Биыл Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының өкілдері мен депутаттары «Мектепке жол» акциясына айрықша үлес қосты. Солардың бірі «Nur Otan» партиясының өкілі, бюро мүшесі, түркістандық кәсіпкер Базарбай Мұсабеков 100-ден астам оқушыны мектепке қажетті киім-кешекпен қамтыды.
Нақтырақ айтсақ, рухани шаһардағы 32 мектептің 100-ден астам оқушысына мектеп формасымен қатар спорттық және қысқы киімдерді тарту етті. Сабыр Рақымов атындағы орта мектепте өткен қайырымдылық шарасына әрбір мектептің әлеуметтанушы мамандарының ұсынысымен тұрмысы төмен, жалғызілікті, көпбалалы отбасылардың балалары арнайы шақыртылды. – «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпкерлердің мектеп оқушыларын қолдауы жылма-жыл жалғасып келеді. Мемлекет тарапынан оқушыларға барынша қолдау болғанымен, кәсіпкерлер тарапынан да қолдау қажет-ақ. Мен де түркістандық азамат ретінде өз отбасыммен «Мейірім» акциясына қатысуды жөн көрдім. Біз үшін бұл жылдағы дәстүрге айналған. Бала – біздің болашағымыз. Олардың оқуға құштарлығын оятуды азаматтық парызымыз деп есептейміз, – дейді Базарбай Мұсабеков. Сонымен бірге «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Түркістан облысы Ордабасы ауданында да қайырымдылық акциясы өтті. Аудандық мәслихаттың депутаты, аудандағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Ғани Райымбеков те 100 оқушыға мектепке қажетті оқу құрал-жабдықтарын әперді. Ол Қажымұқан ауыл округі бойынша 40 балаға, Төрткүл ауыл округінде 30 балаға және Бадам ауыл округі бойынша 30 оқушыға демеушілік жасады. Түлкібас ауданында аудандық мәслихат депутаттары Перизат Қасқырбекқызы, Қарлығаш Спабекова, Арыс қалалық мәслихатының депутаты Қалдыхан Өтегенов те акцияны жалғастырды. Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Гүлдария Шардарбекова, саурандық депутат Ерлан Арынов пен партия белсендісі Әбдіқанат Кенжеев, Сайрамдағы кәсіпкерлер мен депутаттар «Мектепке жол» акциясына қолдау білдірді. «Мектепке жол» акциясы Түркістан облысының барлық аудан, қаласында өтіп, оған жергілікті әкімдіктер, меценаттар, жетекші партия атынан сайланған депутаттар, кәсіпкерлер, демеуші азаматтар белсенді атсалысты.Абылайхан ЖҰМАШ