Мораторий сақтала ма?
Мораторий сақтала ма?
394
оқылды

Қаржы министрлігі микро және шағын бизнесті тексеруге мораторийді алып тастауды сұрап отыр. Олардың ойынша, 2020 жылдан бері осыны пайдаланып салықтан жалта­ру­шылар көбейген. Одан бөлек, тексеруді күшейтіп, бюджетті толтыруға болады екен. Ендеше бизнесті тексеруге мо­ра­то­рий алып тастала ма? Пандемия әлсіретіп кеткен кәсіп­керлерге бұл жығылғанға жұдырық болып тимей ме? Қаржы министрлігінің бұл талпынысын қолдамай отырғандар көп. Олай болса, тараптар мен сарапшылардың уәжі қандай?

Бюджетке кіріс тірнектеп келеді

Мемлекет басшысы өзінің биыл­ғы Жолдауында Ұлттық қор­дың ресурсы шексіз емес екенін еске салып, бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау туралы тапсырма берген болатын. Ал ондай мүмкіндіктер елімізде шектеулі. Қаржылық жағдай онсыз да қиындап келе жатқан мұндай уақытта кез келген кіріс көзін қарастырған абзал. Сондықтан да болар оның бір жолы ретінде Қар­жы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді алып тас­тауды сұрап отыр. Өйткені кей­бір кәсіпкерлер бұл бастаманы са­лықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдаған. «2020 жылдан бастап енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий бизнес қауымдастығының кассалық тәртібін нашарлатып жіберді. «Егер, мораторийді алып тастауға рұқсат берілсе, бұл Мемлекеттік кірістер комитетіне салықтан қа­сақана жалтарушыларды анықтауға мүмкіндік берер еді. Әзірге мұндай шешімнің қабылдану-қабыл­дан­бауы белгісіз. Егер қабылданса осы бағыттағы шаралар кешенінің же­місті болуына үлкен ықпал етер еді. Кәсіпкерлер салықты аз төлеу үшін шынайы табысын жасырады. Көп ретте кассалық чек бермейді. Әуелгіде осындай жеңілдіктер жасалған кезде кәсіпкерлер көлең­кеден шығып, өздерінің шынайы табыстарын көрсететін болады деп күтілген болатын. Бірақ олай бол­май шықты. Жыл басынан бері бізге қазақстандықтардан зат сатып алған кезде чек бермегені туралы 19 мың шағым түсті», – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Инкербаев. Қаржы ведомствосы мораторий алынып тасталған күннің өзінде де жаппай тексеру жасап, бизнеске кедергі келтіруді ойлап отыр­ма­ғанын айтады. Мүмкіндігінше цифрлық мәліметтерді пайдаланып, салықтан жалтарғандарды анықтап, хабарлама жіберіп отырмақ екен. Ондағы мақсат – салық төлеуші­лердің міндеттерін өз беттерінше орындауға үйрету. Сондықтан да көп жағдайда қашықтан монито­ринг жасаумен шектелмек. Оған олардың техникалық мүмкіндіктері жеткілікті көрінеді.

«Атамекен» тексеріске қарсы

3 қыркүйек күні Үкіметтің оты­рысы өтіп, Мемлекет басшысының Жолдау аясында бюджеттің кіріс бөлігін арттыру туралы берген тап­сырмасы қаралған болатын. Сол кезде Қаржы министрі осындай ұсыныспен шыққан екен. Содан бері бұл мәселе бизнес қауымдастық аясында үлкен қоғамдық пікір ту­дырып тұр. Жалпы, мұндай ұсы­ныс­ты Қаржы министрлігі бұған де­йін де бірнеше рет айтқан еді. Бі­рақ ол кездерде олардың негізде­м­есі әлсіз болды да, қолдау таппады. Атаме­кендіктер бұл жолы да олар­дың ұсынысы негізсіз деп санап отыр. «Қазір микро және шағын биз­нес өте қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Тексерулер жанданатын болса, бұл олардың жағдайын одан сайын ушықтырып жібермек. Біз Президент Жолдауы бизнеске кедергі келтіруге емес, керісінше оны қолдауға бағытталған деп са­наймыз. Онда Үкімет пен әкімдерге бизнесті дамытуға тапсырма бе­рілген. Инвесторлар тарту, са­лық­тық базаны кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру туралы айтылған. Ал бюджеттің кірісін арттырудың екі әдісі бар. Біріншісі – салықтарды механикалық жолмен көтеру, әкім­шілік етуді нығайту. Екіншісі – ең қиыны, бизнесті дамытуға стимул беру, сол арқылы салық базасын көбейту. Бұл соншалықты тез жү­зеге асып кете қоятын әдіс емес, бірақ ең дұрыс әдіс – осы. Сондық­тан да әкімшілік етуді нығайтуға бағытталған мынадай ұсыныстар дұрыс емес деп ойлаймыз. Біз оны айдың басындағы Үкімет отыры­сында айтқанбыз. Ұлттық кәсіп­керлік палатасы бұл бастаманы қолдамайды. Ең соңғы шешімді қабылдайтын Мемлекет басшысы. Ол кісі тексерісті қолдамайды деп сенеміз», – дейді «Атамекен» ҰКП-ның атқарушы хатшысы Асқар Қасықов. Атқарушы хатшының айтуын­ша, бұл ұсыныстың өзі қисынға келмейді. Өйткені микро және ша­ғын бизнестің өзі үш жылға салық­тан босатылған. Яғни, есепті 0% ставкамен тапсырады. Сондықтан мораторийді алып тастаған жағ­дайда олар соншалықты көп салық жинай алмайды.

