Биыл тұңғыш рет жалауы желбіреген УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңінде «Қайрат» командасы бақ сынамақ. Жаңа турнирде барлығы 32 команда сегіз топқа бөлініп, сынға түседі. Құрбан Бердыев баптайтын алматылық клуб Конференция лигасының «Н» тобында кипрлік «Омония», швейцариялық «Базель» және әзербайжандық «Карабахпен» кездесіп, топтың қос мықтысын анықтайды.
О баста «Қайрат» еурокубоктегі жорығын Еуропаның ең беделді турнирі Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастаған. Алдымен Израильдің «Маккаби Хайфа» командасын қос ойын қорытындысы бойынша (1:1, 2:0) жеңіп, екінші кезеңде Сербияның «Црвена Звезда» командасына (2:1, 0:5) жол берді. Одан кейін Чемпиондар лигасынан шығып қалған алматылық команда Еуропа лигасының үшінші іріктеу сатысында Арменияның «Алашкертінен» (0:0, 2:3) жеңілді. Соңғы талпынысында Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнау үшін іріктеу кезеңінің плей-офф сатысында Люксембургтің «Фола» командасын (4:1, 3:1) жеңіп, топтық кезеңге шыққан. Осылайша, алматылық клуб қазақстандық командалар арасында Еурокубоктің күзгі маусымына жолдама алған үш команданың қатарына қосылды. Естеріңізде болса, бұған дейін Қарағандының «Шахтері» (Еуропа лигасы, 2013/2014 жылғы маусым) мен елорданың «Астана» клубы (Чемпиондар лигасы – 2015/2016 жыл, Еуропа лигасы – 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019 және 2019/2020 жылдары) топтық кезеңде өнер көрсеткен еді. Сонымен қатар «Астана» Еуропа лигасының 2018/2017 жылғы маусымында турнирдің 1/16 кезеңіне дейін жеткен бірінші қазақстандық команда атанған. Енді міне, сол жетістікті алматылық клубтың қайталауына тамаша мүмкіндік туып тұр. Тұңғыш рет Еуродода еліміздің намысын қорғайтын алматылық команда 16 қыркүйекте футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіндегі алғашқы ойынын Кипрдің «Омония» командасына қарсы өткізеді. «Қайраттың» қарсыласы «Омония» 1965/66 жылғы кезеңнен бері еурокубок ойындарына қатысып келеді. 2003-2004 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Қазақстанның «Ертісін» (0:0, 2:1) жеңген. Бұл жолы тағы бір қазақстандық ұжым кипрлік клубпен жасыл алаңда жолығып, «Ертісте» кеткен есені қайтаруға бар күшін салып көреді. Бастапқыда «Қайрат» футбол клубы Бақылау кеңесі төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалған Құрбан Бердыев осы кездесуде аталған клубты бас бапкер ретінде жарыс жолына алып шығады. Білікті маман УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы қарсыласына қарсы қандай тосынсый дайындағанын бүгінгі ойын көрсетеді. Ал «Омония» командасының бас бапкері Хеннинг Берг ойын алдындағы баспасөз мәслихатында «Қайраттың» шабуыл шебі мықты екенін, сондықтан сырт алаңда өз командасының қорғаныста аса сақ ойнайтынын айтып қалды. Кипрлік «Омониямен» ойын алдында спорт журналисі Фараби Әбдіхалық «Қайраттың» қазіргі деңгейі, топтан шығуға мүмкіндігі туралы пікірімен бөлісті. – Н тобындағы командалар бір-бірімен деңгейлес. Атағы жер жаратын «Базель» бұрынғыдай қарқынды емес. Әйтпесе кезінде олар қатарынан бірнеше мәрте Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен. Кейінгі жылдары Швейцарияда «Янг Бойз» клубы чемпиондықты ешкімге бермей келеді. Сондықтан олармен тең дәрежеде ойнауға, сырт алаңда да, өз алаңымызда да ұпай алға болады. «Карабах» пен «Омония» командалары да орта деңгейлі ұжымдар. Егер алматылық клубтың футболшылары бас бапкер Құрбан Бердыевтің тапсырмасын орындай алса, сенімді ойын өрнегін көрсетсе, топтан шығуға мүмкіндігіміз бар. Канте мен Вагнер Лав секілді үздік шабуылшылар қазақстандық команданың көшін алға сүйреп, «Қайраттың» плей-офф кезеңінде өнер көрсетуіне көмектеседі деп ойлаймын, – дейді ол. Айта кетейік, әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар жарысты көктемгі маусымда одан ары жалғастыруға мүмкіндік алады. Топтың жеңімпазы 1/8 кезеңге жолдама алса, екінші орындағы команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алған клубпен кездеседі. Күзгі маусымды жаңа қарқынмен, жаңа бапкермен бастағалы тұрған «Қайрат» футбол клубы алдағы үш ай бойы қазақстандық жанкүйерлерге нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады деген үміттеміз.Абылайхан ЖҰМАШ