. – Шынында, буллинг және кибербуллинг – өте қауіпті нәрсе. Ол балалардың психологиясын бұзатын, суицидке алып баратын жол. Сондықтан мектеп жасындағы балаларды буллинг және кибербуллингтен толықтай қорғайтын нақ­ты нормалар енгізуіміз керек. Осыған байланысты екінші оқы­лымға дейін тиісті жұмыс жүргізілуі қажет, – деді Н.Нығматулин. Оның байламынша, бұл заң жобасы қазіргі қоғамға қажетті көп­теген мәселелерді, әсіресе ба­ла­лардың құқығын қорғауға қа­тысты проблемаларды шешуі тиіс. Балаларды қорғау үшін отбасылық қатынастар, білім беру, денсаулық сақтау салаларында қосымша шаралар қарастырылды. Мәжіліс Төрағасы осы заң жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың азаматтарды интернет арқылы қысым көрсетуден заң деңгейінде қорғау тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты. Дегенмен спикердің пікірінше, балалардың құқығын қорғау сала­сындағы проблемаларды бір ғана заң жобасымен шешу мүмкін емес. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында оған балалардың тұр­ғын­жайға құқығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ отбасылық қаты­нас­тарда баланың мүдделерін қор­ғауға және интернет желісіндегі құқыққа қарсы контентті жоюға арналған бірқатар норма қосылды. Жалпы, отырыста депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда құптады.

Елдос СЕНБАЙ