Еріккеннен ереуілге шықпайды
Еріккеннен ереуілге шықпайды
379
оқылды

Қазақстанда жыл сайын кемі ондаған митинг болып жатады, бірақ ол туралы өз елімізде емес, шетелдерде көбірек жазылатыны жасырын емес. Алайда «ауруын жасырған адамның өлетіні» шүбәсіз екеніне сенсек, «жа­уырды жаба тоқығаннан» гөрі мәселенің мәнісіне үңіліп, азаматтар нара­зылығын тудыратын себептердің алдын алған әлдеқайда дұрыс еді ғой.

Бас прокуратураның дерегі бойынша, Қазақстанда 2014-2019 жылдар аралы­ғында 750 наразылық акциясы өткен. Бұл акцияларға шамамен 25 мың адам қа­тысқан және оның 86%-ына рұқсат бе­рілмеген. Сондай-ақ 2019-2021 жылдар­дағы билік транзиті кезінде де, пандемия уақытында да елде наразылық деңгейі тө­мендеген жоқ. Биыл әртүрлі қалалардағы еңбек ұжымдарының ірілі-ұсақты ере­уілдері тіпті жиілеп кетті. Мәселен, жаз айларының ортасында Алматыдағы Glovo компаниясының курьерлері жалақы көтеруді талап етіп, алаңға шықты. Семей қаласының қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары да жалақы мәселесін көтеріп, ереуілдетті. Мұндай мысалдар көп. Әсіресе, еліміздің батыс өңірлерінде жұмысшылардың, кәсіпкерлердің нара­зылығы әлі басылмай тұр. Шілденің со­ңында Атыраудың базар саудагерлері жер­гілікті биліктен жұмыс уақытын ұзар­туды талап етіп қойды. Енді міне, Жетібай қаласындағы Oil Transport Corporation мен West Oil Software компания­ларының 500-ге тарта жұмысшысы еңбек қатынастарына қатысты наразылық біл­діріп, Маңғыстау облысының жаңа әкімі Нұрлан Ноғаевқа бейнежолдау жолдады. Олар 23 тамыздан бастап ашық аспан астында түнеп, ереуілді әлі жалғастырып келеді.

Ереуілдерге көбіне әлеуметтік жағдай түрткі болады

Егер азаматтардың наразылығын ту­дырған оқиғаларға шолу жасайтын болсақ, оның түп-тамырында саяси да, әлеуметтік-экономикалық себептер жатқанын кө­реміз. Мәселен, бұрынғыдан келе жатқан «Қазақта екі дау бар – жер дауы мен жесір дауы» деген ескі сөз 2016 жылы қайта жаң­ғырды. Осы жылғы Ұлттық экономика ми­нистрі Ерболат Досаевтың ауылшаруа­шылық мақсатындағы 1,7 млн га жер ау­к­ционға шығарылатыны туралы мәлім­демесі халықтың ашу-ызасын туғызды. Әсіресе, бұл өңірлер «аузынан от шашып тұрған алып айдаһар» – Қытайға өтіп кетуі ықтимал екенін естіген жұрт атқа қонды. Бұл Үкі­метті райынан қайтарды. Жер митингі­ле­рінде полиция тек Нұр-Сұлтан мен Алма­ты қалаларында ғана 700-дей адамды ұста­ды. Бірақ жоғары билік халық нара­зылығын ескерді, алдымен Елбасы, кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың Жарлығымен жерді шетел­діктерге сатуға мораторий жа­рияланды. Ал биыл жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де тыйым салатын заң қабылданды. Қазақстандықтарға да жер сатуға уақытша мораторий жасалды. Сондай-ақ сол жылы еліміздегі әлеу­меттік-экономикалық жағдайдың да  нашарлай бастағанын  еске салған жөн. Теңге бағамы долларға шаққанда 85,2 па­йызға құнсызданды. Біздің пайымдауы­мызша, бұл жағдай бұқараның наразылық таны­туына қосымша себеп болғанға ұқ­сайды. Өйткені азаматтардың наразылы­ғын тудыратын фактор ретінде әлеуметтік жағдайдың нашарлауы айтылмағанмен, ол түрлі сылтауды алға тартып, билікке талап қоюға алып келетіні байқалып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы Қазақстанда заңды негізде аза­маттық қоғамды қалыптастыру процестері жандана бастады. Осыған орай бірқатар саяси-құқықтық реформалар қолға алын­ды.

