2021 жылғы 17 қыркүйекте Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләловтың халыққа есеп беру кездесуі өтті. Іс-шара ZOOM платформасында онлайн форматта өткізіліп, YouTube каналы мен Instagram ресми парақшасында көрсетілді.
Іс-шараға Алматы қалалық мәслихат депутаттары, қоғам өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми институттар мен оқу орындарының директорлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, шетелдік елшіліктердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері, ата-аналар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Ректор Дархан Біләлов баяндамасында 2020/2021 оқу жылының қорытындысын шығарды, университеттің білім беру, ғылыми-инновациялық, қаржы-шаруашылық және әлеуметтік-тәрбиелік қызметіне егжей-тегжейлі талдау жасап, жетістіктерін, университеттің стратегиялық міндеттері мен даму басымдықтарын, сондай-ақ, жаңа оқу жылы мен келешекте күтілетін нәтижелерді атап өтті.«Жақын болашақта біз Алматы қаласы мен жалпы еліміздің білім беру саласындағы инновациялық білім беру тәжірибелерін енгізу және тарату, педагог мәртебесін арттыру, білім беру жүйесін білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету сияқты нақты мәселелерді шешуге бағытталған университеттің моделін қалыптастырдық. Университет педагогикалық кадрларды кәсіби көптілді даярлауды қамтамасыз етіп, үш тілде білім беруге мүмкіндік береді», - деді Д.Біләлов.Ректор сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ қызметінің жаңа бағыттарын атап өтті. Осылайша, Кибер-педагог, Педагогикалық дизайнер, Онлайн-платформа кураторы, Веб-психолог және т.б. сияқты заман талабына сай мамандықтар бойынша білім беру бағдарламалары құрылатын болады. Университеттің ғылыми әлеуетін ғылыми қызметкерлердің/ассистенттердің жобаларына қатысу арқылы нығайту; докторанттардың жұмысына байланысты профессор-оқытушылар құрамның жүктемесін азайту; білім беру ұйымдарының басшыларының EdD дәрежесін алуы көзделеді.
Ректор сонымен қатар Абай университеті әлеуметтік жауапкершілігі жоғары университетке айналатынын атап өтті. Сапалы білім беру мен жастардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау жөніндегі жоғарыда аталған барлық бағыттар мен шаралар мемлекет саясатымен үйлесімді ұштасатын болады. Есеп беру барысында профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің жетістіктері мен марапаттары айтылды. Оқытушылардың біліктілігін арттыру әртүрлі пән бойынша, Қысқы және Жазғы мектептерде үнемі өткізілетін курстарда, университет ұйымдастырған тағылымдамалар мен ағылшын тілі курстарында жүзеге асырылады. Республиканың білім беру ұйымдарының оқу, ғылыми-әдістемелік және шығармашылық әлеуетін үйлестіретін, қолдайтын және дамытатын педагогикалық білім мен педагогикалық ғылымдар саласындағы білім беру және ғылыми-инновациялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар атап өтілді.Жоғары оқу орнының басшысы: «Біз кадрлық әлеуетті нығайту, мықты ғалым-педагогтарды тарту, жас талантты зерттеушілерді қолдау, сондай-ақ жыл сайын 30 ішкі грант бөлу, гранттық ғылыми жұмыстарды іске асыру ұзақтығын 12 айдан 3 жылға дейін ұлғайту арқылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша ғылыми мектептерді дамытуды жоспарлап отырмыз», - деді.