Түркістан облысында оқушылар дәретханада сабақ оқуға мәжбүр
Түркістан облысында оқушылар дәретханада сабақ оқуға мәжбүр
Фото: КТК арнасынан скриншот
479
оқылды

Себебі Келес ауданындағы Сұлтанбек Қожанов мектебі шенеуніктердің назарынан мүлдем тыс қалған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Тар мектептің парта, тақталарына дейін ескіріп қирауға шақ тұр. Оқу ғимаратын жөндеу, сырлау да мұғалімдердің мойнында екен. Ақжол ауылындағы мұғалімдердің жанайқайына тұрғындар қосылып, қосымша ғимарат тауып беруді талап етті. Телеарнаның мәліметінше, Ақжол ауылындағы 600 балаға арналған мектеп 45 жыл бұрын салынған. Әбден тозығы жеткен білім ошағында қазір мыңға жуық оқушы бар. Тығырықтан шығу үшін мұғалімдер кез келген бұрышта сабақ оқытуға бейімделген. Тіпті ұстаздар бөлмесі мен бірде-бір орындығы жоқ акт залына дейін сыныпқа айналып кеткен.

Сұлтанбек Қожанов атындағы мектеп директорының орынбасары Луиза Ақбай: «Кабинет етіп жасағанның салдарынан біздің мектебімізде зертхана жоқ және архив жоқ. Кітапхананың архиві жоқ. Бәрін кабинет қылып тастадық. Бізге әзірше қосымша ғимарат салып беріп, келешекте жаңа ғимарат салынса», – дейді.

Ең сорақысы, ескі ғимараттың жыртығын жамап, әктеп-сырлау да мұғалімдердің мойнында. Бұл мектепте орын жетіспегендіктен мұғалімдер барынша амалдауға тырысады. Тіпті, бұрынғы дәретхананы қазір кабинетке айналдыруға мәжбүр болған. Оқушыларға орын болмаған соң мұғалімдер еден төсеп, тақта іліп, парта мен орындықтар қойған. Және бұл мектепте әжетханадан сыныпқа айналған бір емес, үш кабинет бар. Оқушысы сыймай жатқан мектептің парта мен тақтасының тозығы жеткені соншалық қирауға шақ тұр. Бұл жағдай ата-аналардың да жанына батады. Жұрт оқу ғимаратын кеңейтудің жолын да тауып қойған. Мектептің дәл алдында кезінде әскерилердің кеңсесі болған бес жылдан бері бос тұрған қос қабатты ғимарат бар. Соны мектептің есебіне өткізіп беріңіз деп, аудан әкіміне екі жылдан бері өтінумен келеді екен. Бірақ әкім білімнен гөрі жекеменшікке өткізуге құмбыл дейді.

Ақжол ауылының тұрғыны Гаухар Жораева: «Әкім бұны пионер лагерін (кейіпкердің сөзі қаз-қалпында берілді – ред.) ашамын дейді. Жекеменшік пионер лагері бізге керек емес. Дәл қазір балаларға білім беретін мектеп керек. Шөкелеп отырған бала қандай білім алады? Қазір оқу бағдарламасы күрделі», – дейді.

Мектеп алдына жиналған жұрт әкім мен білім бөлімінің басшысын шақырған еді. Бірақ олардың орнына бөлім әдіскері ғана келді. Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Насыр Сманов: «Алдағы уақытта партаны, орындықты, тақтаны жеткізіп береміз. Нақты қай уақытта әкелінетінін білмеймін. Бірақ жұмыстар жүргізіліп жатыр... Көреміз, ақылдасамыз, мұның бәрін, жағдайды басшыларға жеткіземін», – дейді. Есік алдындағы қосымша ғимарат мектепке беріле ме, жоқ па, әлде жаңа мектеп салына ма әзірге белгісіз.

«Келес өңірінде мәселе шешетін басшы жоқ» деген жұрт жауаптыларды тексерсін деп прокуратураға арыз түсірмек.