Еурододада «Қайратқа» сенім артамыз
Еурододада «Қайратқа» сенім артамыз
195
оқылды

Биыл тұңғыш рет жалауы желбіреген УЕФА Конференция лигасының топтық ке­зеңінде «Қайрат» командасы бақ сынамақ. Жаңа турнирде барлығы 32 команда сегіз топқа бөлініп, сынға түседі. Құрбан Бердыев баптайтын алматылық клуб Конференция лигасының «Н» тобында кипрлік «Омония», швей­ца­риялық «Базель» және әзер­байжандық «Карабахпен» кездесіп, топтың қос мық­тысын анықтайды.

О баста «Қайрат» еурокубоктегі жорығын Еуропаның ең беделді турнирі Чемпиондар ли­гасының іріктеу кезеңінен бас­таған. Алдымен Израильдің «Маккаби Хайфа» командасын қос ойын қорытындысы бойынша (1:1, 2:0) жеңіп, екінші кезеңде Сербияның «Црвена Звезда» командасына (2:1, 0:5) жол берді. Одан кейін Чемпиондар лигасынан шығып қалған алматылық команда Еуропа лигасының үшін­ші іріктеу сатысында Арменияның «Алашкертінен» (0:0, 2:3) жеңілді. Соңғы талпынысында Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнау үшін іріктеу кезеңінің плей-офф сатысында Люксем­бургтің «Фола» командасын (4:1, 3:1) жеңіп, топтық кезеңге шық­­қан. Осылайша, алматылық клуб қазақстандық командалар арасында Еурокубоктің күзгі маусымына жолдама алған үш коман­да­ның қатарына қосылды. Есте­ріңіз­де болса, бұған дейін Қара­ғандының «Шахтері» (Еуропа лигасы, 2013/2014 жылғы маусым) мен елорданың «Астана» клубы (Чемпиондар лигасы – 2015/2016 жыл, Еуропа лигасы – 2016/2017, 2017/2018, 2018/2019 және 2019/2020 жылдары) топтық кезеңде өнер көрсеткен еді. Сонымен қатар «Астана» Еуропа лигасының 2018/2017 жылғы маусымында турнирдің 1/16 ке­зеңіне дейін жеткен бірінші қазақстандық команда атанған. Енді міне, сол жетістікті алма­тылық клубтың қайталауына тамаша мүмкіндік туып тұр. Тұңғыш рет Еуродода еліміз­дің намысын қорғайтын алма­тылық команда 16 қыркүйекте футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіндегі ал­ғашқы ойынын Кипрдің «Омония» командасына қарсы өткізеді. «Қайраттың» қарсыласы «Омония» 1965/66 жылғы кезеңнен бері еурокубок ойындарына қатысып келеді. 2003-2004 жылғы кезеңде Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Қазақстанның «Ер­тісін» (0:0, 2:1) жеңген. Бұл жо­­лы тағы бір қазақстандық ұжым кипрлік клубпен жасыл алаң­да жолығып, «Ертісте» кеткен есені қайтаруға бар күшін салып көреді. Бастапқыда «Қайрат» футбол клубы Бақылау кеңесі төрағасы­ның кеңесшісі қызметіне та­ғайындалған Құрбан Бердыев осы кездесуде аталған клубты бас бап­кер ретінде жарыс жолына алып шығады. Білікті маман УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы қар­сыласына қарсы қандай тосынсый дайындағанын бүгінгі ойын көрсетеді. Ал «Омония» коман­дасының бас бапкері Хеннинг Берг ойын алдындағы баспасөз мәслихатында «Қайраттың» шабуыл шебі мықты екенін, сондық­тан сырт алаңда өз командасының қорғаныста аса сақ ойнайтынын айтып қалды. Кипрлік «Омониямен» ойын алдында спорт журналисі Фараби Әбдіхалық «Қайраттың» қазіргі деңгейі, топтан шығуға мүмкіндігі туралы пікірімен бөлісті. – Н тобындағы командалар бір-бірімен деңгейлес. Атағы жер жаратын «Базель» бұрынғыдай қарқынды емес. Әйтпесе кезінде олар қатарынан бірнеше мәрте Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен. Кейінгі жылдары Швейцарияда «Янг Бойз» клубы чемпиондықты ешкімге бермей келеді. Сондықтан олармен тең дәрежеде ойнауға, сырт алаңда да, өз алаңымызда да ұпай алға болады. «Карабах» пен «Омония» командалары да орта деңгейлі ұжым­дар. Егер алматылық клуб­тың футболшылары бас бапкер Құрбан Бердыевтің тапсырмасын орындай алса, сенімді ойын өрнегін көрсетсе, топтан шығуға мүмкіндігіміз бар. Канте мен Вагнер Лав секілді үздік шабуылшылар қазақстандық команданың көшін алға сүйреп, «Қайраттың» плей-офф кезеңінде өнер көр­сетуіне көмектеседі деп ойлаймын, – дейді ол. Айта кетейік, әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар жарысты көктемгі маусымда одан ары жалғастыруға мүм­кіндік алады. Топтың жеңім­пазы 1/8 кезеңге жолдама алса, екінші орындағы команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алған клубпен кездеседі. Күзгі маусымды жаңа қарқын­мен, жаңа бапкермен бастағалы тұрған «Қайрат» футбол клубы алдағы үш ай бойы қазақстандық жанкүйерлерге нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады деген үміт­теміз.

Абылайхан ЖҰМАШ