Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы әлі басылар емес. «Бұған дейін жаралылардың санынан жаңылып, енді бір байламға келдік пе?» дегенде құзырлы орган өкілдері жарылысты жазған журналистерді тергеуге алып, қалам ұстаған қауымның наразылығын тудырды.
Тілшілерге қандай айып тағылды?
Жалпы, облыстық прокуратура мен Полиция департаменті «Жетінші арнаның» тілшісі Данияр Әлімқұл мен Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің журналисі Исламбек Дастанды апта басында қорғануға құқығы бар куә ретінде тергеуге шақырған. Төрт сағат жүргізілген тергеуден кейін оларға Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арнайы сараптама жүргізу үшін Данияр Әлімқұлдың ұялы телефоны тәркіленген. Алайда әріптестерінің жағдайын журналистер кеш білді. Тек журналист Жасұлан Әбдіхалықтың Facebook парақшасында жазған жазбасынан кейін көпшілік тілшілерге көрсетіліп жатқан қысымнан хабардар болды. «Бүгін бір топ журналист ІІД мен прокуратураға бардық. ІІД Құдайға қараған екен. Барған мәселемізді барынша түсіндіруге тырысты. Прокуратураң пысқырмады. «Аға көмекшімін» деген әдемі қыз шығып, «келесі аптаның сейсенбісінде келіңдер, қабылдаймыз немесе әне тұрған қорапқа шағымдарыңды тастаңдар, болды» деп бұрылып кетті. Байзақтағы жантүршігерлік жарылыстан кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде «БАҚ пайдалану арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырған жалған ақпаратты тарату» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Облыстың екі журналисін ІІД-ге шақырып, біреуінің ұялы телефонын тәркілеп алыпты. 4 сағаттан астам ұстаған. Телефоны тәркіленген «Жетінші арнаның» «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі – Данияр Әлімқұл. «Біреудің ауласында бала-шағаға қауіп төндіріп жатқан пәлен тонна қалдық металды эфирге шығардың, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, жалған ақпарат тараттың, жұртты дүрліктірдің» деп айыптаса, қолындағы телефонын тәркілеп алса, біздің құзырлы органдар біткен екен. Қайта дер кезінде дабыл қағып, елді сақтандырып, құзырлы органдарды құлақтандырып, ақпарат таратқаны үшін ұялы телефон сыйлайтын жөндерің ғой. Ақпарат таратушылармен алысқанша, алапат апаттың себебін анықтап, кінәлілерді жазалайтын уақыттарың болды емес пе?!» – деп жазды Ж.Әбдіхалық. Бұдан кейін түрлі әлеуметтік желілерде журналистерді қолдау жазбалары пайда бола бастады. «Шұғыл! Қол жинаймыз! Жарылғаны рас. Жарған Данияр Әлімқұл емес! Құрметті әріптестер, Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы басылмай жатып әріптесіміз Данияр Әлімқұл белгісіз себеппен тергеуге алынды. Телефоны тәркіленіп, өзінен тіс жармауға қолхат жаздырып алынған. Бізге белгілісі Даниярдың құзырлы органдардан шақырту алғанына себеп – Байзақтағы кәсіпкердің ауласындағы снарядтарды көрсетуі. Сонда егер қауіпті затты көрсең үндемей кету керек пе? Жемқорлықты, ұрлықты, жалпы қылмысты көрсең айналып өтуіміз керек пе? Снарядтың дүмпуінен Даниярдың сюжеті елге, қоғамға қауіп төндірді ме? Бүгінде БАҚ пен жергілікті билік арасы күннен-күнге алшақтап бара жатқаны, сорақысы оған жауаптылардың қыңқ демей отыруы алаңдатады. Сондықтан бүгін сағат 15.00-де Жамбыл облыстық прокуратурасының алдында әріптесімізді қолдауға шақырамыз. Жарылғаны рас. Жарған Данияр емес!», – деген үндеу ерекше екпін алды. Бұл үндеуге үн қосуға, қажет болса қол қоюға Жамбыл облысының ғана емес, өзге өңірлердің де журналистері ниет танытты. Сондай-ақ құзырлы органдардың әрекетін сынап, әріптестерімізге араша түскендердің саны да аз болмады.Прокуратура өкілдері не дейді?
Ал түстен кейін 30-ға жуық журналист облыстық прокуратураның алдына жиналып, өздерінің талап пен сауалын жолдады. Журналистер әріптестеріне тағылып жатқан айыптың негізсіз екенін айтып, халыққа қауіп төндіруі мүмкін жарылғыш зат туралы жазғаны үшін жазаланатын болса, бұл билікке де, ішкі істер органдарына да ұят нәрсе екенін алға тартты. Бастапқыда журналистерді жүре тыңдап, арыз-шағымдарын жазбаша түрде жәшікке тастаңыздар деген прокуратураның өкілі кейіннен тілшілердің кетпейтінін түсінді ме, бұқаралық ақпарат құралдарының алдына облыстық прокуратураның басқарма басшысы Жомарт Науатов шықты. Ол Данияр Әлімқұл мен Исламбек Дастан бұл істе күдікті емес, куәгер ретінде тергеуге шақырылғанын жеткізді. Сондай-ақ әріптестеріміздің үстінен облыс әкімдігінен арыз түскеннен кейін тергеу амалдарын бастағанын сөз арасында айтып қалды. Бұдан басқа, ақпарат тергеу амалдарының құпиялығына байланысты айтылмайтынын алға тартқан басқарма басшысы карантин шараларына байланысты екі журналистің ішке қарай кіріп, мән-жайды толығырақ білуге болатынын айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің атынан Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәулет Төленді мен «КТК» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Руслан Әбдіхалық облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаевпен тілдесіп шықты. Әріптестерімізден білгеніміз, қос журналиске қатысты тергеу ұзаққа созылуы мүмкін екен. Сондай-ақ ұялы телефондағы видеоларға жүргізілген сараптамадан кейін олар куәгерден күдіктіге де айналып кетуі бек мүмкін. Алайда прокуратура өкілдері бұл істе барынша әділ болып, барлық жағдайды жіті тексеруге уәде етіпті.Күдікті жоқ, тек куәгерлер бар
Осылайша, журналистер қауымы әріптестеріне араша түсіп, облыстық прокуратураны сұрақ астына алып жатқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеме жасады. Министр журналист қай кезде де өзінің жұмысын істейтінін айтып, бұл мәселені жіті бақылауына алып, әділ шешілуіне көмек қолын созатынын жеткізді. Үндемеу туралы қолхат бергеннен кейін Данияр Әлімқұл мен Исламбек Дастан да әзірге еш мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда Исламбектің қорғаушысы Әлия Арзымбетова іс бойынша күдікті жоқ, тек куәгерлер барын айтады. Сондай-ақ қылмыстық істің қозғалуына не түрткі болғаны да белгісіз. Десе де, бейресми ақпарат бойынша, Данияр Әлімқұл Байзақ ауданындағы кәсіпкерлік нысанның артында үйіліп жатқан снарядтарды түсіргені, ал Исламбек Дастан жарылыс кезінде жақын маңнан тікелей эфир таратқаны үшін тергеліп жатқан секілді.P.S.
Облыстық прокуратура өкілдерімен тілдескеннен кейін журналистер қауымы «арыз түсірді» делінген облыс әкімдігіне сауал жолдады. Алайда ондағылар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сонда әріптестеріміздің үстінен арыз жазған кім? Бәлкім, бұл ауласынан снарядтар табылған кәсіпкер ме? Ол жағы тергеуден кейін белгілі болмақ. Алайда бір айтпағымыз, Конституцияда: «Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» деп көрсетілген. Ал журналист үшін ақпарат жинау, оны тарату – кәсіби қызмет. Сондықтан құзырлы органдар Ата Заңда айқындалған осы тармақты негізге алып, өзінің кәсіби жұмысын жасаған журналистерді ақтап шығарады деп сенеміз...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы