Жақында ғана екі бап бойынша қозғалған 135 том болатын қылмыстық іске нүкте қойылған еді. Айыпталушы «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріповке судья Қанат Дүйсембиев үкім шығарып, 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ал 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық жауапкершіліктің орнына айыппұл төлеп, қамаудан босату туралы шешім шығарды. Алайда күні кеше апелляциялық сот ақтау үкімінің күшін жойды. Апелляциялық соттың үкімі ұзаққа созылған іске соңғы нүкте қоя ма?
Бұдан бұрын газетіміздің өткен санында жарық көрген «Кінәсіз деп танылды. Неге?» атты мақалада айыпталушының осы уақытқа дейін қандай қызмет атқарып, нендей жауапты міндет алғанын егжей-тегжейлі жазған едік. Қоғамда үлкен шу тудырған сот ісінің басты айыпталушысы Берік Шәріпов жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасарлығынан кейін келген. Бірақ бастапқыда жауапкер-шілігі шектеулі серіктестіктің басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Бар болғаны бес ай «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы креслосына отырған. Мемлекеттік сегментке медициналық препараттарды жеткізу «СҚ-Фармация» ЖШС-нің міндетіне кірген. Яғни, ауруханалар мен емханаларға орталықтандырылған жеткізу бойынша жұмыс істейді. Бұл жеткізілімдер цифрландырылған, барлық келісімшарт электронды форматта жасалады. Оның осындай жауапты міндетті қолына алған кезінде елдегі коронавирус өршіп, төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Ауру күннен-күнге тез тарап, аурухана іші вирус жұқтырғандарға лық толып жатты. Ақ халаттылар да әлі келгенше вируспен күресіп баққанымен, медициналық ұйымдардағы дәрігерлерге қорғаныш костюмдері уақытында жетпей қалды. Бұл туралы сотта Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Алмаз Джувашев та куәлік еткенде айтқан болатын. Оның айтуынша, сол уақытта жүзден астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырғаннан кейін жұмыстан босатылған. Жедел жәрдем дәрігерлері жеке қорғану құралдарынсыз қоңырауларға шығып жүрген. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы 50 жеке қорғану затын берген. Ал қалған қорғаныш құралдарын бас дәрігер бюджеттен тыс қаражатқа сатып алуға мәжбүр болғанын айтты. Сол уақытта амалдың жоғынан дәрігерлер өз қалтасынан қосымша 540 костюм сатып алған. Алмаз Джувашевтің айтуына қарағанда, ол кезде тәулігіне 200-ден астам дәрігер жұмыс істейтін ауруханаға 800-ге жуық костюм керек болыпты.Ақ халаттыларды айыптады
Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы «Ауыр зардаптарға әкеліп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» және 287-бабы 2-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақ-тау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша айып тағылды. Егер айыпталушының кінәсі толық дәлелденген жағдайда лауазымын асыра пайдаланғаны үшін жеті жыл, қаруды заңсыз сақтағаны үшін бір жыл жаза арқалауы мүмкін екені айтылған еді. Экс-басшы өз кінәсін ішінара мойындады. Бірақ ақ халаттылардың жаппай коронавирус жұқтыруына тікелей қатысы жоғын жеткізді. Берік Шәріповтің қорғаушысы дәрігерлердің арасында коронавирустың өршуіне қорғаныш киімдерінің тапшылығы емес, ақ халаттылардың карантин талаптарын өрескел бұзуынан болғанын сараптау жұмысы дәлелдеп бергенін айтқан. Сол уақытта дәрігерлер дезинфекциялық заттарды дайындау барысында желдету әдісін қолданбай, арнайы киімді сақтау ережелерін бұзу және медициналық қалдықтармен жұмыс тәртібін сақтамауда олқылыққа жол берген. Ауруханаларда жүргізілген тексеріс те осыны дәлелдеп беріпті. Алайда тексеріс жұмысы, тіпті сегіз ай қамауда отырған «СҚ-Фарма-цияның» экс-басшысының алдын ала сот тыңдалымында сөзін де судья Берік Шәріповтің өтінішін қанағаттандырған жоқ. Есте болса, сот барысында кінәсіз екенін айтқан экс-басшы өзін босатуын сұраған.Күтпеген жайт болды
