Ұлтаралық татулықты сақтау жайы талқыланды
Ұлтаралық татулықты сақтау жайы талқыланды
472
оқылды

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде  «Этносаяси сауат­тылық және этномедиация негіздері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институ­тының ұйымдастыруымен өткен шараға Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстары мен аудандардың прокуратура өкілдері және  ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Этносаяси сауаттылықты арт­тыру, ұлтаралық қатынас­тардың ерекшеліктері мен қақ­тығыстар туындаған жағдайда дұрыс ақ­парат беруді түсіндіруді мақсат еткен басқосудың негізгі бөлі­мінде сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек аталған семинардың мән-маңызына кеңінен тоқталды. – Бүгінгі жиынның бізге берері көп. Себебі ел ішіндегі тату­лық пен келісімді сақтау қашанда маңызды орынға ие. Қазақстан­ның көпұлтты мемлекет екені басты заңымыз – Конституцияда тайға таңба басқандай анық жазылған. Әлемге қонақжайлы­лығымен танылған қазақ елі тағ­дыр тәлкегіне ұшыраған сан ұлт пен ұлыстың өкілін бауырына басып, төрінен орын берді. Со­ның арқасында бүгінде елімізде көптеген этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшілік бесігінде тербелуде. Елбасымыз да, Мемлекет басшысы да жеріміздегі тұрақ­тылықтың шайқалмауын басты назарда ұстап келеді. Ұлы бабамыз Абай Құнанбайұлы да «Адам­заттың бәрін сүй, бауырым деп» деген тағылымды тәмсілін қал­дырған. Сондықтан біз де бір үйдің баласындай күн кешіп, оларды тілі мен дініне қарай алаламауымыз керек. Сонда ғана бірлігі мығым, шаңырағы биік, керегесі кең қуатты елге айнала аламыз. Бүгінгі семинардың идеясы осындай асыл мақсаттарды жүзеге асырудан туындап отыр,– деді Дәулет Жамаубайұлы. Иә, жер жаһанға ынтымақтың ұйытқысы, ымыраның алтын көпірі ретінде танылған қазақ елі өзгелерге сонысымен үлгі. Бірақ мұнымен ғана тоқмейілсімей, ел ішіндегі келісімді одан әрі арттырған абзал. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орын­басары Айбек Жақсыбаев­тың сөзі де осыған саяды. – Бүгінгі семинардың басты мақсаты – бабаларымыздың «бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген мысалымен астасып жатыр. Біздің аталған жиынға құқық қорғау органдары мен ішкі саясат бөлімдерінің өкілдерін шақырғанымыз тегін емес. Өйт­кені ұлтаралық араздықты болдырмау жолында білікті мамандармен ой-пікір алмасып, ұсы­ныс-тілектеріне құлақ түру құп­тарлық шаруа. Қандай да бір қақтығыс бола қалған кезде, ең алдымен осы қос саланың мамандары әрі қарай өршітпеуіне күш салады, – деген Айбек Маратұлы алдағы уақытта мұндай семинарларды еліміздің өзге өңір­лерінде де өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Екі күнге созылған іс-шара­ның негізгі бөлімі аяқталған соң басқосуға қатысушылар өзара екі топқа бөлініп, білікті мамандар­дың дәрістерін тыңдады. Ай­талық, «Конфликтология мен этномедиацияның базалық негіздері», «Көпшілік алдында сөй­леу дағдылары», «Ақпараттық кеңістіктегі этносаралық қаты­настар» және «Этникалық топ­тардың өзара қарым-қатына­сының әлеуметтік-психоло­гия­лық ерекшеліктері» секілді тақы­рыпта құнды мағлұмат беріліп, оралымды ойлар ортаға салынды.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы