Түркістанда халықаралық әуежайға баратын жолдың бойында бой көтерген экобазарда тұрғындар жақын күндері мобильді қосымшаның көмегімен сауда жасайтын болады. Экобазар және өзге де салынып жатқан нысандарды аралау барысында «Әрбір нысан халыққа қызмет етуі тиіс» деген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тиісті орындар мен мердігерлерге құрылыстың сапалы әрі белгіленген уақытымен аяқталуы қажеттігін ескертті.
Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев толықтай пайдалануға дайын тұрған экобазарда болып, жай-күйімен танысты. Мұнда Түркістан облысы мен басқа да облыс, қалалардың диқандары өз өнімдерін таяуда ашылатын заманауи экобазарда саудалай алады. Сондай-ақ заманауи талапқа сай салынған базарда тұрғындар мобильді қосымшаның көмегімен сауда жасайтын болады және жаңа жүйе жақын күндері іске қосылады. Мәселен, тауар сатудың басқа түрлерін айтпағанда, фермерлер базары 14 га жерде орналасқан. Мұнда 900 сауда орны бар. Әкім базар басшылығы мен осы салаға жауапты өкілдерге диқандар үшін қажетті жағдайды жасау жөнінде тапсырма берді. Бұл жабық базар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орталығына айналмақ. Сондай-ақ облыс әкімі шаһарда құрылысы қарқын алған бірқатар нысандарды да аралап, құрылысшылармен жүздесті. Мердігер компания басшыларымен кездесу барысында оларға жұмысты жауапкершілікпен атқаруды жүктеді. Салынып жатқан жаңа нысандардың сапасы басты назарда тұруы тиіс екенін айтқан облыс басшысы құрылысты кестеге сәйкес аяқтауды ескертті. Тұрғын үй секторларындағы инженерлік-коммуникация инфрақұрылымы жүйесімен қамтып, абаттандыру мен көгалдандыруға, халыққа қолайлы жағдай жасауға күш салуды тапсырды. Облыс орталығының тазалығын сақтауға қатысты жауапты сала басшыларға нақты тапсырмалар берді. Халықаралық әуежайға барар жолда жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстарын көрген өңір басшысы қаладағы жаңа арбат пен гүлзарлардағы абаттандыру жұмыстарын пысықтады. Сонымен бірге «Алатау» медиа орталығында болған облыс әкімі халықаралық телеарнаның алдағы жоспарларымен танысты. Шаһардың жаңа нысандарын аралау кезінде облыс әкімі орталық стадион және оқушылар үйінің айналасында жүріп жатқан көгалдандыру жұмыстарын да зерделеп, мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.Тельман БЕЙСЕН