Қазақстандық спортшылар триатлоннан Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті
Қазақстандық спортшылар триатлоннан Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті
Фото: tengrinews.kz
Бүгін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында триатлон спринттен Азия чемпионаты өтті. 60 спортшы қатысқан бәсекеде Қазақстан командасы сәтті өнер көрсетті деп жазады Olympic.kz. Әйелдер арасындағы сында қазақстандық Екатерина Шабалина күміс жүлдегер атанды. Ол олимпиадалық қашықтық бойынша Азия чемпионатындағы үздік алтылыққа енген. Команданың өзге де мүшелері Надежда Бекмағанбетова 4-ші, Юлия Озерова 8-ші орыннан көрінген. Ерлер арасындағы бәсекеде екі қазақстандық спортшы тұғыр биігіне көтерілді. Команда үздігі Дарын Қонысбаев Азия чемпионы атанса, Аян Бейсенбаев қоланы қанағат тұтты. Жапондық Киотаро Йошикава күміс жүлдегер қатарында. 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында жеңісті қазақстандық спортшылар өзара бөлісті. Никита Дубинский алтын, Станислав Глок күміс, Тимур Бәкіров қола жүлде жеңіп алды. Қыздар арасындағы сында қазақстандық Диана Ержанова топ жарды. Тағы бір қазақстандық спортшы Ангелина Редченко үздік үштікті тұйықтады.