Шарасыздық итермелеген шара

Мамандар Қаржы министрлігі бұл қадамға шарасыздықтан барып отыр деп санайды. Өйткені пан­демияға байланысты салықты жинау көлемі қатты азайып кеткен. Ал бюджетті ұдайы толтырып отыру керек. Оның үстіне, мемлекеттік органдардың араны әбден ашылған. Ақшаны алудың бұрын екі жолы болатын. Бірі – Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттерді алу болса, екіншісі – сырттан қарыз тарту. Қазір оның біріншісін қыса бастады. Сондықтан да Қаржы министрлігі бюджетке ақшаны тірнектеп жинауға кіріскен. «Мұндай шешім қабылдана­тыны туралы ештеңе айта алмай­мын. Бірақ мәселе мораторийде емес, салықшылардың өздерінде деп санаймын. Өйткені біздің кәсіпкерлер салық төлеуден емес, тексерістен қорқады. Бізге бірінші кезекте салық инспекторларының бизнесмендермен жұмыс істеу мәдениетін көтеру керек. Олар жазалау риторикасымен емес, салық төлеушілердің сауатын арттыру, яғни ағартушылық мақ­сатпен жұмыс істер болса, кәсіп­керлер олардан қорқуды қояды да, мораторий керек болмай қалады. Тіпті, адамдар салық төлеуге асығып тұрар еді. Сондықтан да бізде айыппұл салу жүйесін жұм­сарту қажет. Салық инспекторлары кәсіпкерге ел қазынасын бірге тол­тырысып жатқан әріптес ретінде қарауы тиіс», – дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов. Жалпы, еліміздегі мемлекеттік тексеруші органдардың ішінде тексеруге ең көп шығатындар – салық инспекторлары. Тексеру­лердің жалпы санының ішіндегі үлесі 25% көрінеді. Сондықтан олардың мораторийді алып тастау туралы бастамасы Президенттің ел экономикасы мен бизнесті қол­дау саясатын жоққа шығар­ғанмен бір­дей. Пандемия басталғалы елі­міздегі кәсіпкерлік нысандарының бірқатары жұмысын тоқтатқан болса, бірқатары мүлдем жабылып қалған. Олар әлі оңала қойған жоқ. «Бастапқыда орынжай жалға алып, дәмхана ашып бизнес бас­таған болатынмын. Бірақ тек­серуші органдардың көптігінен бизнесім­нің мақсатын өзгертіп, дәмхананың орнына компьютерлік клуб аштым. Жөндеу жұмыстарын жасап, ком­пьютерлер сатып алу үшін несие алдым. Енді-енді жұмыс бастаған кезімде панде­мияға тап болып, жұмысты тоқ­татуға мәжбүр болдым. Бірақ несиемді жабуды тоқтатқан жоқпын. Ұзақ уақыт тұрып қала­тын болған соң тағы да кәсіпкерлік мақсатын өзгертіп, фаст-фуд сатуға көштім. Әзірге, тек шы­ғындарымды жабуға мүмкіндігім жетіп тұр. Егер қосымша тексеріс шығатын болса, мойныма айып­пұл мінетін болса, онда қиналып қалатын ретім бар. Сондықтан мораторийдің алын­ғанын қол­дамаймын», – дейді ақтау­лық кә­сіпкер Сәуле Ибраева. Қалай болғанда, бизнес қауым­дастық Президенттің олардың мүддесін көздеп, мораторийді өзгеріссіз қалдыратынына сенеді. Өйткені қаржы ведомствосының бюджет толтырудағы ұсынысы бір бұл ғана емес. Мәселен, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ква­зимемлекеттік сектор компания­ларының даму жоспарындағы стратегиялық көрсеткіштеріне қол жеткізбегені үшін, соның ішінде шығындарына жол бергені үшін бірінші басшыларының жауап­кер­шілігін заңнамалық түрде бекітуді ұсынады. Одан  басқа, заңнамаға тағы да бірқатар түзету енгізуді жоспарлап отыр. Қалай болғанда да, жалпы мораторий қолданыла бастаған 2020 жылдың басынан бері елімізде шағын бизнесті тексеру жеті есеге қысқарғанын ескерсек, бұл шектеу әуелде көзделгендей 2023 жылға дейін сақталып қалуы тиіс. Ал оны ары қарай созудың қажеттілігін уақыт көрсетер.

Нұрлан ҚОСАЙ