Қабылдауға келгендер өтінішін айтты
Қабылдауға келгендер өтінішін айтты
311
оқылды

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова азамат­тарды қабылдады.

Қабылдауға онлайн форматта жазылған қорғалжындық Н.Има­нова аудандағы тұрғындардың мазасын алған шыбын-шіркей мәселесін көтерді. Оның айтуын­ша, жергілікті әкімдік тарапынан бұл бағытта еш шара қолданылмай келеді. Шыбын-шіркей жыл­дан-жылға көбейіп барады, –дейді арызданушы. Жергілікті әкімдік оның себе­бін аудандағы табиғи және жасан­ды ағынсыз су қоймаларының көптігімен түсіндірді. Сондай-ақ алдағы уақытта дезинфекциялық іс-шараларға қаражат тарту мәселесі қарастырылып жатқанын алға тартты. Назарбаев зияткерлік мекте­бінде оқитын балаларын жатақ­ханамен қамту мәселесін шешіп беруді өтінген екі ата-ана онлайн форматта байланысқа шықты. 9-сыныпта оқитын Қ.Әлімбаев толық емес отбасынан. Анасы елордада бюджеттік салада қызмет етеді, ал пәтерді жалдап тұрады. Мектептің жатақханасынан қа­ғыл­ған екінші оқушы да елордада­ғы көпбалалы отбасынан. Отба­сын­да бір ғана табыс көзі бар. Әке­сінің жалақысы баспана үшін төлейтін несиеден арылмайды. Сондықтан екі ата-ана да балала­рына Көкшетаудан жатақхана бөлуге қолдау көрсетуді сұрады. Бұл мәселенің күрмеуі қиын болып шықты. Себебі Көкше­таудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жатақханасы 132 ба­лаға шақталған. Сондықтан бірін­ші кезекте білім ордасы Ақмола облысының аудандарынан келген балаларды жатақханамен қамтуға басымдық береді. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан келіп оқып жатқан 81 бала кезекте тұр. Қабылдауға келген көкше­тау­лық ақсақал Т.Нұрғалиев туризм мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түскен немересін грант бойынша оқытуға көмек көрсетуді сұрап келді. Зейнеткер немересі жақсы оқығанын, алайда тегін оқуға бір-екі балы жетпей қалға­нын айтты. Енді ақша төлеп оқытуға отбасының шамасы жетпейді. Себебі күйеубаласы қай­тыс болып, баланы анасы жал­ғыз тәрбиелеп отыр. Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Алтынай Әміренованың айтуынша, биыл бюджет есебінен 185 грант бөлінген, оның 100-і педа­гогикалық, ал 85-і медицина­лық мамандықтарға. Туризм ма­ман­дығына сұраныс болмаған­дықтан, грант бөлінбеген. Ақсақал немересіне тым бол­маса облыс әкімінің атаулы шә­кіртақысын бөлуді сұрады. Бірақ ол да әзірге мүмкін емес, себебі облыс әкімінің атаулы шәкірта­қы­сы оқуда озат студенттерге және ғылыммен айналысып, жоғары нәтижеге қол жеткіз­ген­дерге ғана беріледі. Ал немересінің аттеста­тын­да бірнеше «3» бағасы бар екені анықталып отыр. Алай­да не­мересі бұдан былай жақ­сы көр­сет­кіштерге қол жет­кізсе, ата­сы­ның өтініші орын­далуы әб­ден мүмкін. Сондықтан зейнет­кер­дің өтініші қабылданды және алдағы уақытта Ақмола об­лысы әкімінің атаулы шәкірта­қысын тағайындау бойынша ко­миссия отырысында қаралатын болып шешілді.

Абылайхан ЖҰМАШ