Айталық, 2019 жылдың басында көп­балалы аналар наразылық таныта бастады. Оған астанада 4 ақпан күні жер үйде өрт шығып, содан бейкүнә 5 баланың жанып кетуі түрткі болды. Бұл жайт көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Осыған бай­ланысты көпбалалы аналар Үкіметтен әлеуметтік жағдайды көтеруді сұрап, республиканың бірнеше қалаларында ереуілге шықты. Нұр-Сұлтандағы аналар­дың наразылығын басқа өңірдегі аналар қостап әкетті. Үкімет аналардың жанай­қайын естіді. Аналарға берілетін әлеумет­тік көмекті ұлғайтты, көп­­теген мекеме-ұжымдар өздерінде жұ­мыс істейтін көп­балалы аналардың санын анықтап, оларға берілетін көмекті күшейтті.

Заң өзгеріп, наразы топтың үніне құлақ түрілетін болды

Қазақстанда митингтер мен наразылық акциялары бірінен соң бірі өтіп, полиция шерушілерді шетінен ұстай бастағанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бұдан былай арнайы органдар митингтерге бөгет болмайды» деген еді. Тіпті, екінші Жол­дауында әкімдерге қала ішінен митинг өтетін жерлерді белгілеуді тапсырған да болатын. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы биыл 25 мамырда Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ликасында бейбіт жиындар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға және «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне Қазақстан Республи­касында бейбіт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңдарына қол қойды. Бұл елдегі демократияландыру үрдісін тереңдетуге бағытталған қадамдардың бірі еді. – Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы Қазақстанда заңды негізде аза­маттық қоғамды қалыптастыру процестері жандана бастады. Осыған орай бірқатар саяси-құқықтық реформалар қолға алын­ды. Азаматтардың белсенділігі артып ке­леді, оған заң аясында мүмкіндіктер бе­рілген. Мәселен, митингтерді, шерулерді өткізу бұрынғы тыйым салу принцип­те­рінен құлақтандыру принципіне ауысқан. Сондай-ақ биыл ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы арқылы тағайындау науқаны да азаматтық қоғамды күшейтуге бағытталған шараның бірі, – дейді «Стра­тегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Елеуова. Осы тұрғыдан алғанда егер наразы әлеует бар болған жағдайда олардың заң аясында жиналып, өз пікірлерін Үкіметке ашық айту мүмкіндігіне ие болуы тек құп­тарлық іс. Бұл атқарушы билікке де, ха­лық­қа да пайдалы. Өйткені «еститін үкі­меттің» басты жұмыс істеу қағидасы да осы принциптерге құрылуы тиіс болса керек.

Себеп белгілі, алдын алу қалай болып жатыр?

Жалпы, елдегі қайсы ереуілдердің түп-тамырында бірнеше себеп бар екені бел­гілі. Егер бейресми рейтинг жасайтын бол­сақ, көш басында әлеуметтік-экономи­калық фактор тұрар еді. Одан соң еңбек даулары, экология, заң талаптары­ның сақталмауы, халықтың көңілінен шықпайтын саяси шешімдер деп рет-ретімен қарастыруға болады. Са­рап­шылардың айтуынша, соның ішінде бүгінде наразылықтардың туындауына экономикалық фактордың әсері өте жо­ғары. Демек, билік әлеуметтік жағдайдың нашарлауына жол бермеуге тырысу арқы­лы наразы көңіл-күйді тыныштандыру жолын іздейтіні анық. Мұндай шешімдер 2019 жылдан бері бірнеше рет қабыл­данды. Айталық, Президент Жарлығына сәйкес, 2019 жылы кепілсіз тұтынушылық қарызы бар азаматтардың 300 мың теңгеге дейін негізгі берешегі мен оған есептелген өсімақыны төлеуді мемлекеттің өз мінде­тіне алуы халықтың наразылығын бәсең­деткені рас. Бұл санатқа көпбалалы отба­сылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектер мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ ата-аналарынан айы­­рылған 29 жасқа дейінгі азаматтар кірді. Одан кейін, 2020 жылы коронавирус пан­демиясы басталған кезде жұмысынан айырылғандарға 42,5 мың теңге бір реттік өтемақы берілуі таршылықтан титықтаған азаматтарға әжептәуір сеп болды. Ал кейінгі ауқымды шара зейнетақы жина­ғының бір бөлігін баспана алу мен ем-дом үшін пайдалануға рұқсат беру еді. БЗЖҚ таратқан мәліметке сүйенсек, 2021 жылғы 26 шілдедегі жағдайы бойынша 350 269 қа­зақстандық жалпы сомасы 1,6 трлн теңге бо­латын зейнетақы жинақтарының бір бө­лігін мерзімінен бұрын алып, үй-жай жағ­дайларын жақсартуға мүмкіндік алған. Бұл шаралар ашынған көпшіліктің аптығын басты.

Дәулет АСАУ