Өзбекстандық Sputnik-тің хабарлауынша, Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы 14 қыркүйек күнгі отырыста Мақсуда Варисованы кандидат ретінде тіркеді. Өзбекстан Халықтық-демократиялық партия атынан президенттік жарысқа қатысқалы жатқан ол — тәжірибелі дәрігер. Көптеген жылдар бойы денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік және қоғамдық басқару жүйелерінде еңбек еткен. Ал қазіргі таңда Мақсуда Варисова — Өзбекстанның заң шығарушы палатасы Олий Мәжлисте азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. "Оның президенттік сайлаудағы басты қарсыласы — Өзбекстанның қазіргі басшысы Шавкат Мирзиёев", — деп жазады жергілікті басылымдар. Gazeta.uz жариялаған бір мақаладаМақсуда Варисова:
"Партияластарым мені қарапайым ана, халық арасынан шыққан, елдің мұң-мұқтажын білетін қарапайым әйел болғандықтан, президенттік сайлауға қатысатын үміткер ретінде ұсынды", — деп мәлімдеген болатын.
Осы күнде Өзбекстандағы бес ресми партия атынан президенттік жарысқа қатысуға ниет білдірген кандидаттарға арнайы куәлік табысталды. Сайлаудың әділетті өтуін дүние жүзіндегі 50 ел мен ондаған халықаралық ұйым өкілдері қадағалайтын болады.