Атырауда оқу орталығына алданған ата-аналар балаларын қосымша даярлық сыныбына беремін деп алаяққа алданған, – деп хабарлайды AstanaTV.
Телеарнаның хабарлауынша, алаяқтыққа іліккен 26 жастағы күдікті әр ауданда сан түрлі атаумен орталық ашып, ақша жинап алған соң жауып тастаған.
Алданған ата-аналар прокуратурадан араша сұраған. Атыраулық Ирина Константинова баласын қосымша даярлық сыныбына беремін деп басы бәлеге қалған.
Атырау қаласының тұрғыны Ирина Константинова: «Алғашында 55 мың деді. Тамақтандыру, үйлеріне жеткізу осының ішіне деген соң біз келістік. Бірнеше күннен соң Аида телефон соғып, «бір отбасы көшіп жатыр, жылдық абонемент босады. 135 теңге төлесеңіз болды. Сіздің 55 мың теңгеңіз бар, барлығын қосқанда 190 мың деді. Кейін бұл орталықты жауып, басқасын ашты. Тағы 50 мың сұрады. Балам тек 1 ай барды. Кейін қатерлі ісікпен ауырамын. Орталықты жаптым, ақшасын қайтарамын. Содан хабарсыз» – деді.
Алғашында «Меледи», кейін «Аврора», «Білім академиясы», «Үміт», «Лямажор», «Айшабибі», «Әлихан». Атауы өзгергенмен, ақша жинау схемасы бірдей оқу орталықтары қаланың түрлі аудандары мен Құлсары қаласында ашылған.
26 жастағы оралдық келіншекке алданған атыраулықтар енді қомақты қаржыларын не қайтара алмай, не баласын бақшаға бере алмай сандалып жүр. Араларында тіпті 1 миллион теңгеге дейін бергендер де бар.
Ал осы оқиғаға байланысты Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин: «Бүгінгі таңда 17 адамның арызы бойынша «Алаяқтық» факітісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергелу сатысында. Бұл қылмыстық істі женке өзім бақылауға алдым. Тергеу нәтижесін қосымша хабарлаймыз», – дейді.