Кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисиді жақында өткен Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы байланыстарды жоғары бағалады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
– Бұл – біздің алғашқы кездесуіміз. Осы жүздесу біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Иран – біздің Каспий өңіріндегі тату көршіміз және ислам әлеміндегі жақын серіктесіміз. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ибрахим Раиси сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны және ұлықтау рәсіміне арнайы делегация жібергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
– Иран мен Қазақстанның өзара ынтымақтастығы жан-жақты қалыптасқан. Әрине, әлеуеті жоғары байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік бар. Біздің бүгінгі кездесуіміз осы ықпалдастықтың бастауы боларына сенемін, – деді Иран президенті.
Сонымен қатар кездесуде тараптар биыл сауда-экономика бағытында оң үрдістер байқалғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда-саттықты одан әрі арттыруға және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, инвестиция салалары бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшылары өзара сапар алмасуға келісті.