Ақтөбе тұрғындары бос шелекпен наразылыққа шықты
Ақтөбе тұрғындары бос шелекпен наразылыққа шықты
©А.Ахметқазы
288
оқылды

Ақтөбеде қымбат саналатын "Бавария" тұрғын үй кешеніне қатысты шу шықты. Көпқабатты үй биыл шілде айында пайдалануға берілгенімен, коммуникация желілері әлі  іске қосылмаған, - деп хабарлады "Астана" арнасы.

Тұрғындар пәтерлердің сапасы сын көтермейді дейді. Құрылыс компаниясының құрғақ уәдесіне тойған жұрт бұл іске прокуратура мен әкімдіктің араласуын сұрайды.
  150 пәтерлі үй мерзімінде тапсырылмаған,  наурызда таратылуы тиіс пәтер кілттері тек шілде айында берген. Содан бері екі ай өтсе де, әлі күнге дейін коммуникация желілері іске қосылмаған.
"Не Ақбұлақ бойынша су қосылмаған, газ да, жарық та жоқ. Қанша халық несие төлеп отыр. Біз өзіміз алған жеке пәтерімізге кіре алмай отырмыз", - дейді тұрғындардың бірі Ербол Тәжіғұлов.
Ал құрылыс компаниясының айтар уәжі қандай?
"Сыртқы коммуникация бөлек болғандықтан, екі айға кешіктірдік. Ертең үйге су береміз. Газ құбырын да біз қосып қойғанбыз. Құжаттардың бәрі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде, басшысы бүгін қол қойса, келесі аптада газ қосып береміз", - деп уәде етті құрылыс компаниясының өндірістік директоры Махамбет Әбдірахманов.
Облыстық мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы  үй мен коммуникация желілерінің екі бөлек жобалануына қатысты  заңсыздық көріп отырған жоқпын дейді.
"Иә, мұндай үйлерде ішкі коммуникация желілері жүргізіліп, сыртқысы бөлек жоба ретінде жасалуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдайда тапсырыс беруші компания тұрғындарды қоныстандырмауы керек. Үй әлі дайын емес болып есептеледі. Тұрғындардың шағымымен құрылыс компаниясының өкілі келісіп отыр. Сондықтан олар пәтерлердегі кемшіліктер үшін мердігерді сотқа берген. Сапасыз салынған еден компания есебінен қайта жасалады", - дейді Ақтөбе облыстық мемлекеттік Сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Оксана Сопрун.