Алаяқтық – әлем бойынша өте кең тараған қылмыс. Бұл қылмыстың біздің елімізде, әсіресе Атырау өңірінде таралуына жергілікті тұрғындардың аңғалдығы мен сенгіштігі себеп болып тұр. Алаяқтардың арбауына түспей, қырағылық таныта білуге әзірге атыраулықтар дайын емес секілді. Өңірде алаяқтық оқиғаларының көп болуы осыны айқындап отыр.
Айталық, ғаламтор өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы бері интернет алаяқтық ұғымының өзіндік сипаты көріне бастады. Мәселен, интернет поштаға көп көлемде ақша ұтқаны не мұрагерлік және тағы да басқа ақпарат жолдау, арзан бағаға автокөлік және оның қосалқы бөлшектерін сату тәрізді амалдар кеңінен танымал. Алаяқтардың негізгі мақсаты өзгенің мүлкін иеленуге бағытталған. Сондықтан азаматтардың алаяқтардың арбауына түспей, қырағылық таныта білуі маңызды болса да, алданып қалатындар еселеніп тұр. Атырау облыстық Полиция департаменті берген ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері 1 164 алаяқтық оқиға тіркелген. Оның 662 оқиғасы интернет алаяқтық. Енді оқиғаларға көшсек, шілде айында Атырау қаласының 1981 жылғы тұрғыны полицияға өзінің ұялы телефондағы банк қосымшасы арқылы белгісіз біреу 1 миллион теңге несие рәсімдегені туралы арызданған. Жәбірленушінің атына интернет арқылы несие рәсімдеген алаяқ Павлодар облысының 31 жастағы тұрғыны екені анықталды. Осыған сәйкес, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. – Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдаланған жағдайда күдіктінің мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 4 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.«Баспана алып беремін» деп алдайды
Айталық, алаяқтықтың зоры баспанаға байланысты жағдайларда көп кездеседі. Төмен бағада үй, кезексіз жаңа пәтердің иесі болу, жер алу – алаяқтардың «олжасы» болудың тағы бір әдісі. Бір ғана адамды емес, бірнеше адамның сенімін теріс пайдаланып, қаражатын иемденіп алатындары да жетерлік. Былтыр тамыз айында бір әйел өзінің танысына Атырау қаласы, Нұрсая шағынауданынан 3 бөлмелі пәтер алып беремін деп өтірік айтып, 800 мың теңгесін иемденіп алған. Бұдан соң да қоймай, қараша айында үй алуды армандап жүрген әйел адаммен танысып, 4 бөлмелі пәтер алып беруге уәде етіп, 495 000 теңгесін алған. Әбден дәніккен ол биыл қаңтар айында WhatsApp желісі арқылы шығарылған жер телімінің жарнамалары арқылы тұрғынмен танысып, Атырау қаласындағы жақсы ықшамауданнан жер телімін алып беремін деп 750 мың теңге ақша сұраған. Тұрғындардың тірнектеп жиған ақшасын қалтаға басып жүрген ол ақыры құқық қорғау органы қызметкерлерінің қолына түсті. Аталған деректерге байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен тергеу жүргізіліп, сотқа жолданды. Сөйтіп, алаяқ әйелге сот 3 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, жәбірленушілерге келтірген залалдың орнын өтеп беру шешімін шығарды. Атырау қаласы Полиция басқармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Ерсұлтан Нұрболаттың айтуынша, төмен бағада немесе кезектен тыс үй алып беремін деген алаяқтар көбіне өзін мемлекеттік қызметші ретінде таныстырып, жәбірленушілердің сеніміне кіреді. Тіпті, болашақта алатын үйді көрсетіп, өзге адамдарға осылай үй алып бергенін айтады.Былтыр да Атырауда алаяқтық көп тіркелді
Атырау облыстық сотында алаяқтық бабымен қаралған қылмыстық істер бойынша 2020 жылы 109 тұлғаға қатысты 103 қылмыстық іс қаралып аяқталған. Сот 76 тұлғаға қатысты 73 айыптау үкімін шығарды. Оның ішінде: 6 тұлғаға айыппұл салынып, 36 адамның бас бостандығы шектелді, 1 адам шартты түрде сотталса, 33 тұлға бас бостандығынан айырылды. Татуласуына байланысты 19 тұлғаға қатысты 17 іс қысқартылды. Атырау облыстық сотынан алған ресми дерекке назар салсақ. 2021 жылдың 15 қыркүйегіне дейін 100 тұлғаға қатысты 97 қылмыстық іс қаралып, аяқталған. Бұл дегеніңіз былтырғы көрсеткішпен бірдей. Ал жылдың аяқталуына әлі үш ай уақыт бар. Заңгер Салтанат Рахимованың айтуынша, өзіне алаяқтықтың құрбаны болып көмек сұрап келетіндер көп. «Тәжірибе көрсеткендей, алаяқтық жолымен жеке адамның мүлкін иемденіп кету көбіне тауарлар мен қызметтерді тұтыну нарығында болады. Бұл жағдайдың жеке әрі заңды тұлғаларға елеулі дәрежеде материалдық және моральдық зиян келтіретіні түсінікті. Алаяқтар тұтынушы несиелерін рәсімдеу қызметтерін ұсыну жолымен халықтың сеніміне кіруге тырысады», – деген Салтанат Асқарқызы алаяқтыққа тұсау қоятын өзінің екі ұсынысын ашық айтты. Оның айтуынша, алаяқтық қылмыстардың көбі ұялы телефон арқылы жасалады. Тіркелмеген ұялы телефон арқылы сөйлесіп, алаяқтық жасайды немесе тіркелмеген нөмірлерге ақша аудартып алады. Осыны болдырмау үшін ұялы байланыс операторлары тіркелмеген мобильді нөмірлердің қосылуына тыйым салғаны жөн. Екіншіден, интернет арқылы ақшаны есепшоттан аударып алудың бірнеше сатылы жүйесі болуы керек. Алайда ең алдымен азаматтардың сақтығы керек. Әдетте алаңғасарлар алаяқтардың алдауына түсіп қалады.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы