Қазақстанда жыл басынан бері 2 мыңнан астам мал ұрлаушы ұсталған. Солардың кесірінен ауылдағы ағайын ондаған миллион теңге шығынға батып отыр. Олар полицияның өздерін қорғайтынына, жоғалтқан малдарын тауып беретініне сенбейді. Сондықтан бақташылар қолымызға қару алып, өз мал-мүлкімізді өзіміз қорғаудан басқа амал қалған жоқ деп ашынады.
Халықтың полиция жұмысына көңілі толмайды
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, соңғы бес жылда мал ұрлығы екі есеге азайған. Ол бойынша 2017 жылы – 1 323 факт, 2018 жылы – 1 338 факт, 2019 жылы – 1 058 факт, 2020 жылы – 724 факт, ал 2021 жылдың 6 айында 265 факт тіркелген. Дегенмен статистика өз алдына, ал ұрланған малды іздестіру ісіне халықтың көңілі әлі толмай отыр. Малдың ұрланған сәтінен бастап, оны тасымалдау, сою және базарда етін сату процестерін анықтауда жүйелілік, жеделділік жоқ деп наразы. Оның үстіне, малы қолды болған адам полицияға арызданып барса, оның өзін малды сенікі екенін дәлелде деп естерін шығаратын көрінеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жалпы сомасы 200 мың долларға бағаланған 171 бас жылқысын ұрлатқан алматылық кәсіпкер Рақат Жұматаев әлі күнге әділдікке жете алмай жүр. Арыздана барған мал иесі туралы да, оған тиесілі мал басы жөнінде де ақпараттың бәрі мемлекеттік базада тұрғанына қарамастан, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері оны тергеуге алған: «мұнша малды қайдан алдың, құжаттары қайда?» деп екі күн уақытты зая кетірген. Ал бұл уақыт ішінде барымташылар табанын жалтыратып үлгерген. Құқық қорғау органдарының жайбасарлығына көңілі қалған кәсіпкер малын ұрлаған қылмыстық топты өз күшімен анықтаған. Фермердің куәлігі бойынша, полицейлер тергеу жүргізіп, күдіктілердің қылмысы толық дәлелденген және олардың өздері де жасаған қылмысын мойындаған. Бұл топтың құрамына малға жалған құжаттарды рәсімдеген ветеринар да кірген. Алайда айыпталушылар адвокатпен ақылдаса келе, фермерге келтірген шығынды сот үкімінен кейін өтейміз деген уәж айтқан. Әйтсе де, ұрылардың қылмысы дәлелденсе де әлі күнге жазаға тартылмаған, жапа шегушінің шығындары өтелмеген. Алматы облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Даниярдың айтуынша, бұл іс бойынша басты күдікті ұсталып, кейін ол қолхат бойынша үйіне жіберілген, содан бой тасалап, жасырын қашып кеткен. Іс осыған байланысты тоқтатылған, қылмыскер табылса, ол қайтадан жандандырылмақшы. Дегенмен тергеу кезінде ұрлық малдың ақшасына сатып алынған үш көлік қылмыскердің сыбайластарының атына жазылғаны белгілі болды. Сөйте тұра, аталған істің тергеуінде сыбайластардың күдікті емес, куәгер ретінде неге тіркелгені түсініксіз. Кәсіпкер ол бойынша Президентке де, Ішкі істер министрлігіне хат жазған, бірақ одан әзірге еш нәтиже болмай тұр.«Чип» таққанмен, қылмыс азаймайды
Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың айтуынша, мал ұрлау оқиғаларының 60 пайыздан астамы жайылымда жасалады. Осыған байланысты министрліктің бастамасымен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдарға малды жаю ережелерін әзірлеу және бекіту құзыреті берілген. Ережеге сәйкес, енді малды жайылымда қараусыз қалдыруға тыйым салынды. Мал жаю ережесін бұзғандар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл үшін 3 АЕК-тен (8 334 теңге) 10 АЕК-ке дейін (27 780 теңге) айыппұл көзделген. Сонымен қатар ұрлықтың алдын алуға және ашуға бағытталған, 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғаудың ведомстволық бағдарламасы бекітілді. Shopan ata қойшылар қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, ереженің жағымсыз жағы да бар. Құзырлы органдар ережені желеу етіп, аграрларға ретті-ретсіз әкімшілік айыптарды көп салатын көрінеді. Бұл мәселе де өз алдына жеке талдауды қажет ететін бір тақырыпқа жүк болғалы тұр. Айта кету керек, қолды болған малды іздеу жұмыстары аса көп ресурстарды қажет етеді. Мысалы, Алматы облысының Қаратал ауданында тауға жайылып кеткен 40 жылқыны іздеуге аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы түгелдей жұмылдырылған. Олар жоғалған малды іздеуге 17 күн жұмсап, тікұшақ жалдауға мәжбүр болған. Ал тікұшақты 3 сағатқа жалдау құны 2 млн теңгеден асқан. Мұндай мәселені шешудің бір жақсы шешімін Солтүстік Қазақстан облысы тапқан. Онда Полиция департаментінің бастамасымен малды жайылымға қараусыз жібермеу үшін «малшы – мал иесі – әкімдік» деген принцип бойынша үшжақты шартқа отырады. Бұл үш тараптың да жауапкершілігін арттырады. Кейінгі жылдары мал иелері ұрлықтың алдын алу үшін GPS трекерлерді пайдалана бастаған. Алайда олар арзан емес: егер ұялы байланыс болса отардың қайда жүргенін көрсетіп беретін әр құрылғы – 25 мың теңге, ал ұялы байланыссыз жұмыс істей беретін датчик 75 мың теңге тұрады. Ал оны әр қойдың мойнына іле беруге кімнің шамасы жетсін? Сондықтан мұндай «чиптер» ұсақ малды бақылауға жарамайды.«Мал ұрлығы» атты баптың 1-тармағы бойынша осындай қылмыс үшін жүктелетін айыппұл мөлшері 3 мың АЕК-ке (7 миллион 575 мың теңгеге) дейін өсті. Ал бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу мерзімі 12 жылға дейін жеткізілді, қылмыскердің мүлкі міндетті түрде тәркілеп алынатын болды.
Дегенмен үйірлі жылқыдағы айғырдың мойнына трекер орнатып қойған жақсы. Өйткені кең даланы кезіп кеткен үйірді сол арқылы табуға болады. Жылқы қайда жайылып жүрсе де үйірдегі малды айғыр шашау шығармай ұстайды. Тіпті, өз басына қауіп төніп тұрса да түздің төрт аяқты тағысына мал бермейді. Бірақ қару-жарақпен сайланып келген екі аяқты ұрының жөні басқа, олар үйірдегі жылқыны бөліп әкетуі мүмкін. Сондықтан мұндай «чипті» әр биеге жекелей тағу керек болады. Ал үйірде 10-15 жылқы болса, оның әрқайсысына «чип» орнату мал иесінің қалтасын қағатыны анық. Егер мал басы 100 және одан көп болса, әрқайсысына құны 70-80 мың теңге тұратын мұндай құрылғы орнату үшін қыруар қаржы қажет болады. Сондықтан бұл да тығырықтан шығар жол емес. Қазақстанда бүгінге дейін 33,5 млн бас мал сәйкестендірілген (биркалау, электронды чиптер, GPS бақылау және т.б.). Алайда 2020 жылы табылған 4 600 бас малдың үштен бір бөлігінде (1 560 бас) ешбір есепке алу белгісі болмаған. Расы сол, қазақ даладағы малына тек ен салушы еді, қазір мал тұрмақ, үйдегі иттің де төлқұжаты бар. Құжатсыз қарыс жер аттай алмайсыз. Ал ұрылар өрістен мал әкеткенде оны құжатымен бірге алдырмайды ғой. Сөйте тұра, қылмыскерлердің ұрлық малды оп-оңай өткізетіні ойландырады. Ұрлық малды жолда алып жүргенде, базарда саудалағанда оның мөр басылған құжаты болуы керек қой... Былтыр Қарағанды