Мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Олардың орындалу деңгейі әр жерде әртүрлі. Бір ауылға су, бір ауылға жол керек. Ал кейбір елді мекенге екеуі де керек. Дегенмен болашағы жоқ ауылдарға оның не керегі бар? Әр адамға ыңғайлы жағдай жасалуы керек. Ол дұрыс. Бірақ «болашағы жоқ» деп есептелетін ауылдың инфрақұрылымы үшін қаржы бөлу қисынды ма? Әдетте елімізде ауыл тағдыры мектеппен байланысты болатыны бар. Ал Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы бір ауылда мектеп жабылғанымен, жолға асфальт төселуде...
Айтайын дегеніміз, Ақтоғай ауданы Айыртас ауылдық мектебінде биыл алғашқы қоңырау соғылған жоқ. Өткен оқу жылында Айыртас мектебінде оқыған 24 бала қайда кетті? Сұрақ көп. Жауап жоқ. «Қош, Айыртас ауылында мектепте оқитын бала саны аз делік. Онда болашағы жоқ ауылға осыдан 3-4 жыл бұрын не үшін «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы мемлекет есебінен қыруар қаржы жұмсап, ауызсу тартты. Ақтоғай ауданы әкімінің коммуналдық сала бойынша орынбасары Қ.Қошантаев: «Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қусақ, Айыртас ауылдарына асфальт төсеп үлгермедік. Ол жұмыс биыл жалғасын тауып, аталған ауылдарға 28 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмысы жанданып, жалғасын тапты» деп отыр. Сонда не үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мектебі жоқ ауылдың көшесіне асфальт жол төселіп жатыр. Әлде аудан басшылығы Мемлекет басшысының «Болашағы жоқ ауылдарға мемлекет қаржысын босқа шашпаңдар» деген талабын білмей ме?», – дейді ауыл тұрғыны Мүсіркеп Сейдахмет. Статистикалық мәліметке көз салсақ, еліміз тәуелсіздік алар алдында Ақтоғай ауданында халық саны 31 мыңнан асып жығылыпты. Бүгінгі ол көрсеткіш 17 мыңға кеміген. Бұдан шығатын қорытынды Ақтоғай ауданы 30 жыл аралығында халқының тең жарымына жуығын жоғалтып отыр деген сөз. Демек, алаңдауға негіз бар. Айыртас мектебінің тағдыры Ақтоғай ауданының басына келмесіне кім кепіл?! Өйткені Ақтоғай ауданы бойынша жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттап отырған оқушы саны – 2 934. Ал аудан орталығындағы екі мектепте оқитын бала санын қосып есептегенде 600 оқушыны ғана құрайды. Бұл Ақтоғай секілді үлкен аудан үшін тым аз көрсеткіш екені талас тудырмаса керек. Ал Айыртас ауылы аудан орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Басты проблемасы – ауыл тұрғындары санының аздығы. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге ауыл әкімінің мән беріп, алдын алуға қарекет жасамағаны таңғалдырады. Тіпті, аудан атқамінерлері мұндай тосын жағдайдың орын аларын күні бұрын болжап, күтпеген де болуы керек. Күні бұрын болжаса халық саны аз, Айыртас секілді ауылдарға қандастарымызды шақырып, қоныстандыру арқылы проблеманы шешуге болар еді ғой. Бірер жыл бұрын Ақтоғай ауданына қарасты Қарабұлақ ауылына Ақмола облысынан Қытайдан елге оралған қандастарымыздың он шақты отбасы көшіп келіп, қоныстанған. Олардың бірі – қазір ауылдағы мектепке жұмысқа тұрып, енді бірі – шаруа қожалықтарына жалданып еңбек етіп жүр. Балалары Қарабұлақ мектебінде оқушы санын арттырып, білім алып жатыр. Жақып Баймолла есімді азамат аудан орталығына орнығып, Жидебай ауылының аумағында егін салумен шұғылданып отыр. Бір тілдескенімізде «Алдағы күндері жерасты суын пайдаланып, суармалы егіспен айналыспақпын. Жер берсе Айыртас ауылын адамға, мектебін оқушыға толтырар едім» деген ойын да білдірген. Егер де ауданға осындай өзге елден Отанына оралған қандастарымызды тартып, Айыртас секілді халық саны аз ауылдарға қоныстандырғанда, бұл проблема туындамас па еді? «Еліміздің басты байлығы – адам» дейміз. Дей тұрғанмен, аудан халқының саны жылдан-жылға кеміп бара жатқанын естен шығармайық. Айыртастың кебін өзге ауылдар кимесін десек, бұл мәселені шешудің жолын осы бастан қарастырып, қолға алмасақ, кеш қалып, бармақ шайнап қаларымыз анық», – дейді Мүсіркеп Сейдахмет. Бұл мәселе басылымдарда бірнеше рет көтерілді. Дегенмен «баяғы жартас, сол жартас». Мәселе шешілер түрі жоқ. Ауылдағы жағдайды түсінетін уақыт болды емес пе? Құлшынып отырған адамға неге жағдай жасамасқа? Осылай деп аудан әкімінің құлағына алтын сырға ілуге тура келер, бәлкім?!.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы