Сенаторлардың бастамасымен 16 заң жобасы әзірленеді
Сенаторлардың бастамасымен 16 заң жобасы әзірленеді
454
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 23 қыркүйек күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес, алдағы Сенат отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралады. Аталған Хаттаманы ратификациялау қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманың ережелерін орындау үшін заңнамалық, әкімшілік немесе басқа да шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл теңіз ортасы мен құрлықтың ластануын болдырмау, азайту және бақылау тұрғысынан маңызды. Мұндай қадам теңіздің биоалуантүрлілігін сақтауға, оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға және адам денсаулығын қорғауға ықпал етеді. Сонымен қатар алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарайды. Одан бөлек, Бюро отырысында Палата Комитеттерінің төрағалары сенаторлардың заң жобаларына бастамашылық жасауына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.
«Өткен сессияда Сенат депутаттары белсенділік танытып, 7 заң жобасына бастамашылық жасады. Жаңа сессияда бұл жұмыстың қарқыны ұлғая түспек. Осы сессияда сенаторлар 16 заң жобасы бойынша бастамашылық жұмысты бастап кетті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы мен оған ілеспе заң жобаларын, Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және ғылым мәселелері жөніндегі заң жобаларын жыл соңына дейін қабылдауымыз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлардың бастамашыл болуымен дайындалатын нормалардың қатарында мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері туралы заң жобасын да атап өткен жөн. Сол арқылы мүгедекті бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың ерекше мәртебесін заңмен бекіту және олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жайылым жерлерді пайдалану мәселелері туралы бастамашылық заң жобасы жайылым тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдайды жақсартуға және ауыл шаруашылығының өзекті проблемаларын шешуге арналады. Сонымен бірге сенаторлар органикалық өнім өндіру және оның айналымы, есірткі құралдары мен жаңа синтетикалық заттардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейту және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлеп жатыр. Отырыс барысында сенаторлар бастамашылық ететін заң жобаларының бәрі халықты толғандырған маңызды мәселелерді шешуге және заңнамадағы кейбір олқылықтарды жетілдіруге арналған еліміз бен қоғамымыз үшін қажетті нормалар екені айтылды. Сондай-ақ, Сенат Бюросының мүшелері ТМД-ның Парламентаралық Ассамблеясындағы Қазақстан Парламентінің өкілетті өкілі лауазымына Игорь Мұсалимовтың кандидатурасын қарап, бекітті. Бұдан басқа, отырыста Мәжілістен келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жұмыс үшін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне берілді.