облысы Қаражал кенті, Жаңаарқа, Нұра аудандарының бір топ жылқысын ұрлады деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды. Олар малды тірідей де, сойып та сатқан. Ұрланған малға ветеринарлық дәрігер олардың Жезқазған қаласындағы мал сою бекетінде сойылды деген жалған құжат жасаған. Тергеу барысында кәнігі барымташылардың осындай жолмен 200-дей жылқыны сатқаны анықталды. Сондай-ақ ірі қалалардағы ет базарларында да «бармақ басты, көз қысты» әдісімен жалған құжаттар жасатып алуға болады. Тіпті, кейбір базарлар ешқандай құжатты да қажет етпейді. Бұл іске қатысты тергеу жұмысы әлі жалғасуда.Мал ұрлығы ауыр қылмыс түрі болып есептеледі
Барымта қазақ халқында бұрыннан бар. Тек бұрынғының телі-тентегінің жазасы ауыр болатын. Бұл дәстүр Кеңес Одағы кезінде де өзгерген жоқ. Қазақ Коммунистік партиясы атқару комитетінің 1921 жылы қабылдаған «Мал ұрлығымен күрес туралы» декретте мал ұрлығы халық шаруашылығының басты қатері екені айтыла келіп, ол үшін ең ауыр жаза – ату жазасы тағайындалған. Тәуелсіз Қазақстанда былтырға дейін мал ұрлығы «орташа қылмыс» санатына жатқызылып келді, тек былтырдан бастап оның жазасы қатаңдатылды. Енді мал ұрлығы үшін 7 млн теңге айып төлеуден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мынау көрші Өзбекстанда да қайталап мал ұрлау сол елдің Қылмыстық кодексіне сәйкес, 169-баппен ауыр қылмыс түріне жатқызылып, 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. ІІМ мәліметінше, мал ұрлығы елдегі жасалатын ұрлықтардың 3,5 пайызын құрайды. Соңғы 5 жылда 91 мың бас мал қолды болған, оның 42,5 мыңы (46,6%) табылып, иелеріне қайтарылыпты. Осы уақыт ішінде мал ұрлығы үшін 11 мың қылмыскер жазаға тартылған. Олардың 1,5 мыңы қылмысқа топтасқан түрде барған. Бүгінде полицияның жедел есебінде 3387 мал ұрлаушы тұр. 2019 жылдың 27 қазанында ел Президенті мал ұрлығына қатысты жауапкершілікті күшейту қажеттігіне тағы бір рет назар аударды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 188-бабындағы «Ұрлық» бабы енді 188-1 деген бабымен бөлектенді. «Мал ұрлығы» атты баптың 1-тармағы бойынша осындай қылмыс үшін жүктелетін айыппұл мөлшері 3 мың АЕК-ке (7 миллион 575 мың теңгеге) дейін өсті. Ал бас бостандығынан айыру немесе оны шектеу мерзімі 12 жылға дейін жеткізілді, қылмыскердің мүлкі міндетті түрде тәркілеп алынатын болды», – дейді Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев. Әйтпесе, мал ұрлаушыларды қолға түсіруде шұғыл-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, оған полицияның бірқатар күш-құрылымы жұмсалып, қылмыс енді ашылды дегенде, жәбірленушілер арыздарын қайтып алып немесе келтірілген шығын жөнінде алдыңғы жауабын өзгертіп, бүкіл тергеу жұмысын жоққа шығаратын жайт жиі кездеседі. Өйткені, әдетте ұры алыстан келмейді, өз ауылының балалары. «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» дегендей, ауыл болған соң адамдар бір-бірімен тығыз араласады. Сондықтан айыпталушы жақ көп жағдайда араға ағайын салып жапа шегушінің арызын алдыртып тастайды, кешірімге келеді. Не болмаса қылмыскердің туыстары өшігіп алады, өзімізге қастандық жасар деген үрейден қаймығады. Енді жаңа заңнамада мал ұрлығы қылмыстың ауыр түріне жатқызылды және ол бойынша екі тараптын татуласуына тыйым салынды.Дәулет АСАУ