Осы жылдар ішінде лауазымын асыра пайдалану, жемқорлық бойынша істі болған адамдардың ақталып шыққаны туралы ақпарат некен-саяқ. Өйткені бұған дейін жауапты қызметтер атқарып, атақ пен абыройдан кенде емес біраз адам айыпталушы орындығында отырды. Барлығы өзін кінәсіз екенін айтып, барынша ақталды. Бірақ соңғы шешімді судья шығарады. Өйткені заң ортақ. Содан кейін бе, Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен айыпталған «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысының сот залынан босатылуы күтпеген жайт болды. Сотта прокурор Дастан Купербаев «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы үшін бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Судья Берік Шәріповті қамаудан босатып, айыппұл салуға шешім шығарды. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев оны 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін жаза мерзімін 2 миллион 778 мың теңге сомасында 1000 АЕК айыппұл төлеуге ауыстырып, үкім кесті. Екінші бапта көзделген қылмыстық жауапкершілік алынып тасталды. Себебі судья айыпталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ екенін алға тартып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы күшін жойдыруға шешім шығарды.Ақтау үкімі күшін жойды
Алайда апелляциялық сот ақтау үкімінің күшін жойды. Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық істер бойынша апелляциялық алқа отырысында инстанция сотының үкімі жойылып, жаңа айыптау үкімі шығарылғанын жария етті. Бұл тұрғыда «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы қорғаныс костюмдерін жеткізуші басқа компаниялардың коммерциялық ұсыныстарынан негізсіз бас тартты деген айып қайта күшіне енді. Сот алқасы прокурордың дәлелдері мен қорғаушы тараптарды зерттеп, бірінші сатыдағы сот дұрыс болмады деген пікірге келіп отыр. Осылайша, жаңа айыптау үкімі шығарылып, адвокаттың шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Апелляциялық соттың шешімі бойынша, Берік Шәріповке қатысты күзетпен ұстау шарасы тағайындалды. Нұл-Сұлтан қаласы Мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз бөлімінің берген мәліметінше, сот алқасы бәрін зерттеп, бірінші сатыдағы сот істің мән-жайына дұрыс баға бермеді деген қорытындыға келген. «Соттың сотталушының кінәсіздігі туралы тұжырымы Берік Шәріповтің іс материалдарына негізделмеген және заң талаптарына сәйкес келмеген. Алқа «СҚ-Фармация» ЖШС басшысы Берік Шәріпов тендерлік комиссияның төрағасы бола тұра Түркия мен Үндістан өндірісінің толық жиынтығындағы жеке қорғану құралдарын жеткізуді ұсынған «Медикал» ЖШС және «Ника-фарм» ЖШС екі потенциалды өнім берушінің өтінімін қабылдамағанын дәлелдеді. Алайда «Инкар» ЖШС-нен тек комбинезондар кіретін бірреттік жеке қорғану құралдарын жеткізу туралы коммерциялық ұсыныс алған Шәріп тендерлік комиссия құрмай, осы ЖШС-мен Қытайдан 8,3 млрд теңге сомаға 2 млн костюм жеткізуге шарт жасасу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте «Инкар» ЖШС-да да жеке қорғану құралдарын бірреттік әкелуге рұқсаты болған жоқ. Сатып алынатын жеке қорғану құралдарының техникалық сипаттамасы «Инкар» ЖШС-нің коммерциялық ұсынысында заңсыз өзгертілді. Жиынтықтан қолғаптар, бетперделер, көзілдіріктер алынып тасталды, ал Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне потенциалды жеткізушілердің жоқтығы туралы жалған ақпарат ұсынылды», – делінген соттың берген түсіндірмесінде.Екінші сатының шешімі заңды ма?
Заңгер Есберген Алауханов апелляциялық соттың шығарған үкімі заңды екенін айтты. Қылмыстық іске құқықтық баға бермесе де, қоғамдық пікірін білдірген ол: «Апелляциялық сот істің мән-жайын толық қараған шығар. Айыпталушының басшы ретіндегі әрекетінен қылмыстың құрамын анықтаған болуы мүмкін. Үш жарым жыл бас бостандығынан айыру үкімін шығарып отыр. Әлбетте, қылмыс құрамы болса, тиісті жаза тағайындайды. Бір айтарым, бұл іске сырттай тон пішу ерте. Бірінші саты ақтау үкімін шығарып, екінші саты заң бойынша кемшілігін тауып жөндеуге құқылы. Бұл заңды. Бірақ бұл іс біткен жоқ. Өйткені конституциялық құқығы бар қорғалушының ары қарай шағымдануға құқысы бар. Егер айыпталушы Жоғарғы Сотқа шағымданса, екінші сатының шешіміне олар да өзінің құқықтық бағасын беруге құқылы. Соңғы нүктені Жоғарғы Сот қана қояды», – дейді.Жадыра МҮСІЛІМ