Суретте 20 қыркүйектен бастап еліміздің барлық оқушылары мен студенттері онлайн режимде оқуға көшетіні туралы жаңалық көрсетілген. Бұл жалған ақпарат, - деп хабарлады stopfake.kz.
Шын мәнінде, таратылатын сурет графикалық редакторларда өңделген. Қашықтан оқыту форматына көшу туралы хабарламадағы қаріп жаңалықтар порталында қолданылатын қаріптен ерекшеленеді. Сонымен қатар хабарламада стилистикалық қателер бар. Tengrinews порталында жарияланған түпнұсқа ақпаратта 15 қыркүйекте валюта бағамының өзгеруі туралы ғана айтылады. Материалда оқушылар мен студенттерді оқыту форматының өзгеруі туралы ескертулер жоқ.
Онлайн оқыту форматына көшу туралы ақпаратты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті де жоққа шығарды.
– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Балалар офлайн режимде оқуда және оқуын жалғастырады. Егер сыныпта коронавирус инфекциясын жұқтырған оқушы анықталса, онда тек осы сынып қана екі апталық карантинге жіберіледі. Мектептегі қалған барлық оқушылар оқуын дәстүрлі форматта жалғастырады, – деп түсіндірді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Демек, қашықтан оқытуға көшу туралы хабарлама жалған, ал скриншот қолдан жасалған. Биыл 15 қыркүйекте Tengrinews порталы оқушылар мен студенттер үшін оқыту форматының ауысқаны туралы хабарлама жариялаған жоқ.