Соңғы күндері Орталық Азия елдеріндегі саяси, әскери бағыттағы кездесулер, келіссөздер саны күрт көбейді. Шамасы, өңірдегі мемлекеттердің басшылары Ауғанстандағы жағдайға әлі де алаңдайтын болса керек. Тіпті, оған аталған елден әскерін алып кеткен АҚШ-та бейжай қарай алмайды.
Генералдарды не мазалады?
Жуырда елордада Орталық және Оңтүстік Азия елдері Қарулы күштерінің бас штаб бастықтарының конференциясы өтті. Былтырдан бері коронавирус пандемиясынан қауіптеніп оффлайндағы кездесулер сирек ұйымдастырылушы еді, осы жолы олай болмады. Әскерилер бетпе-бет жүздесті. Жиынға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Тәжікстан мен Өзбекстан елдерінің және АҚШ өкілдері қатысты. Әскерилер әдеттегідей сөзге сараңдық танытып, басқосуда өңірдегі қауіпсіздік, Ауғанстандағы жағдай талқыланғанын айтқанымен, бұл жиынның бұрынғылардан өзгеше тұсы бар. Ол – АҚШ өкілдерінің басқосуға қатысуы. Ең қызығы, конференцияда өңірдегі қауіпсіздік мәселелері, түрлі сын-қатерге қарсы іс-қимылдарды пысықтау жағы қарастырылған. Әрі қандай да бір қауіпке қарсы ҰҚШҰ мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі пысықталған-ды. Ал бұл ұйымдар әдетте АҚШ пен НАТО-ның потенциалды бәсекелесі саналады. Оның үстіне, жиыннан бірер күн бұрын Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов АҚШ Қарулы күштері орталық қолбасшылығының басшысы, генерал Кеннет Маккензиді қабылдаған. Сол кездесуде де Ауғанстан мәселесі сөз болған-ды. Ал кейін, дәлірек айтқанда бейсенбі күні Тәжікстан астанасы Душанбеде министр Мұрат Бектанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысына қатысты. Онда да Ауғанстан мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Біздің пайымдауымызша, әскерилер мен дипломаттардың қарбаласы Ауғанстандағы жағдайдың шынымен де күрделеніп бара жатқанын байқататын сияқты. Әрине, масс-медидада тарап жатқан мәліметтерге қарап «Талибан» қозғалысы Ауғанстанды толық бақылап отырғанына сенуге болар еді, бірақ әскерилердің қолында барлау деректері болатынын ескерген дұрыс.Маккензи қандай кеңес айтты екен...
Жалпы, жоғары шенді әскери қызметшілердің кездесулерін әдеттегі оқиғалардың қатарына жатқызуға болар еді, бірақ бүгінде Орталық Азиядағы жағдай көңілге күдік ұялатады. Оның үстіне, әдетте кез келген ұсақ-түйекке бола өре түрегелетін теріскейдегі көршінің медиасы АҚШ генералы Кеннет Маккензидің сапарына қатысты көп ештеңе айтпады. Тек ақпарат таратумен шектелді. Егер жағдай бұрынғыдай болса «Ойбай, Қазақстан НАТО-ға кіргісі келеді, бізден алыстауға тырысады» дейтін мазмұндағы пікірлерді таратып, түрлі сарапшыны сөйлетіп алар еді. Әзірге тыныш. Біздің пайымдауымызша, мұның өзі Ауғанстан тарапынан төнуі мүмкін қауіпті өңірдегі барша мемлекеттің тиісті құрылымдары сезіп отырғанын байқатса керек. Ал америкалық әскерилер қазақстандық әріптестеріне біршама мәлімет берген де шығар. Айталық, сол Кенттен Маккензи Ауғанстан жерін ДАИШ-тың 2 мыңнан астам террорисі паналап жүргенін айтқан еді. Егер америкалық генералдың айтқаны рас болса, түстік жақтан бәрібір қауіп бар деген сөз. Оның үстіне, Тәжікстан билігінің «Талибанды» мойындамайтынын ашық мәлімдеп, Панджшердегі Ахмад Масудты қолдауға әзір сыңай танытуы да ойландыратын дүние. Сондықтан әскерилер жан-жақты ақылдасып, қауіптің алдын алуды ойлап жүргенге ұқсайды. Мұндай жағдайды білетін кез келген маманның кеңесі артық болмаса керек. Бәлкім, Маккензидің де пайдалы кеңесі болған шығар, кім білсін?!P.S.
Ауғанстандағы жағдай қанша алаңдатты дегенмен, Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан өз жерінде шетелдің әскери базасын орналастыру әрі Ауғанстаннан келетін босқындарды қабылдау ниеті жоқ. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдердің осынау ұстанымын қолдады. Мұндай шешім жан-жақты пысықталған соң ғана қабылданады. Әскери мамандардың да пікірі ескеріледі. Бәлкім, әскерилердің «кеңесіп пішкен тоны» осындай тоқтамға келуге септігін тигізді ме, кім білсін?!
Ардақ СҰЛТАН